Саулық сақшысы

680

0

«Ұйқыдан ­ауырмай тұру­дың өзі – жарты бақыт». Журналист Бейсен Құранбектің бұл сөзін аурухана палатасында күн өткізген жандар жақсы түсінеді. Мұндайда дәрігердің емі де, мейірбикенің күдікті үмітке жеңдірген сөзі де шипалы.


Мейірбике Гүлжазира ­Зия­т­ова мұны студент кезі­нен-ақ ұқты. Қызылорда меди­циналық жоғары колледжінде оқыған уақытта зейінділікті талап ететін мейірбике жұ­мысы тынымсыз екенін білсе де ерекше қызықты. Осылайша бала кезінен ақ халат киіп, ата-әжемді емдесем деген арманы мыңдаған адамнан алғыс алуына жол ашты.


№3 қалалық емханада еңбек жолын бастаған ол бүгінде науқастар іздеп тұратын мейірбикеге айналды. Үлкен мен кішінің көңілін тез табатын мінезі, науқасты өзіне жақын тартатын қамқор көңілі кәсіби міндетіне мұқият Гүлжазираны үздік маман атандырды.


Жыл өткен сайын тәжі­рибе жинақтап, білімін бас­қалардың игілігі үшін пай­далана білген ол қазір мамандандырылған көмек көрсету бөлімінде қызмет етеді. Сондай-ақ, індетке қар­сы екпе жүргізетін вакцинатор.
– Адамдағы үміт оты сөн­бегенін, жүзіндегі қуанышты көру – айтып жеткізгісіз керемет сезім. Ауруханаға келген әр адамда іштей мазасыздық, алаңдаушылық, уайым болатыны белгілі. Сондайда пациенттің алаң көңілін басып, бәрі жақсы болатынына сендіріп, міндетімді шын ықыласпен атқаруға тырысамын. Тіпті, әр дәріні берген сайын «ем болсын» деген сөзіме ата-әжелердің шын жүректен рақмет айтып, палатадан шығарда бата бергені, ізгі-тілектері ешнәрсемен өл­шенбейді, – деді ол.


Расында, өмірде ақшамен өлшенбейтін дүниелер бар. Әр науқасты танымаса да күліп қарсы алып, туысындай қамқор болатын мейірбике адамдардың шын ниетін осылай бағалайды. Білімі терең әрі қағылез маманның мерейі үстем болатыны белгілі. Былтыр Гүлжазира «Үздік мейірбике» номинациясымен марапатталды. Бірақ нағыз маманның марапатқа марқайып, тоқ­мейіл­сімей­тіні белгілі. Біз­бен аз-кем әңгімеден соң ол қауырт қызметіне кірісіп кетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<