Сыр мен Арқа арасы жаңа жолмен жалғасатын күн алыс емес

602

0

Сыр бойы мен Арқа жерінің арасында ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи-этникалық байланыстар бар. Аймақтар арасындағы осынау байланысты қазақ халқының дәстүрге бай ортақ шаруашылық кәсібімен сабақтастыруға болады. Бұрынғылардың айтуынша, Сыр бойының көшпелі байлары қыста өзен жағалап шаруаға қолайлы жер іздесе, көктем келе сонау Арқаға қарай мыңғырған малымен құлаған. Осы аралықты, бүгінгі тілмен айтқанда 1000-2000 шақырым қашықтықты малшылар қауымы бірнеше ай бойы көктей өтіп әрі-бері жылжып қоныс аударыпты. Шаруаға жайлы болған соң осындай үрдісті ғасыр бойы жалғастырған ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпағы техника дамыған заманда ара қатынасы біршама қиындай түскенін жасырғымыз жоқ. Айталық, Жезқазған мен Қарағандыға, Қостанайға жедел жету үшін тек қана ұшаққа сүйенетін жағдайымыз болды. Керек десеңіз, бұл ұзақ уақытқа созылды.

Шындығын айтқанда, мәселе әу баста өткір қойылған еді.

Қызылорда мен Жезқазған қалалары арасындағы аумақты қамтитын жол бөлігін салу мә­селесі Кеңес дәуірінен бері қозғалып келе жатқан мәсе­ле болды. Қазірдің өзінде Жез­қазған қаласына дейінгі 412 ша­қырымнан астам жолдың 120 ша­қырымы қиыршық тасты жол болса, қалған бөлігі тозығы жет­кен қазіргі талаптарға сәйкес кел­мейтін асфальт қабатты  жол­дан құралған. Тіпті осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын сол кездегі «Ленин жолы» мен «Путь Ленина» газетінің тілшілері осы жолмен титықтап Жезқазғанға барып, «Қайсардың» ойынын тамашалаған едік. Сол сапарда жолдың қиқы-жиқы екенін айтып маңыздылығын биліктің назарына салдық. Бірақ жылдар өтті, ортақ жүйе құлады, сол жүйемен бірге қаржыландыру мәселесі мүлдем құрдымға кетті. Міне, сол олқылықтың орнын тол­тырудың сәті енді келген сыңайлы. 

Осы мәселелерге байланысты Қызылорда және Жезқазған аралығын құрайтын 12-424 ша­қырым жолды қайта құруға 2019 жылы жобалау жұ­мыстары басталып, қазіргі күнге бұл толық аяқталды.

Осы жобаның бір бөлігі болып табылатын Қызылорда облысы аумағына қарасты республикалық маңыздағы А-17 «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шека­расы»  автомобиль жолының Қызылорда облысы аумағындағы 12-216 шақырымдар аралығын қайта құру жұмыстары жобасын «Каздорпроект», «Семдорпроект» және «Каздорпроект» жобалау-іздестіру институты» мекемелері бірлескен консорциумы жобалау-сметалық құжаттар рәсімдеу жұ­мыстарын атқарған, осы күнге бұл жұмыстар толық аяқ­талды. Қалай болғанда да құжат­тық атауы республикалық бол­ғанымен, бұл жолдың жақында ғана пайдалануға берілген «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолымен байланысуда үлкен маңызы бар.

Қазіргі уақытта бұл жобаны қаржыландыру мәселесі бойынша Еуропалық даму және қайта құру Банкінің кеңесшілері жан-жақты сараптамалардан өткізу жұмыстарын аяқтау үс­тінде. Сарапшылар, біздің пайым­дауымызша, бостан бос қаржы бөлмейді, жолдың келешекте қаншалықты қайтарым беретініне назар аударады. Ал бұл жолдың сарапшылар қайтарым беретініне күмәнданбайды. Ол тек қана жолаушыларды тасымалдайтын жаңа табыс көзі ғана емес, сол Батыс Еуропаға шығатын уақытты ұтып, жедел жететін қатынас өзегіне айналады.

Қазіргі уақытта бұл жобаны қаржыландыру мәселесі бойынша Еуропалық даму және қайта құру банкінің кеңесшілері жан-жақты сараптамалардан өткізу жұмыстарын аяқтау үстінде. Сарапшылар, біздің пайымдауымызша, бостан-бос қар­жы бөлмейді, жолдың келешекте қаншалықты қайтарым беретініне назар аударады. Ал бұл жолдың сарапшылар қайтарым беретініне күмәнданбайды. Ол тек қана жолаушыларды тасымалдайтын жаңа табыс көзі ғана емес, сол Батыс Еуропаға шығатын уақытты ұтып, жедел жететін қатынас өзегіне айналады.

Сонымен қатар бұл жобаны қаржыландыру маңызы зор мәселе ретінде  ҚР Үкіметінің  бақылауына алынғанын атап өту керек.

Жоба бойынша Қызылорда облысында жалпы ұзындығы 219 шақырым, оның ішінде:   Қызылорда қаласының айналма жолы – I б санатты, ұзындығы 15 шақырым, Қайта жаңарту 25-216 шақырым аралығы – II санатты, ұзындығы 204 шақырым құрайды. Техникалық тілі осындай болғанымен, жобаны жасаушылар оның барынша қолайлылығын алға тартады.

Ең бастысы, жолдың 25 шақы­ры­мынан бастап М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1827 шақырымына дейін Қызылорда қала­сын айналып өтіп, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізіне кіруге мүмкіндік береді, онда әр көлік Шымкент бағытына және Ресейдің Самара қаласына  қарай бағытқа жүре алады.

