Келбеті көркем, кеудесі кемел Сыр елім

979

0

Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанда» жарияланған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың «Елбасы және Сыр елі» атты мақаласын қанағат сезіммен оқып шықтым.

Қазақстанның тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кешегі экономикалық өтпелі кезеңде Сыр еліне жасаған жақсылықтары әрбір қызылордалықтың есінде. САРАТС жобасы, Байқоңыр мәселесі, ауыл шаруашылығын қолдауға арналған бағдарламалар, мәдени мұра төңірегіндегі атқарылған айтулы жұмыстар – Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен іске асырылды.  Мәселен, соңғы жылдары облысымыздан әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрінің экспортталуы – тәуелсіздік жылдарындағы ауыз толтырып айтатын даму жетістігіміздің бірі.

Г.Әбдіқалықованың мақаласында айтылып өткендей, Сақ мемлекетінде – Шірік-Рабат, оғыздарда – Жанкент, Ақ Орда және Қазақ хандығында – Сығанақ, ал Кеңес тарихында қазақ атауы қайтарылған Қызылорда Қазақ АКСР-ның алғашқы астанасы болды. Осының бәрі бір ғана Сыр бойында өмір сүрген астаналар еді. Сол дәуірден бастап қазақтың үш жүзінің басын қосқан киелі өңір бүгінге дейін ұлт тілі мен дәстүрін алтын сандыққа салғандай сақтап отыр. Міне, осыған байланысты Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» деген әйгілі сөз тіркесін айтты. Бүгінде бұл шынайы лебіз халық аузында  қанатты сөз болып қалыптасты.

Түркі әлемінің ұлы ойшылы, ғұлама Қорқыт атаны әлемге таныту мақсатында Сыр елі халқының ұсынысы Елбасы тарапынан әрдайым қолдау тапқаны анық. 2018 жылы Қорқыт күйлерінің ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізілуі – соның айғағы. Қорқытпен бірге Сыр елінің аты асқақтады. Осыған байланысты Маврикий республикасына сапарлап барып, жерлесіміз, қобызшы Мақсат Мұхамеджановтың Қорқыт күйлерін орындағанынан да хабардар болғанбыз. Бұл біздің рухымызды көтерген оқиғаға айналды.

Мақалада Сыр елінің жетістіктерімен бірге рухани түлеуіне де кең орын берілген. Экономиканың дамуы мен мәдениеттің кемелденуі қатар жүрген елде тек жақсылық пен ізгілік болатыны айдан анық.

Бақберген ДОСМАНБЕТОВ,

академик, қоғам қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<