Қалыпты тіршілікке қайта ораламыз десек…

355

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар маңызды мәселелер бойынша кеңейтілген отырыс өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, салалық басқарма басшылары мен онлайн режимде қала, аудан әкімдері қатысты.

Отырыста екі мәселе қаралды. Алғашқысы мүлік иелерінің бірлестігі институтын енгізу жағдайына арналды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қар­­масының басшысы Руслан Нұр­мағанбетов көпқабатты тұрғын үйді басқаруға қажетті жаңа тетік –  мүлік иелерінің бірлестігін құру жұмыстарына тоқталып, негізгі алгортимдерді түсіндірді.

«Тұрғын үй қатынастары» заңына сәйкес пәтерлердің меншік иелері кондоминиум объектісін басқару, оны күтіп-ұстауды қаржыландыру және сақталуын қамтамасыз ету үшін алдағы кезеңде мүліктің меншік иелері бірлестігі (МИБ) немесе жай серіктестік (ЖС) құрылады. Бұл ретте қазіргі ПИК-тер (КСК) өз қызметін 2022 жылдың 1 шілдесінен тоқтатады. Соған сәйкес, тұрғындар көпқабатты  үйді басқарудың жаңа түріне өтеді.

Айта кету керек, бұрынғы қол­даныстағы механизмде ПИК-тер бірнеше үйге бір ғана есепшот арқылы қызмет көрсетті, яғни, тұрғындардан жиналатын қаржыны өздері басқарды. Ал, жаңа қабылданған механизмде әр үйге сол үй тұрғындарының қатысуымен ғана жеке басқару органы және бір есепшот құрылады. Басқару органы  жұмыстарға тапсырыс береді, мердігерден жұмысты қабылдайды және оған төлем жасайды. Бұл қызмет көрсету сапасына бақылау жасап, ақша қозғалысына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Жаңа реформаны тұрғындарға жеткізу үшін арнайы Жол картасы және медиа-жоспар бекітілді. Жоспарға сәйкес жыл соңына дейін өңірдегі барлық 1019 үйге бірлестік құрылады. Қалған 203 үй коммуналдық меншікте болуына байланысты басқарудың жаңа нысанына көшірілмейді.

Жиында облыс басшысы қала, аудан әкімдеріне мүлік иелері бірлестігі және жай серіктестіктерді құруды белсенді түрде ұйымдастырып, жыл соңына дейін толық аяқтауды және көпқабатты тұрғын үй шығыстарының ең төменгі мөлшерін бекітуді, кондоминиум нысандарының санын өзектендіру және әділет органдарына тіркеу жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Ал, басқарма басшысы Р.Нұрмағанбетов пен облыстық статистика департаментінің басшысы М.Баекееваға көпқабатты тұрғын үйлердің санын сәйкестендіру, тиісінше ай сайын мониторинг жүргізуді міндеттеді. Сонымен бірге сала басшыларына құрылған меншік иелері бірлестіктерін есепке алуды қысқа мерзім ішінде ұйымдастырып, халыққа жаңа тетіктерді енгізу қажеттігі туралы ақпараттық насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұл ретте көзделген тапсырмалардың орындалуын бақылауға алуды орын­басары Серік Сүлейменовке жүктеді.

Отырыста коронавирус инфекция­сының алдын алу және екпе жұмыс­тарын үйлестіру мәселелері қарал­ды. Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов індеттен сақтану үшін тұрғындарға вакцина салу көрсет­кіштерін, нақты ахуалды баяндады.

Бүгінде өңірде 106 екпе кабинеті ашылып, 37 жылжымалы көшпелі пункттің жұмысы ұйымдастырылған. Ал, облыс бойынша 19 медициналық мекемеде коронавирус инфекциясына қарсы егу жұмыстары жүргізілуде. 1 ақпаннан бері 238 350 доза жеткізілген. Жеткізілген 1 компонент – 151 050 доза вакцинаның 2000 дозасы – QazVac-in, 32 250 доза – HayatVax, 105 800 доза – Спутник-V, 11 000 доза – CoronaVac вакцинасы.

Аймақ басшысы көрші мемлекеттерде індеттің қайта күшейе түскенін, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау үшін белсенді түрді екпеге шақыру қажеттігін атап өтіп, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

– Облыс «жасыл аймаққа» тұрақтанды. Бұл инфекция толықтай жойылды деген сөз емес. Әлі де сақтық шараларын күшейтіп, тұрғындарды вакциналау жұмыстарын жандандыру керек. Қалыпты тіршілікке қайта оралуымыз үшін вакцинаны бел­сенді түрде салуымыз қажет. Бұл ретте облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы және Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, барлық басқарма басшылары вакциналау жұмыстарын күшейту керек. Ірі кәсіпорындарда жұмыс жасайтын қызметкерлер ара­­сында екпе алу маңыздылығы бо­йынша түсіндірме жұмыстарын ұйым­дастыруды тапсырамын. Соны­мен бірге кәсіпкерлік нысандар «Ashyq» мобильді қосымшасын енгізу жұмыстарын жандандырсын. Осы берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау орынбасарым Балжан Шамено­ваға жүктеледі, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<