Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты кезекті қаулы кешеден бастап күшіне енді. Облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әлия Әбдіқайымова шұғыл брифингте өңірдегі шектеу шаралары жайлы тарқатып айтты.
Қаулыдағы басты жаңалық кинотеатрлар ашылды. Бұған дейін еліміздегі кинотеатр иелері карантинде 15 миллиард теңге шығынға батқанын мәлімдеген еді. Кәсіпкерлер карантин шаралары жеңілдегеннен кейін оларға жартылай жұмыс істеуге де рұқсат берілмегенін айтқан. Залдардың бірнеше ай қатарынан бос тұруынан банкротқа ұшырағандар бар. Сондықтан оның жұмысының қайта жандануы киносүйер қауым үшін де, кәсіпкерлер үшін де тиімді болып отыр.
– Кинотеатрлардың жұмысын қайта бастауға шешім қабылдадық. Бастысы, санитарлық талапты қатаң сақтау керек. Жұмыс уақыты 9.00-ден 22.00-ге дейін. Толтырылуын 30 проценттен асырмай, infokazakhstan.kz порталында тіркеле отырып, маска режимін, шахмат тәртібімен отырғызуды, әлеуметтік қашықтықты сақтау секілді шарт қойылды. Өздеріңіз білесіздер, кино көрсететін зал қараңғы болады. Жарық аз түседі. Сондықтан әр кино көрсетілер алдында дизенфекция жұмыстары жүргізілуі қажет, – деді Әлия Әбдіқайымова.
Сонымен қатар спикер сауда-ойын-сауық орталықтары, жабық базарлар сенбі күні де қызмет көрсете алатынын айтты. Тек жексенбі мен мереке күндеріне шектеу бар. Тамақтану орындары, сұлулық салондары, СПА орталықтары, монша, спорт залдарының қызмет көрсету уақыты бір сағатқа азайтылды, яғни 22:00-ге дейін. Ал, ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, салтанатты, еске алу іс-шараларын, үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге, караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалар ойын алаңдары мен аттракцион, батут, букмекерлік кеңсе, кальянды пайдалануға рұқсат жоқ. Мұның барлығы – тұрғындардың саулығы үшін жалғасып жатқан жұмыстар. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер қауіпсіздікті қаперден шығармауға шақырады.
М.СНАДИНҚЫЗЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<