Жаңа есімдер – жаңа кезең

917

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеу жариялады. Президент «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңда және «Саяси партиялар туралы» заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 проценттік квота енгізілгенін  айтты. Көптеген озық елдерде  жастарға арналған квота міндетті түрде бекітілген. Біздің елде бұл бастаманың мақұлдануы «асыл тастан, ақыл жастан» деп білетін халқымыздың, жас буынға үкілі үміт артқан ел ағаларының сенімі.

Бұл – жастар үшін маңызды қадам, жаңа есімдерді іріктеу кезеңі және өңірлердің жаңаша дамуына да осы жастар жаңаша серпін береді деп айта аламын. Байқап қарасақ, қазіргі таңда Парламент Мәжілісі депутаттарының орташа жасы 55 жас екен. Мәжілісте 40 жастан төмен азаматтар аз. Облыстық мәслихаттың өзінде 35 жасқа дейінгі жас жоқ. Өңірде жастар саясатының тұралап қалатын кей тұсына да осы себепші.

Озық ойлы, тың идеясы бар, креативті жастар жастар арасындағы жұмысқа орналасу, тұрғын үй, білім беруге қатысты өзекті мәселелермен етене таныс және олардың түйінін тарқату жолында қолдан келгенше қызмет ете алады. Қандай мәселелер барын зерделеп, қандай қолдау қажет, олар неге мұқтаж екендігін ашық көрсетіп, нақты механизмдерді ұсынуға тырысады және елдің дамуына, өңірдің көркеюінде де өзіндік қолтаңба қалдырып, оған ерекше үлес қоса алады.

Президент айтқан квота арқылы бірқатар олқылықтың орны толып, жастар қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуға мүмкіндік алатын күн де алыс емес, өзгерістер уақыты жақын.

Бауыржан МАСТЕКОВ,

облыстық «Жастар ресурстық орталығың» директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<