Жаңа ғылыми идея мемлекеттік қолдауды қажет етеді

368

0

4. Сөзжасамдық жүйе генетикалық тұрғыдан

Сонымен, дыбыстанымнан сөзта­нымға өтсек, сөзжасамдық жүйе қыз­меті генетикалық тұрғыдан былайша көрінеді: мысалы, жоғарыда келтірілген БІР сөзіндегі УП негізі («бі» элементі) ғаламның («шар-қоршаудың») «бүтіндік» ұғымын білдіріп тұр: әрбір «бүтін» нәрсе – біреу (БІР). Бүтін сөзінің өзінде де осы УП тілдік негізінің «бү» нұсқасы қолданылып тұр: Ғалам – Бүтін. Тарата түссек: әрбір бүтін нәрсе – «бөлек», әрбір бөлек нәрсе – «басқа», әрбір басқа нәрсе – «бөтен», т.б. Бұл сөздердің бәрі де бір ғана УП тілдік негізі арқылы жасалған. Осылайша логикалық интерпретациялау арқылы адамзат тіліндегі сөздердің пайда болуының логика-философиялық негіздері айқындалады. Орыс тілінен келтірілген «мир» (ғалам) сөзінде УП-«шар-қоршау» (Ғалам) логикалық ұғымы өзінің тура «шар-қоршау» мағынасында қолданылып тұр: Ғалам – шартты түрдегі «Шар-қоршау», «Ұлы Қоршау». Көне түркідегі ЕБ «үй» сөзі де осы  – «УП шар-қоршау» логикалық ұғымы арқылы жасалған: ҮЙ – адамзаттың отбасымен тіршілік ететін әлемі – кіші әлем. Бұл ұғым орыс тілінің «дом» сөзінің құрамында «ом» түрінде, арабтың «бейіт» сөзінің құрамында «бе» түрінде келеді. Қысқасы, «Ғалам» заттық ұғымы және оның құрылымдық-семантикалық элементтерінің  заттық ұғымдары «логикалық ұғымдар» түрінде абстракцияланып, адамзат тілі сөздерінің ең ілкі жасалу негіздерінде қызмет етіп тұр. Төменде «бұру» (вращать) ұғымының қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі УП-негізі арқылы берілуінің кейбір мысалдарын келтірдік:

Қорыта айтқанда, генетикалық тіл ғылымы бүгінгі алуан түрлі тілдердегі  сөздердің генетикалық туыстығын тануға ғана емес, жалпы адамзаттық ілкі ойлау жүйесінің, яки ақыл-ой қызметінің  принциптерін түсінуге, адамзат тілінде жинақталған жалпы адамзаттық  құндылықтарды тереңнен тануға жаңа мүмкіндіктер ашады. 

ІІІ. ТІЛ БІЛІМІ САЛАСЫНА ЖАҢА МАЗМҰНДАҒЫ БІЛІМ БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАЖЕТ

Қарап отырсаңыз, қазіргі дыбыстаным мен сөзтаным, жалпы, тілтаным туралы түсініктеріміз генетикалық тұрғыдан  мүлде жарамсыз екеніне көз жеткізесіз деп ойлаймын. Біз алдағы уақытта мектептер мен ЖОО-да тілдік ақиқатқа сәйкес келмейтін, ескірген көзқарастарды оқу мазмұнынан ығыстырып, генетикалық тұрғыдағы жаңаша түсінікті енгізе отырып, тіл білімі саласындағы жаңа білім бағдарламасын жасау қазіргі уақыт талабы деп білеміз және бұл тіл ғылымының тек жоғарыда аталған ДЫБЫСТАНЫМ (фонетика) саласына ғана емес, барлық салаларына дерлік қатысты.

ІІ. Сөзтаным ( лексикология)  саласында:

1. Сөздің идеялық (мағыналық-семантикалық ) жағының пайда болу, өзгеру жүйесі дұрыс оқытылмайды. Сөз мағынасының пайда болуының идеялық түпнегіздері туралы түсінік жоқ. Тіл және ойлау мәселелері мүлде назардан тыс қалады. Бірден дайын мағыналар, олардың әртүрлі өзгерістері туралы айтылады. Сөздің көпмағыналылығы, синоним, антоним болуының себептері, т.б. көптеген мәселелердің генетикалық табиғаты ашылмағандықтан, бұлайша оқыту – жаттанды оқыту, бұрын-соңды айтылған әртүрлі пікірлерді жалпылама қайталау ғана болып шығады. Мұнан студент жүйелі білім алмайды, тек сол бұрынғы қалыптасқан көзқарастарды дұрыс-бұрысын екшеп түсінбестен, ой елегінен өткізбестен,  қайталап айтуға ғана ұмтылады, соған мәжбүр болады.

