Парижде Қазақстанның Франциядағы елшілігінің ұйымдастыруымен Еуропа қазақтарының басқосуы өтті.
Жиынға Қазақстанның Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, Түркия Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Рашида Юксель, Қазақ-француз-түрік қауымдастығының төрағасы Режеп Гюнай, «Отандастар» қорының вице-президенті Әлібек Жұрқадам, сондай-ақ қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.
Басқосу аясында Сыр елінің өнер шеберлері көрермен қауымға арнайы концерттік бағдарламасын ұсынып, қазақ халқының бай мәдениеті мен ұлттық өнерін паш етті. Күй мен жыр, дәстүрлі ән мен патриоттық шығармалар шетелдегі ағайынға туған елдің ыстық ықыласын жеткізді.
Ұлттық нақышқа толы кеште көрермендер қазақ өнерінің терең тамыры мен рухани құндылығына куә болып, ерекше әсер алды. Сыр сүлейлерінің мұрасын дәріптеген өнерпаздар Еуропа төрінде қазақ мәдениетінің мәртебесін асқақтатты.
Сонымен қатар, ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, қазақтың дәстүрлі өнері мен ата-бабадан жеткен асыл мұрасы таныстырылды. Көрмеде ұлттық нақыштағы бұйымдар, қолдан жасалған кәдесыйлар мен зергерлік өнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
***
Қазақстанның Франциядағы елшілігі және Қызылорда облысы әкімдігінің, «Sumbe» компаниясының қолдауымен Париждегі атақты дипломатиялық залдардың бірі – Cercle de l’Union Interalliée ғимаратында Қызылорда облыстық филармониясының концерті өтті. Мәдени шара Еуропадағы отандастар мен қандастардың басқосуы аясында мәдени байланысты нығайту және ұлттық өнер арқылы ұлт бірлігін дәріптеуді негіз етті.
Сыр өңірінен арнайы барған шығармашылық ұжым көременге халқымыздың төл өнерін, дәстүрлі музыкасын, күй мен бидің озық үлгілерін ұсынды. Кеш шымылдығы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашылып, Қорқыт мұрасы, халық әндері мен Абай шығармалары орындалып, көрерменнің зор қошеметіне бөленді.
Концертті Франциядағы шетелдік елшіліктердің басшылары мен қызметкерлері, көрнекті тұлғалары, Еуропаның бірқатар елдерінде тұрып жатқан қандастарымыз, сондай-ақ Париж қаласының тұрғындары тамашалады.
Концертте халық аспаптар ансамблі, (көркемдік жетекшісі Нұрғиса Нұрбай), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Әмзе (домбыра), күйші Болат Күзембаев (домбыра), дәстүрлі орындаушылар, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Бисенбек Төлеубаев, Жәнібек Жақсан, филармония солистері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Гаухар Бисекенова, Индира Баимбетова, Жалын Жүсіпов, Олжас Нұралиев, Назым Тілеулесова, Әлішер Шөжен, Арайлым Маханбетжанова және «Ai-Aru» заманауи би ансамблі өнер көрсетті. Режиссері Мәдениет саласының үздігі Әзиза Іздіқұлова.
Ғасырлар сырын сақтаған, Эйфель мұнарасы асқақтаған, Сена жағасында сан тағдыр мен сан өнер тоғысқан ғажайып шаһардың тұрғындары мен қонақтары ұлттық қолөнер туындыларын тамашалап, ұлттық музыкамыз бен әлемдік классиканың танымал шығармаларын тыңдауға мүмкіндік алды. Сыр бойының төлтума өнерін, қазақ ұлттық фольклорын жоғары деңгейде насихаттаған өнер иелері көрерменнің зор ықыласы мен құрмет-қошеметіне бөленді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі





