Жылы сөзі жанға дәру

4

0

Бір ғасырға жуық өмір сүрген марқұм әжем «Адам айдаса бар­майсың, Құдай айдаса қалмайсың» деуші еді. Сол ескіден жеткен есті сөздің шын мәнінде тура екеніне көзім жетті. Жасың ұлғайған сайын басың ауырып, балтырың сыз­дайтыны белгілі ғой. Мен де осындай күй кештім. Сөйтіп, осы жолы дәрігерлерге, яғни медицина маманына жүгіндім. Әуелі Алла, бабаларға сыйынып теміржол ауру­ханасының дәрігері Нұрдәулет Балдақовтың қабылдауына бар­дым.

Шындығын айтқанда көптен бері дәрігерлік байқаудан өтуім еді. Бұған ел арасындағы түрлі әңгімелер, медициналық байқау­дың заманауи тәсілдерге өзгергені әрі қазалылық ақжелеңділердің де біраз жетістікке жетіп жүргені себеп болған. Шын мәнінде мен бұған дейін ұзақ жылдар бойы Ташкентте, Алматыда, Астанада емделіп, қазалылық дәрігер­лерге мүлдем көрінбеген болатынмын. Міне, арада жылдар өткеннен кейін жоғарыда айтқан дәрігерлік бақылаудан өтуге тура келді. Осылайша Нұрдәулет Балдақов дәрігерлік жасайтын ақылы бөлімге барып, тексеруден өттім. Н.Бал­дақовтың әкесі Серік Әлжановты баршамыз білетінбіз. Кезінде өте танымал болған дәрігер қала берді облысқа, әсіресе Қазалы ауданына белгілі ақжелеңді абзал жан еді. Тек өмірден ерте өтті.

Жылы сөзі жанға дәру

«Тектілік тұқым қуалайды» демекші, сол асыл азаматтың ар­тында қалған тұяғы Нұрдәулет те медицина саласының белді де беделді маманы екен. Осылайша, ақылы бөлімге келіп, тиісті адам­дармен тілдесіп, келіншегіміз екеуміз екі адамдық №8-палатаға орналастық. Екеуміздің шүйірке­лесуіміз тез өтті, Нұрдәулет дәрігерлік антына берік азамат екенін танытты. Мені не маза­лай­тынын қосымша сұрап, өзі де ой қосып, дәрігерлік қызметін бас­тады. Ең бірінші жұмысы өкпе, жүректің қызметін арнайы бақы­лаудан өткізіп, еміміз жалғаса берді. Арада бір-екі күн өткен соң біздің қасымызға киіктің асығын­дай, көзінен мейірім төгілген мейір­бике қызымыз келіп, бізге дәрігерлік қызмет жасауды жалғас­тырды. Шипа іздеп келген адамға дәрігердің айтқан жылы сөзі күш-қуат береді екен. Қызымыздың есімі – Саяжан, тегі – Оразхан екенін білген соң әрмен қарай жұмысын жалғастырды. Саяжан қызымыз шынымен де атына заты сай адамға мейрім-шапағатын, қолынан келген саясын аямайтын жан болып шықты. Осылай алған еміміз жалғаса берді. Саяжан қызымызбен әңгімелесу барысында оның медицина саласында, әсіресе осы жерде біраз уақыттан бері қызмет жасайтынын, нақты мейірбике мамандығын бітіріп шыққанын біліп, марқая түстік. Мектепте жүргенде музыкамен, оның ішінде фортопианомен айна­лысқан қарапайым жан болып шықты. Жалпы емделуші мен дәрігердің арасында ең бірінші дәрігерлік бақылаудан бұрын, адами түсінушілік болу керек деп ойлаймын. Міне, дәл осындай адамгершілік тұрғыдағы түсіну­шілік Саяжанның бойында мол кездеседі екен. Адаммен тіл табысуы, өзін де, қоршаған ортаны да таза ұстауы оның біліктілігін білдірсе, кез келген адаммен тіл табысуы ашық-жарқын мінезін аңғартқандай. «Адамның мінез-құлқын, ұстанымын білу үшін ғұмыр бойы олармен бірге жүру шарт емес» деген бір досым. Сол айтпақшы аз ғана сәтте ол өзін өзгелерге көрсете білді. Әсіресе емделушілерге. Иә, Саяжаннан төгілген сәуле өмірге деген құштарлықты, адамның алдыға ұмтылушылығын қуаттап тұрған­дай. Бір атақты жазушының «Әттең шегелерді мықты адамдардан жасаса ешқашан майыспас еді» деген философиялық ойын оқып таңғалғаным бар еді. Менің санамды да «Емдеушілердің бәрі Балдақов Нұрдәулет сияқты адам­ның жанын ғана түсініп қоймай, әрі қарай жетелейтін азамат болса, Саяжан қызымыз сияқты жан-жағына сәулесін шашып тұратын мейірімді адам болса қандай керемет болар еді» деген ой биледі. Осылайша Саяжан салған сәуле тек палатаның ішін ғана емес, теміржол ауруханасының ішін көркейтіп жібергендей. Бәрекелді, Саяжан қызым!

Қашанда өзіңе үмітпен қараған емделушілердің көңілінен шыға беріңдер асыл жанды дәрігер мен мейірбике! Ел үшін жасаған еңбектеріңіз еселі болсын. Қашанда абырой биігінен көріне беріңіздер, Сіздерге толағай табыс тілеймін.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Ақпарат саласының үздігі,

Қазалы ауданының құрметті азаматы