Жандос және оның командасы

707

0

Өңірдегі жаңашыл медициналық мекеменің бірі – Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы. Бастапқыда облыстық аурухана филиалы ретінде ашылған емдеу орны 2019 жылдың мамырында Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы болып өз алдына бөлек шықты.

Бүгінде 105 төсектік тәуліктік стационар, 65 төсектік күндізгі емдеу орны бар мекемеде 500-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Сонымен бірге, аурухананың Ақай, Төретам елді мекендерінде аурухана мен емханалары бар. Сол кезде мекеменің материалдық-техникалық базасы 29,11 процентті құраса, былтыр індетпен күресуге республикалық, жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, демеушілік қор және аурухана есебінен 83 млн теңгеге құрал-жабдықтар алынып, жоғарыдағы көрсеткіш 90,86 процентке жетті.


Аурухананы қажетті мамандармен қамтуда да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.


– 2019 жылы 17 дәрігер жұ­мысқа қабылданса, былтыр 23 маман келді. Биылдың өзінде Төретам емханасына педиатр, балалар психиатры, рентгенолог маман және жалпы тәжірибелік дәрігер мен кардиолог маман қатарымызға қосылды. Жұмысқа қабыл­дан­ған­дарға жаңадан са­лынған 5 тұр­ғын үйден 12 пәтер берілді. Биыл М.Оспанов атындағы медицина университетін «жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша бітіруші 6 түлекті жұмысқа қабылдау көзделуде, – дейді аурухана бас дәрігері Жандос Әділхан.


Мамандардың біліктілігі мен білімі – істің алға басуының бас­ты шарты. Бұл орайда аурухана басшылығы кадрлар біліктілігін арттыруды басты назарда ұстауда.


– Медицина уақыт ағымымен алға жылжып, көз ілеспес жыл­дам­дықпен дамып отыр. Күн сайын жаңа әдіс-тәсілдер енгізіліп, заманауи құрал-жабдықтар ұсы­нылуда. Сондықтан бүгінде медицина қыз­меткерлерінен үнемі ізденісте жү­ріп, жаңалықтарға ілесу талап етіледі. Осы орайда дәрігерлер мен орта буын қызметкерлердің кәсіби ше­берлігін арттыру, біліктілігін көтеруге аса мән беріледі. Мәселен, былтыр 37 дәрігер, 22 орта медицина қызметкері әр түрлі цикл бо­йынша біліктілк жетілдіру курс­тарынан өтті. «Бес жасқа дейінгі науқас бала күтімі» тақырыбында 30 қызметкердің, «Қалта анықтамасы» бойынша 52, «Наркология сараптама сұрақтары» бойынша 14 қызметкердің семинар-тренингке қатысуы ұйымдастырылды, – деп атап өтті бас дәрігер.


Онан бөлек, облыс көлемінде мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттырудың 2016-2018 жылдарға арналған жоспарына сәйкес 2018 жылы 17 дәрігер, 65 орта буын медицина қызметкері білімін жетілдірген.
Аурухана басшылығы Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­да­йындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» атты Жолдауында нақ­тыланған саланы цифрландыру бағытында да біршама жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, аурухана қыз­меткерлерінің жұмыс орындары 70 процент компьютерлік жиынтықпен жабдықталса, 100 процент интернет байланысына қосылды. Бұл медициналық құжаттарды электронды жүйеде жүргізуге мүмкіндік беруде.
Коронавирус инфекциясы, әсіре­се, медицина саласына ауыр тигені белгілі.

Белгісіз аурумен күресу, індет жұқтырғандарды аман алып қалу үшін медицина қызметкерлері аянбай еңбек етті. Кез келген емдеу мекемесі көзге көрінбейтін қауіпті дертпен күресуге кірісіп кетті. Осы орайда Байқоңыр ауруханасы да тиісті жұмыстарды ұйымдастырып, науқастарды емдеуде аянып қалмады.

Мәселен, былтырғы сәуір айында емдеу орнынан 30 төсектік карантиндік және 15 орындық провизорлық бөлімдер ашылып, індетке шалдыққан науқастар ем алды.
Аурухана басшылығы тек өз мекемесі ғана емес, сон­дай-ақ, ауруханаға қарасты мек­тептердегі медициналық көмек көрсету кабинеттерінің заманауи, меди­циналық құ­рал-жабдықтармен (де­фе­бри­ля­тор, ЭКГ аппараттар, т.б.) қам­тылуына көңіл бөлуді әдет­­ке айналдырған. 2019 жыл мен биылдың аралығын салыс­тыр­ғанда мектептің ме­ди­циналық кө­мек көрсету кабинеттерінің жаб­дықталуы 12%-тен 80%-ке жоға­ры­лаған. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 100%-ке жеткізу жос­­парлануда.


– Аталған құрал-жабдық­тарды пайдалану тәртібі бойынша мектеп мейірбикелеріне әдістемелік нұсқаулықтар таныстырылып, үйретілді. «Дені сау ұрпақ – елдің ертеңі» демекші, жас буынға сапалы медициналық көмек көрсету, аурудың алдын алу, болдырмау – мектеп мейірбикелерінің негізгі мақсаты. Біз соған ұйытқы болудамыз, – дейді Жандос Қой­шыбайұлы.


Аурухана ұжымының тынымсыз еңбегі, жаңашылдыққа ұмтылған ізденісі өз кезегінде лайықты бағасын алуда. Атап айтқанда, жақында Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы респуб­лика көлеміндегі барлық емдеу ұйымдары арасында алғашқы бестіктен кө­рінсе, облыс бойынша «Үз­дік» атанды. Бұл, ең алдымен, ұйымдастырушылық қа­бі­ле­ті жоғары аурухананың бас дәрі­гері, қазіргі тілмен айт­қанда, бас менеджер Жандос Қойшыбайұлының, сонан кейін бір мақсатқа жұдырықтай жұмыла білген, ауызбіршілік пен ынтымағы жарасқан ұжым мүшелерінің еселі еңбегі екені сөзсіз.
Ауызбіршілік демекші, аурухана қызметкерлері індетке қарсы вакциналау жұмысына да белсене қатысып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға өз үлестерін қосқан бірден-бір ұжым. Бүгінде аурухана қызметкерлерінің 99 проценті екпе алған.


– Бүгінде індетті жеңудің бірден-бір жолы вакцинация екенін әлем болып мойындады. Біздің елімізде де кеселге қарсы вакциналау жұмыстары жүргізілуде. Ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана ауруды жеңуге болатынын мамандар айтып отыр. Осы орайда біздің аурухана қызметкерлерінің 99 проценті екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға атсалысқанын айт­қым келеді, – дейді бас дәрігер.


«Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, енді ғана қалыптасып келе жатқан емдеу мекемесінің аз уақыт ішіндегі мұндай жетістігі ұжымдағы бірлік пен берекенің айқын көрінісі екені сөзсіз. Мереке қарсаңында аурухана ұжымына абыройларыңыз арта берсін деген тілектестігімізді білдірдік.


Айнұр БАТТАЛОВА,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<