Сайлаушылардың сұрайтыны – газ мәселесі

311

0

Бүгінде тұрғындардың 63%-і немесе 506 мыңы газбен қамтамасыз етілген. Оның ішінде ауылдық елді мекендердің тек 3,04 %-і ғана газдандырылған. 2025 жылға дейін ауылдарды сапалы ауыз сумен және газбен қамту деңгейін 10,4%-ке ұлғайту көзделіп отыр.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдар­ла­масында аймақта газбен қамту мәсе­лесіне басымдық берілген. Біз түсіндірме жұмыстары бары­сында,  сайлау­шылармен жүз­десуде бұл тұрғыдағы жұмыс­тардың  сапалы, уақытылы жүр­гізілуіне ықпал ететінімізді айтқан едік. Тұрғындарды алаң­дататын өзекті тақырыптың бірі – осы «көгілдір отын» мәселесі. Мамандардың айтуынша, бүгінде аймақты газбен жабдықтау үлесі –  65%. Ал 2025 жылға дейін облыс тұрғындарын «көгілдір отынмен» қамту көрсеткішін 75%-ке жеткізу жоспарда. Облыстық мәслихаттың Өндіріс және шаруашылық салалары, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отыры­сында осы мәселе кеңінен талқыға түсті.

Тұрақты комиссиялар мәсли­хаттардың үздіксіз және тиімді жұмыс істеуіне, депутаттардың шешімдерін әзірлеуге, оны орындауды ұйымдастыру мен бақылауға тікелей және кеңінен қатысуын қамтамасыз етеді. Со­нымен қатар дайындаушылық-кеңесшілік, бақылаушылық, ұйымдастырушылық міндеттерді жүзеге асырады. Сондықтан, комиссия төрағасы және «Nur Otan» партиясы атынан сайланған депутат ретінде  сайлауалды бағдарламада айтылған міндетті іске асыру, мәселенің шешімін табуына барынша ықпал етуді мақсат еттік. Комиссия отырысында қаралған мәселе өзекті. Себебі, облыста газдандыру бойынша атқарылар тірлік ауқымды.  Былтыр Аралдың Жақсықылыш елді мекені, Қазалының Ғ.Мұратбаев ауылы және Шиелінің Байсын елді мекені газға қосылды. Көмірді ығыстырар «көгілдір отынның» игілігін көру кезегінде әлі қаншама ауыл-аймақ бар. Жоба болғанмен, қаржы қолбайлау. 

Биыл Тереңөзек кентінің тұр­ғындары газбен қамтылса, жуырда Жосалы мен Жалағаш кенті қосылды. Жыл аяғына дейін Қазалы  қаласы және Шиелінің Қодаманов, Бекежанов ауылдары газдың игілігін көрмек. Ал қала іргесіндегі Наурыз бен Махамбетов тұрғындары  әзірге пеш жағатын сыңайлы. Газдың игілігін қашан көретінін мамандар нақты айта алмай отыр. Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов биыл газдандыруды бастауға 500 млн теңге бөлінгенін, жалпы жоба құны 5,5 млрд теңге құрайтынын алға тартты. Ал сол жағалаудағы елді мекендерді тұрақты түрде табиғи газбен қамтамасыз етуге «Ақшабұлақ-Қызылорда» және «Бейнеу-Шымкент» магистральдық газ құбырларын өзара байланыстыру жоспарда. Сонымен қатар бірінші автоматтандырылған газ тарату стансасын кеңейту қолға алынбақ. Осы жобалар іске асқанда  Ақжарма, Талдыарал, Сабалақ, Аэропорт, Бесарық, Айдарлы, Аманкелді елді мекендерін газдандыруға мүмкіндік тумақ.

Комиссия отырысында әріп­тестерімнің тарапынан газдан­дыру мәселесіне қатысты сала басшыларына сауалдар қойылып, ұсыныстар айтылды. Өйткені, халық пен билік арасындағы дәнекер депутаттардан сайлау­шылардың  сұрайтыны – «Бізге газ қашан келеді?» деген сұрақ. Комиссия отырысында талқыланған мәселе бойынша облыс әкіміне тиісті ұсыныстар жолданды. Газдандыру жайы жетекші партия – «Nur Otan»-ның, өкілді органның жіті бақылауында болады.

Бақдәулет МАҚАШОВ,

облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі,

Өндіріс және шаруашылық салалары,

қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану

мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<