Бастамаларды қолдаған бағдарлама

399

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямадамен кездесіп, екі ел арасындағы, оның ішінде Сыр елінің дамуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, тиісті басқарма басшылары және Жапония елінен келген делегаттар атташе Томоя Ёкоэ мен «Шөп тамыры» халықаралық бағдарламасының үйлестірушісі Акира Мацумото қатысты.

Облыс әкімі аймақтағы білім беру және экология саласындағы бастамалар мен жобаларды іске асыру үшін атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, Джун Ямадаға Алғыс хат табыстады.

– Қазақстан мен Жапония – ұзақ жылдар бойы ашық және сенімді өзара қарым-қатынас орната білген стратегиялық әріптестер. Жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер, сауда-экономикалық қатынастар мен бірлескен мәдени ынтымақтастық – елдеріміз арасындағы тиімді өзара қарым-қатынастың жарқын мысалы. Қазақстан Жапонияның Орталық Азиядағы негізгі әріптестерінің бірі және екіжақты қатынастар жылдар өткен сайын тек кеңеюде. Достық қарым-қатынастың бір мысалы ретінде Жапония үкіметі біздің еліміздің аумағында жүзеге асырып жатқан «Шөп тамыры» бағдарламасын атап өтуге болады. Әлеуметтік саланы дамыту өңірлік саясаттың аса маңызды басымдығы екені баршаға мәлім. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздерге Қызылорда облысында білім беру және экология саласындағы бастамалар мен жобаларды іске асыруға көмек көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.

«Шөп тамыры» – Жапония Үкіметі «Дамуға ресми көмек» шеңберінде іске асыратын бағдарламалардың бірі. Бұл бағдарлама үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ жергілікті органдар бастамашылық еткен жобаларға жәрдем көрсетеді. Бүгінде денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және т. б. салалардағы жобалар іске асырылуда. Гранттық көмек жабдық сатып алуға, сондай-ақ мекемелерді жабдықтауға бағытталған.

Кездесуде Джун Ямада көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді. Айта кету керек, Жапония делегациясы Сыр еліне жұмыс сапары барысында облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<