Тереңөзекте ұн зауыты іске қосылады

551

0

Сырдария – облыстағы ауыз сумен толық қамта­масыз етілген бірден-бір аудан. Ауданда барлық салада ілгерілеу бар. Өнеркәсіп кәсіпорындарында өнім өн­діру көлемі ұлғайған. Өткен жылы аудан экономи­касына 36 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Талғат Дүйсебаев айтып берді.
Аудан бюджеті өсіп, салық түсімдері артығымен орындалуда. Өнеркәсіп са­ла­сында оң динамика қа­лып­тасқан.
Мәліметтерге сүйенсек, ауыл шаруашылығының өнім көлемі 16,3 млрд тең­гені құрап, 1,8 процентке арт­қан. Карантиндік шектеу­лер мен су тапшылығына қара­мас­тан диқандар 21 мың гектарға күріш егіп, 63,5 центнерден өнім жинады. Енді шаруалар суды аз қажет ететін майлы дақылдар, көкөніс-бақша және мал азығы дақылдарын егуді қол­ға алмақ. Ауданға қарасты бір­қатар ауылдың каналдары тазартылып, аяқсу мәселесі шешімін тапты. Алдағы бес жылда 60 гектар жерге 84 мың түп ағаш егу жоспарланып отыр.
Әртараптандыру үшін ау­дандық бюджеттен қар­жы қаралып, Тереңөзек кенті А.Тоқмағанбетов және Қоға­лы­көл ауылынан 18,5 гектар жер учаскесі аграр­лық-индус­триалдық аймақ болып белгіленді. Іңкәр­дарияда 10 гектар жерге заманауи тех­нологияларды пайдаланып, бақша дақыл­дарының тұқы­мын өн­діру мен өсіру ісі жүзеге асырылмақ.
Ауданда мал басы көбей­ген. Өткен жылы 3924 тонна ет, 6963 тонна сүт және 185,4 мың дана жұмыртқа өндірілген. «Сыбаға», «Агро­бизнес», «Іс­кер» бағдар­ла­масы ар­қылы шаруалар төрт түлігін түлетті. Бесарықтағы «Абай Дәулет» серіктестігі уақ мал басын көбейту алаңын іске қосты. Ісін бастаған кәсіп­керлер саны артқан. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында мемлекеттік бағдарламалар арқылы 538 жоба құпталып, 540 жаңа жұмыс орны құ­рылған.
«Ақжарма-2» шаруа қожа­лығы «күріш ақтап, тазалайтын және кіші пастерленген сүт ­зауыттарын іске қосу, жылыжай және бау-бақша сақтайтын қойма салу», Тереңөзек кентінде «Аққұм Жер» серіктестігі «Ұн зауыты» жобасын іске асыруда.
Ауданда соңғы жылдары тұрғын үй салуда айтарлықтай жетістік бар. Биыл мемлекет есебінен 81 отбасы баспаналы болмақ. Тереңөзек кентіндегі жаңа шағын ауданға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша электр мен ауыз су желісі тартылды. Жол желісін дамыту, елді мекен көшелерін жөндеу жұмыстары жалғасып келеді. Нәтижесінде ішкі жолдардың 83 проценті асфальтталды.
Дегенмен, мәселе де жоқ емес. Ауданға қарасты елді мекендердің электр желі­лерінің 70 проценті тоз­ған. Әсіресе, Аманкелді, Шаған, Қоғалыкөл және А.Тоқ­маған­бетов ауылдары электр энер­гия­сынан жиі ажырауда. Қазір мәселенің шешімін табу мақ­са­тында тиісті жұмыстар қол­ға алынған.
Аудан халқы «көгілдір отын­ның» да игілігін көре бас­тады. Тереңөзек кен­тінің квар­­талішілік газ құ­быр­лары желісінің құры­лысы аяқталып, табиғи газға қосылды. Ендігі кезекте А.Тоқмағанбетов, Қал­­жан ахун, С.Сейфуллин, Ша­ған елді мекені тұр. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылатын болады.
Аудан әкімі «Еңбек» бағ­­дар­­­ла­масының нәтижесі, жұ­­­­мыс­пен қамтылғандар, мемлекеттік жәр­демақы ала­­тын­­­­дар және мүмкін­дігі шек­­теулі аза­мат­тарға жасалып жат­­қан шаралар мен «Дипломмен – ауылға» бағдар­лама­сының же­місі туралы баян­дады. Білім сала­сында да айтарлықтай өзгеріс бар. Пан­демияға байланысты оқу­шылар онлайн форматта білім алды. Қазір аудандағы 17 мектепте 8232 оқушы бар. Білім беру ұйымдары түгелдей интернет желісіне қосылған.
Брифингте медицина, мә­де­ниет, спорт, мем­ле­кет­тік жастар саясатының жү­зеге асырылуы жа­йында атқарылып жатқан жұмыстар да айтылды. Аудан басшысы алға межеленген жоспарларды да тарқатты.

Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<