2. Сөз пайда болуында аса маңызды қызмет атақаратын тілдік негіздер мәселесі лексикологияның да, морфологияның да назарынан  мүлде тыс қалады. Өйткені қазіргі тіл ғылымында тілдік материалдық-идеялық негіздер, тілдік таңбалар, яки ең ілкі сөз қалыптары туралы түсінік мүлде жоқ. Бұл мәселені тек генетикалық тіл білімі ғана түсіндіре алады.

3. Ұғым, логикалық ұғым, заттық ұғым, семантикалық өрістер мәселесі тереңдей түсіндірілмейді.

4. Атау теориясы дұрыс түсін­дірілмейді.

5. Сөздің пайда болуы этимология тұрғысынан ғана оқытылады, ал мұнда аса көп қателер мен бұлдыр болжамдар мол. Сөз пайда болуын генетикалық тұрғыдан қарастыру аса маңызды.

ІІІ.  Сөзқұрылым (морфология) саласында:

1.  Сөз құрылымы дұрыс оқытыл­майды. Сөз құрылымы түбір мен қосымшадан тұрады, –  деп түсін­дірі­леді және түбір термині мен негіз (основа) терминдерінің түсініктері шатыстырылып, өте зиянды қате пайымдауларға жол беріледі.

2. Тілдік негіздер туралы мәселе – тіл генетикасы ғылымы ғана ашып отырған ең жаңа және аса маңызды ғылыми жаңалық. Мұның қазіргі тіл білімін оқыту жүйесіне енгізілуі өте қажет. Осы мәселе түсіндірілмегендіктен де бүкіл тілдік құбылыстың болмысы дұрыс танылмай отыр.

ІV. Сөзжасамдық    жүйеде   сөз­жасам негіздері дұрыс түсінілме­гендіктен, сөз жасалуындағы қосым­шалар қыз­метіне ғана баса көңіл бөлінеді және соның өзінде бұл дұрыс, жүйелі баяндалмайды. Ал сөз пайда болуының генетикалық негіздері, генетикалық сипаттағы семантикалық өрістер, олардың өзін­дік ерекшеліктері т.б. мәселелер қа­зіргі ғылымның түсінігінде жоқ.

V. Тарихи грамматика қазірде, қазақ тіл білімінде, негізінен, М.Томанов авторлығымен  өткен ғасырдың 60-жылдарында шыққан оқулықпен («Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», М.Томанов, қайта басылымдары бар) оқытылады және бұл оқулық  білім мазмұны жағынан да, оқулық ретіндегі сапасы тұрғысынан да көнерген. Тарихи грамматика:

1) Құрылымдық тіл білімінің бір саласы болып табылады, яки мұнда тілдің танымдық мәселелері қарастырылмайды.  Біз тіл ғылымын­дағы тарихи грамматиканың  жетіс­тіктері мен мүмкіндіктерін жоққа  шығармақ емеспіз. Дегенмен, нақты тарихи деректер мен нақты тарихи уақыт шеңберінде тұйықталып қалған бірыңғай құрылымдық бағыттағы ізденістер тіл табиғатын тереңнен түсіндіруде дәрменсіз екені ғылымда енді айқын көрініп отыр. Мұнда тіл генетикасы ғана терең мәліметтер бере алады.

2) Тарихи грамматикада тіл дыбыстарының тарихи өзгеру заңды­лықтарын түсіндіруде көптеген кем­шіліктер, қате көзқарастар бар.

3) Түбір мен негіз мәселесінің проблемалары, яки бұлардың дұрыс түсіндірілмей отырғаны мұнда да айрықша көрінеді;

4) Бір буынды түбірлер деп аталатын тілдік бірліктер дұрыс айқын­далмаған. 

5) Тарихи грамматика оқулық­тарында орын алып отырған түбір сөз табиғатын сөздің қосым­шалары арқылы зерттеу әдісі ақиқатқа сай келмейді. 

6) Аталған «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» (М.Томанов) оқулығында көптеген шетелдік ғалымдардың кезінде, мүмкін, алуан түрлі ғылыми ізденістерінің нәтижесі ретінде көрінген, бірақ қазірде, көбінесе, әртүрлі нәтижесіз болжамдар ретінде ғана бағаланатын, тілдік ақиқатқа сай келмейтін, студенттер үшін еш қажетсіз  пікірлеріне аса көп орын беріледі.

