«Кәсіп бастаймын дегенге мүмкіндік көп»

720

0

Аралдық жас кәсіпкер Кәрім Темірханов осылай дейді. Ол мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, шаруасын дөңгелентіп отыр.

Кәрім студент кезінде қала орталығында орналасқан нау­байханада жұмыс істеді. Біраз тәжірибе жинап, нан жабудың қыр-сырын үйренді.  Басылым беттерінен «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша кәсіп ашып жатқан жас­тарды көріп, кәсіпкерлікке бет бұрды.  Өткен жылы жоба бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алды. Жобасын қорғап шықты. Биыл қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Есі­гінің алдынан цех ашты. Керекті құрал-жабдықтарын жергілікті кәсіпкерлерден тапты. 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Нанды аудан көлеміндегі азық-түлік дүкендеріне өткізеді. Оның бастаған ісі берекелі болды. Жақында тағы да мемлекеттен 6 процентпен 5 млн теңге жеңілдетілген несие иемденді. Оған сыйымдылығы жоғары, бір салғанда 100 нан пісіп шығатын пеш пен қамыр илейтін құрылғы сатып алды.

Шағын наубайханада күн­делікті жұмыс қызып жатады. Күн ұясынан шықпай Кәрім қамыр ашытып, пеш қыздырып, табаларына май жағады. Көтерілген қамырды бөліп, өлшеп, қалыбына, одан кейін пештің ішіне салады.  Иісі бұрқырап жаңа піскен нанды тұтынушылар әп-сәтте алып кетсе, енді бірі келесі нанның піскенін күтіп тұрады.

– Мен кәсіп таңдаудан жаңылған жоқпын. Наубайханада жұмыс істеп жүргенде аспаздардан көп үйрендім. Себебі, қызығушылығым жо­ғары болды.  Идеяма «Бизнес-Бастау» жобасы демеу берді,– дейді ол.

Кәрімнің жасы небәрі – 24-те. Алдына қойған мақсаты айқын. Өзгеге де жұмыс тауып беріп отыр. Ісін дамыту үшін ірі наубайханаларға барып, жұмысымен танысып, тәжірибе алмасады.

– Цехта күніне 600 нан жабамыз. Қара, ақ наннан өзге тәтті бәліштер, торттар пісіреміз. Бөлке –  90, қара нан 80 теңгеден. Бөлкенің салмағы – 550 грамм. Сонымен бірге жеткізу қызметі бар. Алдын ала тапсырыс берсе, уақытында үйіне апарып береміз, – дейді Кәрім.

Енді ол алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. Ол үшін ауданнан өзге жақын ауыл-аймақ дүкендеріне нан өнімдерін жеткізбек. Тағы да жергілікті 2-3 адамды жұмыспен қамтып, пісіретін тәтті түрін көбейту керектігін айтты.

Жалпы, жоба аясында кәсіптерін ашып, ел экономикасын жақсартуға үлес қосып отырған кәсіпкерлер жылдан-жылға көбейіп келеді. Жобаны «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып келеді.

Сара АДАЙБАЕВА,                                                                                                                  

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<