Еңбектен бақыт тапқан

391

0

«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген ұлағатты сөз бар. Бәріміз де ауылда туып-өстік. Бозбала шағымызда біздің яғни, Қазалы ауданындағы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхозбен көршілес орналасқан Карл Маркс кеңшары, қазіргі Бекарыс­тан би атындағы ауылдың көркіне тамсана қараушы едік.  Екі ортаны әлденеше шақырым жол, толқыны жағаны ұрған Сырдария ғана бөліп жатқан сол бір  іргелі елді мекен бізге алып шаһардай көрінетін. Негізінен күріш егумен айналысатын қоңсыларымызда үй сайын дерлік мотоцикл барын (кеңес өкіметі тұсындағы таптырмайтын көлік)  білгенде ішіміз қызғаныштан қыж-қыж қайнаушы еді.  Ауыл орталығындағы бір-жар дүкен, бір-екі  автолавканың саудасына үйренген біз  Карл Маркстегі қаз-қатар тізілген сауда үйлеріне қайран қалатынбыз.

«Карл Маркс совхозының ауқым­­дылығы, тұрғындар саны көп­тігі соншалықты  бірін-бірі танымайды, құдайы-тойға көше-көшені  бөліп шақырады екен» дегенге бір үйде шақырыспа болса, ауылымыз түгел жиналатын  біз  әрі-сәрі күй кешетінбіз.

 Ал Карл Маркстің мәдениет ошағындағы би кеші… ол енді бөлек әңгіме. Мотоциклге мінгесіп барып, таныс-құрдастарды сағалап, би кешіне қатысып көріңіз. Қызылды-жасылды киінген арулары құдды хор қызындай елестейді. Ауылыңызға оралған соң  өзіңізді  біршама уа­қытқа дейін көкте қалықтап  жүр­гендей сезінесіз. Қысқасы, кейіп­керіміз «Аманбай ахун» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бір­неше мерекелік медаль иегері  ­Базарбай Нағыманұлы – сол бұрынғы Карл Маркс, қазіргі ­Бекарыстан би ауылының төл перзенті.

Мен Базекеңмен тонның ішкі бауындай жақын араласамын деп айта алмаймын. Десе де, өмір жолы екеумізді бірнеше мәрте жүздестірді. Туған ауылым, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоздың құрылыс саласына қойма мең­герушісі болып жұмысқа тұрған пәтім. Басшыларым  бірде Қазалы аудандық тұрмыс қажетiн өтеу комбинатынан кеңшарға қажетті зат әкелуге тапсырма берді. Ауылда өскен, небары 20 жастағы  бозбала кімді танып қарқ қылады дейсіз? Жүк машинасына мініп алып, аталған  мекемеге жетіп бардым. Баруын, бардым. Бірақ… Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыздың өзге ұлт өкілі екенін көріп, маңдайымнан тер бұрқ ете түсті. Абыройым бар екен. Аузымды ашып үлгермедім. «Директор» деген жазуы бар, дерматинмен қапталған есік ашылды да  кабинет иесі шықты. Қос қолымды ұсынып сәлемдесіп, қайдан, неге келгенімді асыға жеткіздім. Сөзімді ілтипатпен тыңдаған мекеме бастығы Базарбай Нағыманұлы (аты-жөнін есіктегі тақтайшадан оқып алғанмын)  бөлмесіне мені ертіп қайта кірді. Тиісті адамдарға тапсырма беріп, келген шаруамды тап-тұйнақтай қылып, бітіріп берді. Мұндай қуанбаспын.

Базарбай ағамен ширек ғасырдан соң  қайта  жолықтым. Бұл сапар  облыстық газеттің тілшісі ретінде Бекарыстан би ауылында жаңадан салынып, жамағат игілігіне берілген әулие бабамыз «Аманбай ахун» атындағы мешіттің ашылу рәсіміне қатысу болатын. Алланың жердегі үйі өте керемет салынған екен. Айшығы күн нұрымен шағылысқан еңселі мешіт төңірекке иман нұрын төккендей.

Ауыл азаматтары «Аманбай ахун» қоғамдық қорының президенті, ауылымыздағы көне мешіттің орнына халық тілегіне сәйкес, өз қаржысы және халықтың демеушілігімен  100 адамға арналып, жаңадан салынған «Аманбай ахун» мешітінің бас демеушісі Базарбай Нағыманұлы ағамыз» деп таныстырғанда елең ете түстім. Санама көп жыл бұрынғы өмір жолын жаңа аттаған жас маманға, маған жасаған Базекеңнің ағалық жанашырлығы оралды. Алайда ағамыз мені танымады. Мешіттің ашылу салтанатына жер-жерден адам көп жиналды. Ұйымдастыру жұмыстарымен жүгіріп жүрген Базекеңмен ашылып, тілдесудің  маған да орайы түспеді. Жоғарыдағы оқиғаны ағамыз осы мақаладан оқығаннан кейін бәлкім, есіне түсірер.

Қоғамдағы оқиғаларға сергек қарау,  ата қонысын құрметтеп, имандылық шараларына белсене атсалысу Базарбай Нағыманұлының басты қасиетінің бірі. Мұны ағамыздың өмірдерегінен па­йым­дау қиынға соқпайды. Еңбек жолын ата қонысы қазіргі Бекарыстан би ауылында қарапайым жұмысшы-тракторшыдан бастап Қазалы аудандық тұтынушылар одағында есепшi, аға есеп­шi, Карл Маркс жұмысшылар коопера­циясы­ның басқарма төр­ағасы, «Коопторг» сауда мекемесiнiң, Қазалы аудандық тұрмыс қажетiн өтеу комби­натының директоры, Қармақ­шы аудандык тұтынушылар одағы баскармасының төрағасы, Жалағаш аудандық шикiзат дайындау мекеме­сiнiң, Төретам өндiрiстiк сауда бiрлестiгiнiң директоры қызметтерiн абыройлы  атқарды.

Мұнан соң Қазақстан Республикасы Транспорт сақтандыру қоғамы Байқоңыр филиалының, Қазақстан Жүргiзушiлер одағы Байқоңыр аймақтық филиалының,  Байқоңыр қалалық «Nur Otan» ­партиясы филиа­лының атқарушы директоры, Төретам стансасы вокзалының бастығы қызметін атқарған Базекең  жауапты қызметтерде жүріп марапаттан да кенде болмады. 

Ағамыздың есімі көпшілікке іскер азамат, мықты кәсіпкер ретінде де мәлім. Ұл-қыздары, немере-шөберелерінің қызығына кенеліп отырған іргелі әулеттің тізгінұстары Базарбай Нағыманұлы  бақытын еңбектен тапқан жан.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Байқоңыр қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<