Қызметіне адал кинолог

1394

0

Тіршілікте түрлі мамандық иелері бар. Біз естіп-көрмегендер қаншама? Кинологтар туралы да көпшілік біле бермейді. «Ол қандай мамандық? Нендей қызмет атқарады?» деген сұрақтар туындап жатады.

Қала тұрғыны Ержан Исмайылов – кинолог-маман. Зейнет жасына жеткенімен, осы салада әлі еңбек етіп жүр. Білікті қызметкерді әріптестері мақтан етеді. Сондықтан болар тәжірибесі мол маманның жастарға үйретері жетерлік. Төрт аяқтының тілін тауып, онымен жұмыс жасау да қызық. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде адам қолынан келмейтін қарекетті иттердің көмегімен жүзеге асырып жатқанын көріп те,  естіп те жүрміз.

Ол 7-сыныпта оқып жүріп-ақ иттің тілін түсініп, күтіп-баптау­ды үйренген. Алғаш жинаған ақшасына күшік  сатып алыпты. Тұқымы – неміс овчаркасы.  Жиырма күндік күшікті  айтқанына көндіріп, қасынан тастамады. Оған дос­тары да қызығатын. Бірде жас жігітке әскерден шақыру қағазы келеді. Азаматтық борышын өтеу­ді парыз санағанымен итін қимай біраз ойланған. Ақыры ол әскерге итімен бірге аттанды. Мәскеудің кинологтар дайындайтын әскери мектебінде екі жыл қызмет етті. Бұл кеңестік кезеңдегі кинологтарды да­йындайтын жалғыз мектеп еді. Сонда жаттығып, әскери қызметке үйренді. Ержан әскерден оралған соң қызметін жалғас­тырды.

– Бала кезімде көгілдір экраннан ит туралы фильмдер көретін едім. Олардың алғырлығына  қызықтым. Түрлі қылмысты ашатын, егесіне адал жануар біздің арманымызға айналды. Күшігімді соған қарап баулыдым,  бұл оңай емес. Бастысы, байланыс үзілмеуі керек. Сонда адал дос, сенімді серік болады, – дейді ол.

Ержан осы салада 30 жылға жуық жұмыс істеді. Сол аралықта 15-тен астам итті қолға үйретті. Жылына 9-10 төтенше оқиғаға қатысады. Иісшіл иттердің көмегімен талай адамның өмірін құтқарып қалды. Қазір білікті маман неміс тұқымды «Спартак» және бельгия­лық «Яраны» бабында ұстап отыр.

– Апат айтып келмейді. Кейде адам аяғы баспайтын ну орман, тау-тас кезіп кететін кездер болады. Ондайда қасымыз­ға міндетті түрде иттерді қоса алып шығамыз. Малшылар, туристер жоғалады. Адамдар ауа райының қолайсыздығынан бағытынан жаңылып қалып жатады. Сонымен бірге суға кету кезінде де олардың көмегіне жүгінеміз. Біздің иттер – жауынгер. Жалпы, қылмысты ашуға, есірткіні табуға және төтенше жағдай кезінде пайдаланылады.

Иттің қасиетін бабаларымыз ертеден білген. Күтіп-баптауына да ерекше мән берген. Сондықтан бұл бізге таңсық емес, – дейді кинолог.

Ержан күнделікті 3-4 сағатын иттеріне жұмсайды. Жаттығуын қайталатып, қадағалайды. Кинолог маманның өзі де шебер болуы керек. Сондықтан ол біліктілігін арттыру үшін дайындық, оқу-жаттығу курстарынан қалмайды. Өзге өңірлерге тәжірибе алмасу үшін арнайы барады. Қазір ол қызмет атқаратын жедел құтқару жасағында 3 кинолог-маман бар. Әзірге  5 итті баптауда.

– Біз баланы айналасын ­танып білу үшін балабақшадан бастап үйретеміз. Деңгейіне қарап бағалаймыз. Мектептен білімді болып шығу үшін барлық жағдай жасаймыз. Ал, жоғары оқу орнын жақсы бітірген студент білікті маман болатыны белгілі. Итті де күшік кезінен бастап осы салаға бе­йімдейміз. Қарапа­йым элементтерден бастап, өсе келе күрделі жаттығуларды жасайды.  Деңгейін берілген тапсырманың орындалуына қарап білеміз. Сондықтан күнделікті жаттығу жұмысы жалғасып отырады, – дейді Е.Исмайылов.

Қызметтік иттерді қалай баптау қажет екенін кинолог маман ерікті жастарға да үйретуге дайын. Кейінгі кездері еріктілермен бірлесіп жұмыс атқаруда. Маманның жеткен жетістігі де аз емес. Талай марапат төрінен көрініп,  мерейі үстем болып келеді.

Мақаланы жазып отырып, бала күніміздегі  «Мойнақ» деген ит ойға оралды. Өзі ақылды еді. Әкем аңға, малға алып шығатын. Арнайы жаттығулар жасатып, қасынан қалдырмайтын. Қой кезекке ала кететін. Себебі, мал қайырады. Айтқаныңды түсініп, бұйрығыңды орындайтын. Аңға шыққан сайын ептілігіне, айлалығына дән риза болатын. Сондықтан күтімін ерекше жасайтын. Ке­йін жоғалып кетті. Әкем «жақсы ит өлігін көрсетпейді» деді.

Ауылда қариялар иттің жақсысын ұстайтын. Сосын олардың іс-әрекетін, бірінің білмеген  әдісін екіншісі айтып отыратын. Жұрт есігінің алдындағы тазысымен мақтанатын. Қазір өкінішке қарай, осы үрдіс үзіліп қалғандай. Сондықтан көшеде қаңғыбас иттер көбейген. Оларды аулау­ға бюджеттен қаржы бөлініп, арнайы мамандар атып жүр.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<