Онлайн мамандық уақытша ма?

682

0

Қазір әлеуметтік желі «қолыңнан келсе, кәсіп қыл» деп тұр. Instagram-да «Онлайн курсыма қатыссаң, он күнде маман, үш күнде мықты адам қылып шығарамын» дегендей, бірінен-бірі өткен жарнамаларды сіз де көрген боларсыз. Он күнде маман болып шығу неғайбыл десек те Instagram мол табыстың көзі болып тұрғаны рас.

Әлеуметтік желінің кел­уімен қатар вайнер, блогер, SMM маманы, таргетолог, копирайтер  ұғымы сөздік қолданысымызға енді. Жастар, әсіресе онлайн оқуға көшкен студенттер мен үйде отырған аналардың арасында блогер болуға шындап кіріскендер көбейді. Әзілкештер мен фудблогерлерден  бөлек, келіндік міндетін көпшілікке жариялап, танымал болғандар да аз емес. Ал Instagram-да танымал болу, оқырман көбеюі табыс табудың бірінші шарты десек те болады.

Бүгінде пайдалы посттардан бөлек, мағынасыз видео­ларымен-ақ табысын еселегендер, сонысымен көпшілікті қызықтырғандар көп. Әлеу­меттік желі арқылы пайда табу заманның талабы ма, әлде бұл да өтпелі кезең бе? ҚазҰУ студенті әрі бренд визуализатор маманы Гүлай Әшекова онлайн мамандық тек қосымша болуы керек дейді.

– Кез келген дүниенің шек­теулі уақыты болады. Қазір онлайн мамандықтар сәнге айналды. Бірақ оның қызығы басылатын, тоқтайтын уақыты келе жатыр. Бұрын онлайн курс шығыпты десе, сатып алатын едік. Қазір онлайн курстан әбден шаршадық. Бірақ онлайн мамандықты тез игеріп, қосымша жұмыс ретінде пайдасына жарата алғандар өз қатарластарынан ақылды әрі пысығырақ деп ойлаймын. Қазір мұндай курстарды оқып алып, бірден өзінің жеке курсын ұсынып, басқаларға сабақ өткізгісі келетіндер көбейді. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Себебі, басқаларға білім беру үшін бірінші теория болу керек, сосын практика жүзінде алдымен өзі нәтиже шығару керек, – деді ол.

Расында да, өзің жете түсінбеген дүниені басқаларға үйретем деу әурешілік. Себебі қоғамның көзі ашық, сабақты салыстыру арқылы сараптама жасай алады.  Онлайн мамандықтарға қызыққанда ерік-жігеріңнің жұмсалуымен бірге, алтын уақытың да өтетінін ұмытпау керек. «Ең бастысы, әлеуметтік желідегі жұмыстың өзі тұрақты емес, бұл дәуірдің де аяқталатын уақыты келеді» дейді желі қолданушылары. Сондықтан, нақты ғылымға сүйенген негізгі мамандыққа баса мән беру керек секілді.

Жансауле АБДУЛЛА,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

ІІ курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<