Тағы да техникалық параметр­лерге тоқталып өткіміз келеді. Жобада ені 7 метр болатын III техникалық санаттағы автомобиль жолын ені 9 метр болатын II техникалық санаттағы жолға ауыс­тыру қаралып отыр. Толығымен жарықтандырылған Iб санаттағы Қызылорда қаласының айналма жолын салу, 2 жол айырығы 2 ауыл­шаруашылық техникалары мен үй жануарларына арналған жол өткелі, су арналарынан өтетін 3 көпір, 2 көпфункционалды ара­лық бақылау (салмақ, габарит, жылдамдық) өлшейтін аркалар, заманауи жылы 5 дәретхана, 6 демалыс алаңы, 56 су өткізгіш құбыр, 10 мал өткелі, 117 жолдың қиылысуы және түйісуі қарастырылған. Қысқасы, өткелдер көп, олардың барлығы жергілікті өңірдің шаруашылық жағ­дайына қарай орайластырылған.

Жоба бойынша құрылыс-мон­таж жұмыстары 3 жыл мерзімде жүргізіледі және шамамен 2,5 мың адам жұмыс атқарады, оның 70 проценті, яғни, 1 750 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бұл жағынан жоба Сырдың бірқатар әлеуметтік проб­лемаларын шешуге мүмкіндік береді.

Осы жобаға байланысты алдағы уақытта бірқатар мәселені назардан тыс қалдырмау керек. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі пайдалануға берілгеннен оның келешек ақылы жолға айналатыны туралы жиі айтыла бастады. Қалай болғанда да нарық талабы осындай.

Қазір әлемде автожолдардың ұзындығы 30 млн шақырымнан асса, оның 200 мың шақырымға жуығы ақылы. Бұл көрсеткіш жыл са­йын өсіп келеді. Италияда 7, АҚШ-та 9, Мексикада 6, Қытайда 34, ал Жапония мен Малайзияда 10 мың шақырым жол ақылы екен. Ақылы жолдар Африка құрлығындағы бірқатар мемлекетте де бар. Қысқасы, заманауи және қауіпсіз жолдармен зымырап жүру үшін әлемнің 30-дан аса елінде ақы төлейді.

Ақылы жолдар болуын қалай­тындар да және оған қарсы пікір білдірушілер де бар. Десе де, әлем бойынша мұндай жолдардың болуы оның қажеттілігін көрсетеді, нарықтық экономикадағы елдер үшін қалыпты жағдай саналады.

Сөз жоқ, жол құрылысына көп қаржы жұмсалады. Оны күтіп-ұстау да оңай емес. Демек, бюджеттен қаржы шығынын азайтудың бір тәсілі – жолды ақылы ету. Дамыған елдерде бұрыннан бар тәжірибеден Қазақстан да тыс қала алмайды. Осылайша 2013 жылдың мамыр айынан бастап ұзындығы 224 шақырымдық «Астана-Щучинск» автобаны ақылы жолға айналып, бір жылда 800 млн теңгеден астам қаржы түскен.

Бүгінгі таңда елімізде «Нұр-Сұлтан-Щучинск», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қапшағай» және «Алматы-Қорғас» аралығында барлығы 682 шақырым болатын жол ақылы жүйеде жұмыс істейді. Өткен жылы осы жолдарды пайдалану нәтижесінде 5 млрд теңгеден астам қаржы түскен. Бұл қаржы жол учаскелерін жөндеуге, оны жақсы жағдайда ұстап тұруға, сервистік қызметтерді жақсартуға, басқа да игіліктерді жасауға жұмсалады.

Ақылы жолдарды пайдалану тәжірибесінің табысты іске асқа­нына байланысты 2019 жылы инфра­құрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қабыл­­данды. Соған сәйкес 2024 жылдың аяғына қарай елдегі 11 мың шақырым жол, яғни республикалық маңызы бар тас жолдың жартысы ақылы болады.

2025 жылы 11 мың шақырымдық жол ақылы негізге айналғанда Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жыл сайын 70 млрд теңгеден астам қаржы түсіреді деген болжам жасап отыр.

Оның ішінде «Қарабұтақ-Қызыл­орда» және «Қызылорда-Шым­кент» жол учаскелері бар. Бұл жол учаскелерін ақылы жүйеге енгізу биылдың өзінде бастау алады.

Ақылы жүйені енгізу жолдарда жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін және жайлылығын қамтамасыз етуге, жол апатын азайтуға, жол инфрақұрылымының дамуына ықпал ететін болады. Барлық төлем жүйесі енгізілген автожол учаскелерінде міндетті түрде жарықтандыру, үй жануарларының жолға шығып кетпеуі үшін қоршаулар, сондай-ақ, түнгі уақытта жүргізушілердің қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін арнайы белгілер мен катафоттар орнатылады. Ал, мони­торинг жүргізудің заманауи смарт-жүйесі жолдағы көліктердің легі мен жылдамдығын бақылайды.

Енді «Қызылорда-Жезқазған» жо­лының жағдайына қайта ора­лайық. Сарапшылардың пайымдауынша, жол негізінен коммерциялық табыс көздейтін жобаға көбірек ұқсайды. Демек, оның ақылы негізде болатыны осы бастан айтылуда. Оның үстіне жол бойы сервистік қызмет көрсету жанданады. Қазірдің өзінде тапсырыстар түсуде. Солардың бірі «Қазмұнайгаз» құрылымы болып табылады. Қысқасы, аталған жол нарық талаптарына сәйкес тиісті ережелерге сәйкес болуы тиіс. Бұл жолаушы үшін де тиімді, пайда көздегендер үшін де қолайлы болғалы тұр.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<