Жұмысы жемістінің – өмірі келісті

968

0

Кәсіпкерлік жанданса, қай кезде болмасын тұрғындардың әл-әуқатының артуына сеп болады. Әсіресе, елді мекендерде бұл сала өркен жайса, тіпті керемет. Жұмыссыздық азаяды. Жұртқа жағымды тұсы да осы.

Кәсіп ашу үшін қала не аудан орталығы қажет пе?! Тұрғын саны әсер етеді деп ойласақ та, шағын ауылда елге қажетті өнім шығарып жатқандар бар. Бастысы, сізде ниет пен мақсат болса болғаны. Қалғанына мемлекет ұсынған мүмкіндік көп.

Қармақшыға қарасты Дүр Оңғар ауылы егіншілікпен елге таныс. 400 үйден астам ауыл халқының көбісі осы аграрлық салада еңбек етеді. Одан бөлек, тұрмысқа керек дүние шығарып жүргендер бар. Бір ғана мысал, ауыл тұрғыны Ерсін Өтепов былтырдан бері құрылысқа қажетті шеге, торланған сым мен қоршауға қажетті тікен сым өндіруді бастаған.

– Кәсіп ашуға әскери борышымды өтеп келгеннен кейін тәуекел еттім. Әкем осы бастамаға қолдау білдіріп, жігерлендіріп отырды. Сондықтан бизнес бастауда ешқандай қорқасоқтау болмады.

Қазір не көп, құрылыс көп. Ойымда осыған қажетті заттарды өзімізден шығарсақ деген мақсат болды. Кәсіп ашу осылай басталды, – дейді бізбен тілдескен Ерсін.

Ерсін бірінші «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы курс­та оқыпты. Содан соң өз жобасын да­йындаған. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы арқылы 5 млн теңге қаржы алыпты. Оған жоғарыда айтылған заттарды дайындайтын құрылғы сатып алған. Ауылдағы кәсіпкердің өнімін алғаш өз жақындары тұтыныпты. Қазір аудан көлемінде сұраныс көбейген.

– Рас, әр саланың өз қиындығы болады. Бастапқыда шикізатты табу, әкелу жолдарын ұзақ іздестірдік. Шымкенттегі кәсіпорынмен келісім-шартқа отырып, керектінің бәрін содан алдыртамын. Өнім жергілікті жерден шыққан соң, халық та сырттан тасып, қымбатқа түспейді. Әрі оны тасымалдауға да қаржы керек, көлік жалдау қажеттілігі сияқты мәселелер туындайтынын бәрі біледі емес пе?! – дейді жас кәсіпкер.

Епті Ерсіннің ендігі арманы – кәсібін кеңейту. Сол арқылы ауыл жастарын жұмысқа алып, өзі шығаратын құрылыс заттарын өзге де өңірлерге жеткізуді жоспарлап жүр.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<