Төрт зертхана, үш шеберхана және оқу алаңы

1290

0

Елімізде «Жас маман» жобасы жүзеге асып жатыр. Жоба негізінде техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының материалдық-техникалық базасы оқу процесіне қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылуда. Оның артықшылығы – еліміздің экономикасын дамытуға ең қажетті мамандарға басымдық беру.

Қазалы аграрлы-техникалық колледжі «Жас маман» жобасының өткен жылғы жеңімпазы. Жоба шеңберінде колледжге республикалық бюджеттен 323 312 теңге бөлінген.  Осы қаржыға 1201000 – «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», 1501000 – «Ауылшаруашылығы ­техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандықтары бойынша төрт зертхана, үш шеберхана және оқу алаңы жабдықталып, алғаш рет шетелдік заманауи жабдықтар сатып алынды. Бұған дейін еліміздің оқу орындары мұндай құрал-жабдықтармен қамтылған емес. Құрал-жабдықтың дерлігі Германия, Италия сияқты алпауыт елдерден шыққан. Енді студенттер оқу-өндірістік шеберханаларда осы шетелдік құрал-жабдықтарды емін-еркін үйреніп, меңгереді.

«Жас маман» жобасы шеңберінде екі мамандық бойынша құзыреттілік орталығы ашылды. Ашылу салтанатына «СТАгро» ЖШС Қызылорда фи­лиалының директоры Қайрат Абжамалов, «СТАгро» Ақтөбе филиалының өкілі Кирилл Юдиков, «СТАгро» ЖШС оқыту бөлімінің менеджері Виктор Вутов қатысып, әлеуметтік ынтымақтастықты одан әрі нығайту және құзыреттілік орталығының жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында «СТАгро» ЖШС мен Қазалы аграрлы-техникалық колледжі арасында әлеуметтік әріптестік меморандумына қол қойылды.

Құзыреттілік орталығының басты мақсат­тарының бірі – Worldskills Кazakhstan  чемпионаттарына қатысу үшін аймақтық команда мен Қазақстан құрамасына бәсекеге қабілетті қаты­сушыларды даярлау инфра­құры­лымын қалып­тастыру. Оған қоса, білім беру ұйымдарының  өндірістік  білім беру оқыту­шылары мен шеберлері қатарынан сарапшылар қауымдастығын қалып­тастыру. Оларды Worldskills Кazakhstan талаптарына сәйкес оқыту. Қызылорда облысы аумағында таңдалған құзыреті бойынша Worldskills Кazakhstan стандарттарын іске асыру және оқу процесіне WorldSkills стандарттары мен модульдік-құзыреттілік тәсілін енгізуге ерекше назар аударылуда. Білім алушылардың қабілеттілігін, қызығушылығын және қажеттілігін, шығармашылық даралығын, белсенділігін, өзіне деген сенімділігін арттыруды, бәсекеге қабілетті маман етіп тәрбиелеуді мақсат етіп отыр. Осы мақсаттар өз кезегінде дер уақытында іске асырылып, нәтиже көрсетуде. «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету», «Ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторларын жөндеуші-слесарь» құзыреттілігі  бойынша Worldskills Кazakhstan  чемпионатының облыстық кезеңінің осындай материалдық-техникалық базасы дамыған колледж базасында өткізілуі – соның айғағы. 

«Worldskills-2021» Ұлттық чемпионатының республикалық кезеңіне қатысушыларды іріктеу мақсатында өткізілген облыстық чем­пионатқа колледж 5 құзыреттілік бойынша қатысып, «Кірпіш қалау» бойынша бірінші орын, «Дәнекерлеу технологиясы» бойынша бірінші орын, «Ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторларын жөндеуші-слесарь» бойынша бірінші орын, «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» бойынша екінші орын, «Аспаз ісі» бо­йынша үшінші орынды иеленді. Үш жеңімпаз республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл өз кезегінде заманауи жабдықтарды меңгерген болашақ мамандардың да жұмысқа орналасуына жол ашары сөзсіз.

Өткен оқу жылында колледж жаңа жіктеуіш бойынша 21 мамандық 44 біліктілікке лицензия алды. Қазір алдағы оқу жылында оқытылатын мамандықтар бойынша оқу бағдарламалары әзірленуде. «Жас маман» жобасымен жабдық­талған колледж ұжымы бәсекеге қабілетті маман даярлауда аянбай еңбек ете береді.

Арман МУСАЕВ,

Қазалы аграрлы-техникалық

колледжінің директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<