Өңіраралық әріптестік өрісі

447

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Украина ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының академигі Николай Безуглый бастаған украиналық делегациямен кездесіп, аграрлық саладағы, оның ішінде күріш өсіру бойынша әріптестік мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесуге Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ директорының міндетін атқарушы Нұрбол Аппазов, «Ер-Әлі» ЖШС директоры Әліби Бекжанов және украиналық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы Сыр еліне арнайы келген делегаттарға алғыс айтып, Қызыл­орда облысының табиғи-климаттық жағ­дайы Украинаның күріш өсіруші оңтүстік аймақтарымен ұқсас екенін атап өтті.


– Аймағымыз республика бойынша күрішке қажеттіліктің 90%-ін қамта­масыз етеді. Кейінгі жылдары шаруалар рекордтық өнім алып жүр. Мәселен, былтыр 500 мың тоннадан астам астық жиналды, күріш өнімділігі 61,8 ц/га құрады. Одан бөлек, басты дақылымыз әлемнің 10 еліне экспортталуда, – деді облыс әкімі.


Атап өтейік, өткен жылы Украинаға Қызылорда облысынан 5,8 мың тонна күріш жіберіліп, экспорт көлемі 1,6 млн дол­ларды құрады. Биыл 5 айда 1,5 млн дол­ларға 4,4 мың тонна күріш шығарылды.


Облыс әкімі аймақта негізінде ресейлік «Янтарь», «Лидер», «Новатор» сорттарымен қатар жергілікті «Маржан», «Әй-Керім», «Сыр сұлуы» өсірілетінін айтты.


– Мұнан бөлек, өткен жылдан бастап Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруашылығында украиналық «Виконт», «Фагот» және «Премиум» сорттары сына­мадан өтті. Нәтижесі жаман емес. Күріш өнімділігі шамамен 90 ц/га құрады. Биыл жаңа сорттар 160 гектар жерге егілді, – деп атап өтті аймақ басшысы.


Өз кезегінде, академик Н.Безуглый Украина күздік бидай өсіру бойынша көшбасшы елдердің үштігінде екенін атап өтіп, бұл дақылды өңірімізде өсіруді ұсынды.


– Біз әріптестік орнатуға мүдделіміз. Жақын арада Қазақстан делегациясының Украинаға тәжірибе алмасуға келуі жоспарланған, сіздерді де елімізге келуге шақырамын. Дәнді дақылдарды өсіру технологияларымен, жоғары өнімді сорттармен бөлісуге дайынбыз, – деді делегация басшысы.


Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі украиналық әріптестерінің жұмы­сына сәттілік тілеп, тиімді өңіраралық әріптестік орнатылатынына сенім білдірді.


Айта кетейік, украиналық деле­гация Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ҒЗИ басшылығымен өзара әріп­тес­тік мәселелері бойынша келіссөз жүр­гізіп, ауылшаруашылығы тауар өндірушілерімен кездеспек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<