Қызылордада әлемдік брендтегі қонақ үй салынады

484

0

Сыр өңірінің бас шаһарында келушілерге бар жағдай жасайтын, сапалы қызмет көрсетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еуропалық стандарттағы қонақ үй бой көтеретін болады. Бұл жайында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалық етуімен өткен инвестор тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік кеңес отырысында мәлім болды.


Заманауи үлгідегі қо­нақ үй құрылысы жайлы «Өр­леу» компаниясының бас ди­рек­торы Данил Годзин ха­бар­­лама жасады. Ол өзі бас­қарып отырған компания Қа­зақстанда бірнеше жыл­дан бері эконом қонақ үйлер же­лілерін салумен айналысып келе жатқанын атап өтті. Олар алты жылдан бері франциялық «Accor group» компаниясының негізгі стратегиялық серік­тесіне айналған.


Д.Годзин «Accor group» қонақ үйлер желісін орналастыруда әлемдегі ең ірі үш компания құрамына кіретінін жеткізді. Қазіргі таңда олардың дүние жүзі бойынша 100-ден аса мемлекетте 4800-дей қонақ үй желісі бар. Хабарламашы олардың ішінде «Ibis» стандартымен салынатын үш жұлдызды экономдық қонақ үйлер үлкен сұранысқа ие екеніне назар аударды. Олардың саны 1900-ға жеткен, 754 мыңға жуық номерде 300 мыңнан аса адамға қызмет көрсетіледі. Мұндай қонақ үйлердің үлкен сұранысқа ие екені, әлем бойынша 33 сағатта бір жаңа ғимарат пайдалануға беріліп жатқаны туралы көрсеткіштен-ақ байқауға болады.


«Өрлеу» компаниясының бас директоры қазіргі таңда мұндай қонақ үйлер Нұр-Сұлтан мен Ақтөбе қалаларында пайдалануға берілгенін де айтты. Сондай-ақ еліміздің бірнеше қаласында жобалық құжат­тамалары дайындалып, құрылысы басталып жатыр.


– Қызылорда – Қазақстандағы мұнай өндіріп жатқан өңірлердің бірі. Мұнда жан-жақтан инвесторлар мен кәсіпкерлер көп келеді. Қысқасы, Қызылорда – іскерлік байланыс үшін өте қолайлы өңір, сондықтан осындай қонақ үй құрылысын салу туралы ұсыныспен шығып отырмыз, – деген кәсіпкер компания мен бренд үшін басты құндылық – қауіпсіздік пен жайлылық екенін жеткізді.

Мұнда тұрақтаған әр қонаққа ерекше ілтипат пен жоғары санатты қызмет көрсетіледі. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да ғимарат ішінде еркін қозғалуына жағдай жасалған, оларға арнайы бөлме қарастырылған. Жеке VIP нөмірлер де болады. Келушілерге үзіліссіз қызмет көрсетіледі. Мәжіліс залы, дем­алыс орны мен мейрамхана бар. Бәрі халықаралық талапқа сай. Заманауи стан­дарттар мен жоғары деңгейлі еуро­палық қызмет қазақстандық қонақ­жайлылықпен ұштас­тырылатын болады.


Спикер сондай-ақ құрылыс жұмыстары бір жарым-екі жылда аяқталатынын айтты. Құрылыс барысында 150-ден астам адам жұмысқа тартылса, ғимарат пайда­лануға берілгеннен кейін онда 75 адам еңбек етеді.

Облыс әкімі заманауи үлгідегі қонақ үй кешенін салу мәселесі өзекті екенін алға тартып, сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, жобаны іске асыру үшін облыстық жер қатынастары басқармасы мен қала әкімдігіне «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен бірлесіп жер учаскесін бөлуді және тиісті компания басшысына жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды тапсырды.

Ал, облыс­тық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы нысан құрылысына рұқсат алу мәселесін пысықтауға міндетті.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Қызылорда қаласында арнайы экономикалық аймақ құру жобасы талқыланды.

Өткен жылдан бастап «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары» қабылданып, жүзеге асырылуда. Аймақ басшысы на­рық қажеттілігіне қарай жобалар санын ұлғайтуға ерекше басымдық берілгенін атап өтті.


