Ветеринария: Бақылау босаңсымауы тиіс

504

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаевпен кездесіп, есебін тыңдады.

Облыс көлемінде ветери­нария­лық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында тиісті іс-шаралар ат­қарылуда.

Биыл аса қауіпті 16 түрлі жұқпалы ауруларға республикалық бюд­жет есебінен қаралған 6311,2 мың доза ветеринариялық пре­парат­тың бүгінгі таңда облысқа 6095,5 мың (96,6%) дозасы жет­кізілді. Қазіргі күні бекітілген 8 ай­лық жоспарға сәйкес алдын ала егу жұ­мыстары 86,7 процентке орындалды.

Бруцеллез ауруына қарсы диаг­нос­тикалық тексеру нәтижесінде ауру болып анықталған 42 бас мүйіз­ді ірі қара, 177 бас уақ мал ветери­нариялық-санитариялық талаптарға сәйкес уақытылы сойылды.

Облыста 382,3 мың бас мүйізді ірі қара, 836,2 мың бас уақ мал, 175,6 мың бас жылқы, 57,9 мың бас түйе, 1,5 мың бас шошқа, ауыл шаруашылығы жануарларын бір­дейлендіру ақпараттық жүйесінде тіркелген.

Облыс әкімі Арал ауданындағы қалыптасқан жағдайға ерекше мән берді. Аудан бойынша жыл басынан маусым айына дейін 481,  1 маусым – 15 шілде аралығында 93, 22 шілде – 6 тамыз аралығында 14 бас малдың өлім-жітімі тіркеліп, бүгінгі күнге 588 бас болып отыр. Клиникалық бел­гілеріне сәйкес «алиментарлы дистро­фия», яғни мал көтеремдіктен өлген.

Осыған байланысты аудан бойын­ша қысқа қажетті шөптің көлемі нақтыланып, қазіргі күні осы қажет­тілікке орай 15145 тонна шөп және 845,4 тонна жем жеткізілген. Сонымен қатар, мал басын сақтап қалу үшін басқа өңірлерге 540 бас уақытша жіберіліп, есептен шығарылды. 450 бас Шалқар ауданымен шектес жайылымдарға ауыстырылғандығы баяндалды.

Мұнымен қоса, Арал ауданының Жақсықылыш кентінде 13 бас, Қара­құм ауылдық округінде 10 бас, Аққұм ауылдық округінде 3 бас, барлығы 26 бас түйе «некро­бактериоз» ауруымен ауырды. Ауру мал уақытылы оқшауланып, тиісті емдік шара­ларын жүргізу нәтижесінде барлығы жазылып, жайылымға қосылды. Өлім-жітім тіркелген жоқ. Қазіргі таңда эпи­зоотиялық ахуал тұрақты.

Ауыл шаруашылығы жануар­ларына, олардың өнімдері мен шикі­затына берілетін ветери­нария­лық анық­тамалар «Бірыңғай авто­маттан­дырылған басқару жүйесі» арқылы рәсімделуде. Жыл басынан 28351 дана ветеринариялық анық­тамалар беріліп, мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Облыс көлемінде жыл басынан ит-мысықтан 588 адам жарақат алу оқиғасы тіркелген. Осыған орай, қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын шектеу мақсатында аулап-жою жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Қазірде 14883 бас қаңғыбас ит пен мысық ауланып, жойылған.

Сондай-ақ, Шахмардан Қойшыбаев облыс бойынша 90 типтік жобадағы мал қорымы пайда­ланылып, әлі де 56 типтік жобадағы мал қорымын салу қажет­тілігін атап өтті. Басқарма басшысы жалпы саланың материал­дық-техникалық жарақтану жағдайын баяндады.

Аймақ басшысы ветеринариялық ұйымдарды материалдық-техни­ка­­лық жарақтандырудың, апаттық жағ­дайдағы ветеринариялық пункт ғимараттарын және типтік жобадағы мал қорымдарын салудың кезең-кезеңімен орындау жоспарын әзір­леп ұсынуды тапсырды. Облыс көлемінде тиісті ветеринариялық іс-шаралардың уақытылы орындалуын ұйымдастыруды жүктеді.

Сонымен қатар, Арал, Қазалы, Жалағаш, Шиелі аудандары және Қызылорда қаласы әкімдерімен бірлесе жұмыс жасап, типтік жоба­дағы мал қорымдары мен сібір жарасы ауруының ошақтарын облыс­тық теңгерімге берілуін қам­та­масыз ету жөнінде тапсырма берді. Арал ауданында қалыптасқан жағдайды күнделікті бақылауда ұстау қажет екенін айтты.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<