7) Тірі организм ретіндегі тіл табиғатына мүлде жат, яки тіл­дік ақиқатқа сай келмейтін «өлі түбір­лер», «өлі қосымшалар» деген тілдік элементтер туралы айтылады. Гене­тикалық тіл білімі тілдік құбы­лыстың бойында ешқандай да өлі элемент болуы мүмкін емес екендігін көрсетеді.

8) Сөздердің тарихи өзгеруі мен алуан түрлі нұсқалануының себептері толық және тереңнен түсіндірілмейді.

Қорыта келгенде, тарихи грамматика оқулығы жаңаша мазмұнда қайта жазылуды қажет етеді.

VІ. Танымдық (когнитивтік) лингвистика қазірде тілдік құбылысты этнолингвистикалық тар ауқымда оқытады. Тілдің түпкі негіздерінде жалпы адамзат баласына ортақ ғалам­танымдық түсініктер тұр. Жалпы адамзат тілі  бір негізден тараған. Бұл пікірді көптеген ғалымдар қазір де қолдайды. Мұны тіл генетикасы түсіндіріп бере алады. Сондықтан тілді жеке ұлттық құндылық ретінде қарамастан бұрын, ең әуелі оны жалпы адамзаттық ұлы интеллектуальдық мұра деп қарау керек. Тіл генетикасы тұжырымдары бұл бағытта аса мол материалдар бере алады. Ал ұлттық ауқымда қалып қойған тіл ғылымы тіл бойындағы жалпы адамзаттық игіліктерді жеке ұлттық ауқымға тартып, оның маңызын барынша тарылтып тастайды. Бұл «Тіл – ұлттың рухы» деген В.Гумбольдт көзқарасын теріске шығару емес, біз оны жалпы адамзаттық тұрғыдан кеңейту қажеттігі туралы айтамыз.

VІІ. Жалпы тіл білімі пәнінде тілдің негізгі теориялық мәселелеріне қатысты қазірде қалыптасып отырған көптеген қате көзқарастар оқытылады. Бұл пән мазмұны үш бөлімнен тұрады: 1. Тіл зерттелуінің тарихы; 2. Тілдің теориялық мәселелері. 3. Зерттеу әдістері. Пәннің 1-бөлімінде студенттерге тіл және ойлау, тіл пайда болуы мәселелері туралы ерте замандардағы қытай, үнді, араб, грек елдері ғалымдарының еш нәтижесіз аяқталған, бүгінде студентке еш пайдасы жоқ, тек қосымша оқуға ғана ұсынуға тұрарлық материалдары оқытылады. Қайсыбір замандардағы авторлар, олардың қайсыбір жылдары шыққан, атын оқытушының өзі де әзер есінде сақтайтын (сақтаса), тілдің шынайы табиғатын түсіндіруге мүлде пайдасы жоқ кітаптары туралы ұзын-шұбақ әңгімелер – қазіргі студентке еш қажетсіз материалдар.  

Пәннің 2-бөлімінде тіл білімінің ең басты мәселелері: тіл пайда болуы, тіл және ойлау, тілдік таңба мәселелері кезінде батыстық (орыс) тіл білімінде қалыптасқан, қазірде мүлде ескірген көзқарастар бойынша түсіндіріледі. Біз бұл мәселелерге: тіл пайда болуына да, тіл және ойлау мәселелеріне де, сондай-ақ тілдік таңбалар жайына да  қазірде ұсынылып отырған отандық жаңаша ғылыми көзқарастар, яки генетикалық тіл білімінің жетістіктері тұрғысынан келу жөн деп білеміз. Бір ғана мәселеге тоқталайық. Қазіргі жалпы тіл білімі курсындағы тіл теориясына қатысты бөлімде «Тіл – таңбалық жүйе» – дейді де, «тілдік таңба – сөз» деген ақиқатқа сай келмейтін көзқарасты түсіндірмек болады. Тілдегі әр сөз бір таңба болғанда, бір тілдің өзінде ғана сан мыңдаған таңбалар бар болар еді. Ал таңба ұғымының шынайы табиғатына мұндай түсінік сай келмейді. Мысалы, сан мыңдаған халқы бар қазақ рулары тек бір ғана таңбаның төңірегінде бірігеді. Шындығында, тілдік таңбалар таби­ғаты да сондай, яғни бір ғана тілдік таңба арқылы сан алуан тілде сан мыңдаған сөздер жасала алады. Мұның ішкі құпиясын генетикалық тіл ғылымы ғана түсіндіріп бере алады. Тіл теориясының аса маңызды мәселелерін дұрыс түсіндірмейтін, студенттерге қажетсіз, пайдасыз мәліметтерді орынсыз және жүйесіз үйіп-төгіп беруге негізделген қазіргі жалпы тіл білімі пәнінің еш ғылыми мәні жоқ. Мұның орнына тілдің генетикалық теориясын оқыту аса маңызды болмақ. ЖОО-ның алғашқы курсында оқытылатын «Тіл біліміне кіріспе» пәні де осы тәрізді ескірген көзқарастарға негізделген.

