Көпір құрылысы – халық игілігі

533

0

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы мен жауапты басқарма өкілдері Қазалы ауданында болды.

Олар партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Қызылорда облыстық және Қазалы аудандық Жол карталарында 2022-2023 жылдары орындалуы жоспарланған «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының «Қарлан» учаскесінен Сырдария өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысына зерделеу жұмыстарын жүргізді.

– Салынатын өткелдің жалпы ұзындығы 2,5 шақырым болса, темірбетон көпірінің ұзындығы – 248 метр, ені – 13 метр. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолы мен жарық шамдар да орнатылатын болады», – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов.

Партиялық бақылау комиссиясының өкілдері көпірдің сапалы әрі мерзімінде салынып, қаржысының тиімді жұмсалуына қатаң мән беру керектігін айтты.

Жалпы құны 4,4 млрд теңге болатын көпір құрылысы 2023 жылы аяқталмақ. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы және 8 елді мекенді байланыстыратын бұл көпір қауіпсіз және тұрақты көлік қатынасы болатын халық игілігіне айналады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<