Еңбекші ауылдық округіне қарасты Қосүйеңкіге ауызсу құбыры тартылмаған. Ондағы ел көп жылдан бері бұлақ суын пайдаланып келеді.
– Водовозбен тасып ішеміз. Айналдырған 30 үйдің басты мәселесі осы. Кәдімгі қолдан құйылған цемент құдықты пайдаланып келеміз. Оған құйып алған су екі аптаға да жетпейді. Қазір жаз айында су көп керек екені белгілі ғой. Аяқсу жайлы айтпай-ақ қоялық. Ішер суыңды таппай отырғанда егін егуді қалай ойлауға болады?! – дейді қосүйеңкілік Балтахан Әбдіраманов.
Аудандық әкімдік өкілдері Еңбекшіде биыл екі жоба іске асады деп жоспарлап отыр. Бірі газдандыру болса, екіншісі – Қосүйеңкіге ауызсу жүргізу.
– Қосүйеңкідегі ауызсу мәселесі бойынша оң жұмыстар бар. Жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Қазір сараптамадан өткізілуде. Ал Еңбекшіні газдандыру бойынша жобамыз сараптамадан толық өтті. Облыстағы салалық басқармаға бюджеттік өтінім тапсырып қойдық. Келер жылы бұған қаржы бөлінеді деген үмітіміз бар, – дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Шалбаев.
Қосүйеңкінің маңайында бұрын қазылған скважина орны сақталған. Жоба бойынша осы су көзін қайта жаңғыртуға да болады екен. Ал ауылдағы ағайын әзірше бұрынғыдай бұлақ суымен күнелте бермек.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
Шиелі ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<