Ғасырлық ғұмыр һәм елдің жайы

475

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Сырдария ауданына барды. Алдымен ғасыр жасаған қария, соғыс ардагері Яхия Тасыровтың шаңырағында болып, мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ Тереңөзек кентінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жаңа пәтердің кілтін табыстады.

Сапар барысында аймақ басшысы ардагер Яхия Тасыровтың үйіне барып, қарияның жағдайын білді. Облыс әкімі Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал и К» толық серіктестігінің басшысы Абзал Ералиевпен бірге абыз ақсақалды 100 жас мерейтойымен құттықтап, Сыр халқы атынан автокөлік кілтін табыстады.

Ғасыр куәгері береке-бірлік бар жерде ғана істің алға басатынын, жастардың бейбіт күнде туған еліне адалдықпен, жанашырлықпен қарауы қажет екенін айтып, ақ батасын арнады.

– Заман жақсы, балаларым, біз тек соны бағалай білуіміз керек. Біз көрген аштық, қанды соғыс, бейнетке толы күндер сол күйі артта қалсын. Дұшпаныма да тілемеймін. Бейбіт заманда бақытты балалардың күлкісін көрдім. Оған да шүкір. Қазақстанның Тәуелсіздігі мәңгілік болып, пиғылы жамандардың кесірінен ел іргесі бұзылмасын. Ат үстінде ел, халық деп жүрген азаматтардың абыройы арта берсін! – деп батасын берді ардагер.

Яхия Тасыров 1922 жылы Тереңөзек ауданында дүниеге келді. Соғыс жылдары артиллерия әскери күштері құрамында Сталинград, Курск қалалары мен Беларусь, Польша, Германия елдеріндегі ұрысқа қатысқан. Ерлігі үшін көптеген орден және медальді кеудесіне тақты. Сондай-ақ майданнан аман оралып, мерейлі 100 жасқа жеткен ақсақал Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанған.

Мұнан соң облыс әкімі аудан орталығы Тереңөзек кентінде  екі пәтерлік 10 тұрғын үйді пайдалануға беру рәсіміне қатысып, қоныстой иелерін құттықтады.

– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Тұрғын үй азаматтарымыз үшін – қашанда басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталады. Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленеді» деген болатын. Міне, мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға осындай әсем үйлер салынып, сіздерге табысталуда. Өздеріңізге белгілі, біздің облыс қарқынды құрылыс алаңына айналуда. Өткен жылдың өзінде 654,5 мың шаршы метр тұрғын үй табысталса, биыл 682,7 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын, іші шаттыққа толсын! Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға аманшылық тілеймін!  – деді аймақ басшысы.

Берілген үйлер Сырдария ауданы халқының әлеуметтік жағынан әлсіз және аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту жобасы аясында сатып алынған. Бір пәтердің жалпы ауданы 72 шаршы метр, ал жер учаскесінің көлемі 10 сотық.

– Қуанышымызға ортақтаса келген облыс, аудан әкімдеріне, ел ағаларына алғысымыз шексіз. Жыл басында осындай қуанышқа кенеліп, жаңа шаңырақ иесі атанып жатқан барлық көршілерімді, жерлестерімді құттықтаймын. Президентіміздің бастамасымен іске асып жатқан әрбір жақсылық жалғаса берсін! – деп тілегін білдірді жаңа пәтерге қол жеткізген Алтыншаш Әбдіразақова.

Еске салсақ, былтыр аудан бойынша 69 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылған.

Гүлшара Әбдіқалықова жеке кәсіпкер Мәдина Омарованың «Серікбол» сауда үйінің жұмысымен де танысты. Тойхана ретінде ашылған бизнес нысанының қызметі пандемия кезеңінің талаптарына сай былтыр сауда үйі болып өзгертілген еді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының субсидиялау тетігі бойынша «Айналым қаражатын толықтыру» жобасына 40 млн теңге несие алған кәсіпкер індетке қарамастан, кәсібін тоқтатпай, жерлестерін жұмыспен қамтып отыр.

– 1998 жылдан бері сауда саласындамын. Шағын дүңгіршіктен бастаған ісіміз біртіндеп ұлғайып келеді. Мемлекеттік бағдарлама арқасында кәсібіміз де, дүкеніміз де үлкейді. Аудан орталығынан сауда орталығын ашып, төмен бағада, әсіресе, әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің 19 түрінің бағасын көтермеуді өзімізге басты талап етіп қойдық. Одан бөлек, басқа тауарлардың бағасы да қымбат емес, бар болғаны бастапқы бағасына бес процент қана қосылып отыр. 14 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз, – дейді сауда үйінің басшысы Мәдина Омарова.

Сауда үйін аралаған облыс әкімі өзгеріске жол ашқан кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, аудан халқы үшін сауда үйінің маңызды екенін айтып өтті. Ал біз жергілікті тұрғындармен тілдескенімізде мұндағы тауарлардың бағасы төмен екенін айтады.

– Мұнда бағалар басқа жерден төмен. Тұрғындардың көңіліне қонымды. Өзіміз үнемі осы сауда үйінің заттарын аламыз. Күнделікті тұтынатын азық-түліктен бөлек, тұрмысқа қажетті заттардың барлығы арзан. Солай болған соң аудан халқы осында жиі келеді, – дейді Тереңөзек кентінің тұрғыны Гүлмира Махамбетжанова.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<