Медицина қызметкерлерімен онлайн кездесу өткізді

528

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова медицина қызметкерлерімен онлайн кездесу өткізді деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Аймағымызда 17 647 медицина маманы жұмыс жасайды. Биылғы жыл бәріміз үшін, оның ішінде медицина саласына сын болуда. Коронавирус инфекциясымен ауырғандардың 93 пайызы сіздердің арқаларыңызда аман-есен отбасымен қауышты. Осы ретте сіздерге індетпен күрестегі еселі еңбектеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Мем­лекет басшысының Жарлығы бойынша Мемлекеттік наградамен 23 әріптестеріміз марапатталды. Өкі­нішке орай, олардың 8-нің марапатын отбасына беруге мәжбүр болдық. Олардың еңбегі ешқашан ұмытылмайды», – деді облыс әкімі.

«COVID-19» инфекциясына қарсы күрес шараларына тартылған, жұқтырған және қайтыс болған медицина қызметкерлерін қаржылық қолдау мақсатында үстемеақы мен жәрдемақы төленуде. Наурыз, сәуір, мамыр, маусым айларына барлығы 1 млрд 117,6 млн теңге, ал, шілде айына барлығы 3394 қызметкерге 943,4 млн теңге үстемеақы берілді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша күз мезгілінде пандемияның келесі кезеңі күтіледі деп жоспарлануда.

Президент тапсырмасына сәй­кес пандемияның күзгі легіне жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аурухана, емхана және дәріханаларда бір ай және екі айлық дәрі-дәрмек қорлары жасақталуда. Жеке қорғаныш құралдары мен медициналық құрылғылармен жаб­дықтау жалғасуда.

Бүгінгі таңда модульді 200 орын­дық инфекциялық-стационар мен 5 нысанның құрылысы жүргізілуде.

Кездесуде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мирамкүл Әлмаханова, облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Әділбай Медетбаев, Арал ауданаралық ауру­ха­насының бас дәрігері Марат Ршымбетов және Жалағаш ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Баян Бурамбаева атқарылған жұмыстар туралы баяндап, медицина саласы қызметкерлеріне көрсетіліп жатқан қолдауға алғыстарын білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<