Әлемді құтқарған мейірім

515

0

Шартарапты шарлаған коронавирус індетімен күресте ақ халаттылар мыңдаған адамның өмірін құтқарып қалды. Олардың арасында халық денсаулығын сақтау жолында жүріп, ауру жұқтырып дүниеден өткендер бар. Кеше олардың еңбегін ұмытпау, ұрпаққа насихаттау мақсатында Қызылорда медициналық жоғары колледжінің жанынан ескерткіш ашылды.


Медицина қызметкері күні мерекесі қарсаңында өткен белгінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова қатысты. Шарада ол медицина қызметкерлерінің ел денсаулығын сақтау жолында атқарған қызметі өте ауқымды екенін, медициналық құрал-жабдықтар қанша жетілгенімен, білікті мамансыз ештеңеге жарамайтынын, кәсіби деңгейі жоғары дәрігерлердің арқасында аурушаңдық біршама төмендеп тұрғанын атап өтті.


Сондай-ақ, жиынға сала ардагерлері Тұрғанбай Маханов, Рая Көзденова қатысып, бұрын да халқымыз сан түрлі сыннан өткенін айтты.


– Бір жақсысы, қазір індетке қарсы ем табылды. Бірақ арақашықтықты сақтау, маска тағу сынды қауіпсіздік ережелерін орындауға міндеттіміз. Сонда ғана аурудың алдын алуға болады. Қазақта «Өткендерді еске алған, өскендіктің белгісі» деген сөз бар. Халық денсаулығы жолында күрескен әріптестерімізге ар­нал­ған ескерткіш үшін медицина қыз­меткерлері атынан алғыс білдіремін, – деді Тұрғанбай Маханов.


Айта кету керек, Сыр өңірінде коронавируспен күрес­ке жұмылған 19 медицина қызметкері қайтыс болды.
Індетпен күрестің алғы ше­бінде жүріп өмірден өт­кен дәрі­герлерге арнап өз қара­жа­тына ескерткіш орнатқан кә­сіпкер, «Q-Med» медициналық орталықтарының директоры – Раушан Базарбай.


– Мүсін пандемия кезін­дегі әрбір медицина қыз­мет­­керінің жанкештілігін, кә­сібіне адалдығын көрсетеді. Ес­­­керт­кіштің медициналық білім ордасының ауласында орна­­­ласуында да үлкен мән бар. Өйткені бұл мамандықты таң­даған әр студент ел алдындағы антына берік болуы керегін осы арқылы бойына сіңіреді деген ойдамын, – деді Раушан Базарбай.


Ескерткіштің авторы – суретші Әлібек Қойлақаев. Науқастарды емдеуде қажыған, өзі де дертке шалдыққан, бірақ сонда да әлемді құтқаруға соңғы демі қалғанша күрескен медицина қызметкерін бейнелеген.


Шараға марқұм болған медицина қызметкерлерінің туыс­тары да қатысып, ескерткішке гүл шоғын қойды.


Айдана Жұмадинова,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<