Білім ұясындағы өрендер үшін тағы бір жылдың қоңырауы соғылды. Кеше дәстүрге сай барлық мектепте салтанатты іс-шара өтті.
Облыстағы 320 мектепте білім алатын 189 288 оқушы тағы бір оқу жылын аяқтады. Ал 10 мыңнан астам жас түлек он бір жыл бойы білім алған мектебімен қоштасып, жаңа өмірге жолдама алып отыр. Дерекке қарағанда биыл 987 оқушы «Алтын белгіге», 1141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Ұлттық бірыңғай тестілеудің шешуші кезеңі 10 мамыр мен 10 шілде аралығында Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарындағы тестілеу орталықтарында өтеді. Оған 11-сыныпты бітіруші 10317 түлектің 9250-і қатысады.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицей түлектерінің салтанатты шарасына қатысты. Алтын ұядан ұшқалы тұрған мектеп бітірушілерге ақжол тілеп, ұстаздар қауымын мерекемен құттықтады.
– Шын мәнінде, ел мен елді, халық пен халықты теңестіретін – білім. Тек білім ғана кез келген адам үшін өмір жолын дұрыс таңдауға, өзіне деген сенімділік пен табысқа жетуге зор мүмкіндік береді.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мектеп – білім мен тәлім-тәрбиенің киелі ордасы. Өскелең ұрпақты білімпаздыққа баулу қаншалықты маңызды болса, оларға дұрыс жол көрсету, бағдар беру де соншалықты маңызды. Біз жастардың адал әрі еңбекқор болып өсуіне ерекше мән беруіміз қажет» деген болатын.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Оның ішінде білім беру саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, 45 жаңа заманауи білім беру нысаны ел игілігіне берілді, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 10 жаңа мектеп салынғанын, соның бірі осы Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейдің жаңа ғимараты екенін атап өтті. Бұл мектеп ашылған соң, «Арай» шағын ауданындағы мемлекеттік мектеп мәселесі толық шешімін тапқан.
– Еліміздегі әрбір игілікті іс сіздердің кемел келешектеріңізге арналуда. Сіздер білімге деген ұмтылыс, адал еңбек пен табанды іс-әрекет арқылы елге қызмет ететін азамат болып қалыптасады деп сенемін. Қанаттарыңыз талмасын! Бейбіт еліміздің көгінде самғап, ата-аналарыңыздың үмітін ақтаңыздар! Әрдайым жолдарыңыз ашық болып, арман-мақсаттарыңызға жете беріңіздер! – деді аймақ басшысы салтанатты сәтте.
Осы оқу жылында 100-ге жуық сырбойылық оқушы республикалық, халықаралық білім бәйгелерінде топ жарып, жүлделі орын иеленген. Бұл әрине ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі.
Әдеттегідей, оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жоспарланған. Биыл 170 мыңнан астам оқушы жазғы тынығу лагерьлерінде, 150 мыңға жуық бала мектеп жанындағы лагерьлерде демалады. Жақында Президент саябағы аумағынан Мемлекет басшысының қолдауымен жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін оқу-сауықтыру орталығы ашылды.
Салтанатты шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, ата-аналар атынан Мұхит Төребаев түлектерге ақ жол тілеп, ұстаздарға ризашылық білдірді.
«СБ» ақпарат