– Биыл жобалар санын 265-тен 404-ке дейін ұлғайттық. Қазірдің өзінде жалпы құны шамамен 9 млрд теңгенің 115 жобасы іске асырылып, 1,3 мың жұмыс орны құрылды. Жүзеге асырылған жобалардың ішінде 40 жоба азық – түлік өнімдерін шығаратын жаңа кәсіпорындар болып табылады. Бес жылдан кейін аталған жобалар облыстың азық-түлікке деген қажеттілігінің 60%-ін қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте жаңа жобаларды қолдау және орналастыру мақсатында арнайы экономикалық аймақ құру ұсынылады. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша Үкіметпен алдын ала келісім бар, – деді аймақ басшысы.

Пандемия салдарынан әлемде ауылшаруашылық жұмыстарының режимі бұзылып, әлемдік қорлар азайғанын атап өтті.


Жаһандық азық-түлік жеткізу тізбегі өзгеріске ұшырап, кейбір елдер азық-түлік экспортын шектеді, Қытай тарапынан азық-түлікке сұраныс артты. Мұның барлығы бүкіл әлемде азық-түлік нарығын тұрақсыздандырып, бағаны өсіріп отыр. Азық-түлікке қалыптасқан әлемдік сұранысты ескерсек, біздің облыс аграрлық өлке ретінде тамақ саласын дамыту үшін үлкен мүмкіндікке ие.


Осы орайда облыстық ин­дустриялық-инновациялық даму бас­қармасының басшысы Ринат Сұлтангереев арнайы экономикалық аймақ құру тәртібі мен негізгі алгоритмдерді баяндады.
Бүгінгі таңда, республикада 13 арнайы экономикалық аймақ жұмыс жасауда. Олардың бағыты – химия, мұнай-химия, сауда, тоқыма, металлургия, ақпараттық техно­логиялар, машина жасау, сондай-ақ өндірістің аралас түрлерін қамтиды. Дегенмен, 100% азық-түлік өнімдерін өңдеуге бағытталған экономикалық аймақтар жоқ.


Арнайы экономикалық аймақ құрудың негізгі мақсаты – тамақ өнеркәсібі саласын дамыту, жаңа технологияларды қолданатын жаңа өндіріс орындарын ашу, ішкі нарықтың тамақ өнеркәсібіне сұранысын қанағаттандыру және өнімдерді экспортқа шығару. Бұл ретте мүдделі орталық немесе жергілікті атқарушы орган, заңды тұлғалар тұжырымдама ұсына отырып, уәкілетті органға арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізеді. Басты тиімділігі мүдделі тараптарға бірқатар жеңілдік беріледі.

Мәселен, аймақ аумағында толық тұтынылатын тауарларды қосылған құн салығынан, жерді жалға алу үшін салық пен төлемдерден, мүлік салығынан және корпоративтік табыс салығынан босатуға мүмкіндік алады.


Басқарма басшысы арнайы эконо­микалық аймақты бұрынғы Тоқыл­майтын маталар фабрикасы базасында орналастыру тиімді екенін атап өтті. Өйткені мұнда өнеркәсіптік базаға барлық қажетті инфрақұрылым тартылған. Базаның әкімшілік ғимараты, көлемі 40 мың шаршы метрлік тұрмыстық үй-жайлары, қоймалары, 2 темір жол желісі, қуаты 35 кВ-тық электр подстанциясы, су ұңғымасы, биологиялық тазарту станциясы бар. Сондай-ақ, көлемі 18,2 гектар болатын жер учаскелері бар.


Биыл арнайы экономикалық аймақ құру бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі. Болжам бойынша аймақ 2022 жылы ашылып, өз қызметін бастап, заңнамаға сәйкес 25 жылға құрылады. Бұл ретте жұмысты үйлестіру үшін іс-шаралар жоспары бекітіледі.


Облыс басшысы арнайы эко­номикалық аймақ құру өңірде азық-түлік саласының дамуына жаңа серпін беріп, экономикаға оң әсерін тигізетінін жеткізді. Сондай-ақ, ортақ мәселелердің шешілуі мүдделі мекемелер мен кәсіпкерлердің нәтижелі жұмыс жасауына байланысты екенін қаперге салды.


Жиында облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі кәсіпкер Бақдәулет Мақашов арнайы эко­номикалық аймақтың негізінен азық-түлік өндірісіне арналып отыр­ғаны өте құптарлық іс екенін жеткізіп, болашақта Тоқылмайтын маталар фабрикасы аумағы жаңадан ашылатын кәсіпорындар үшін таршылық етіп қалуы мүмкін екенін айтты.

Сол себептен іргелес аумақты да қосу қажеттілігі туралы ұсыныс білдірді. Облыс әкімі ұсынысты толығымен қолдады.
Отырыста айтылған тап­сырмалардың орындалуына бақылау жасау және үйлестіру облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешевке жүктелді.


Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<