VІІІ. Адамзат жазуының пайда болу негіздері туралы түсінік те генетикалық тұрғыдан тілдік таң­балармен байланысты түсіндіруді қажет етеді.

Генетикалық тіл білімі мәсе­лелерін оқыту тек бір тілді ауди­то­рияға ғана қатысты емес. Бұл пән көп тілді аудиторияға да арналады. Яки, мұны тіл бағытындағы оқитын орыс, ағылшын, араб, т.б. мамандықтардағы студенттер осы тілдердің лексикалық материалдарын өз ішінде де, сондай-ақ өзге тілдермен өзара генетикалық тұрғыдан салыстыра отырып та оқи алады. Мұның өзі студенттерді еркін, ғылыми ойлауға баулиды, қалыптасып қалған, бірақ қазірде ғылыми мәні жойылған қасаң теориялық ережелердің кемшіліктерін өз көздерімен көруге, практикалық, лабораториялық  тұрғыдан  жұмыс жасауға үйретеді. Аталған мәселелер туралы кезінде республикалық «Еге­мен Қазақстан» газетіне («Тіл ғылымының негіздеріне жаңаша көзқарас керек» («ЕҚ»., 24-сәуір, 2018 ж.) мақала жариялап, бұл жайларды республика көлемінде көтеру қажеттігін айтқан болатынмын. Қазақстанның көптеген ЖОО-ларында осы мәселе бойынша лекциялар оқып, көптеген кафедралар мен белгілі ғалымдардың оң пікірлерін де алдым. Қызылорда облысы әкімшілігі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда  университетінің қолдауымен және белгілі ЖОО Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық универ­ситеті және Қазақ Ұлттық қыздар педа­гогикалық университеті тіл кафедраларымен бірлесе отырып, үстіміздегі жылдың 14-сәуірінде «Генетикалық тіл ғылымы – гуманитарлық білім­нің заманауи жаңа бағыты: зерттелуі, мәселелері, болашағы» тақыры­бындағы І Халықаралық ғылыми-теориялық онлайн конференция ұйым­­дастырылып, оған қатысып, баян­дама жасаған отандық және шетел­дік белгілі ғалымдар (Белоруссия, Қырғызстан, Өзбекстан ғалым­­­дары) генетикалық тіл білімі идея­сының халықаралық дәрежеде наси­хатталуына ұсыныстар жасады.

Адамзат тілінің теориялық мәсе­лелері кезінде орыс тіл ғылымы­ның көрнекті өкілдері ғана айналысып, саяси бағытталып отырған сала болды. Егемендік рухы ғылым саласына еркіндік берген тұстағы бұл бағыттағы игі табыстарымыз Қазақстан ғы­лымының жетістіктері ретінде әуелі өз елімізде, онан тыс әлемдік деңгейде насихатталуы – елдігіміздің де іргелі бір мақтанышы болады деп білемін. Тіл ғылымында ғана емес, гуманитарлық ғылымның өзге де салаларына – философия мен логикаға, семиотикаға, т.б. қатысты жаңа көзқарасты – қазақстандық ғылымның көзқарасын қалыптастыру – еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін көтереді. Бүгінге дейін тіл білімі саласында тек біржақты батыстық концепция ғана үстемдік етіп келді. Ескі  батыстық көзқарастағы  адамзат тілі сөздерінің өлі (мағынасыз) дыбыс­тардан кездейсоқ пайда болғаны туралы теріс түсінігін оқытудан, тілдік құбылысты сол тұрғыдан зерттеуден бас тартатын кез келді.  Адамзат тілінің ғаламдық жаратылыс-болмыспен ты­ғыз байланыста пайда  болған аса киелі, сакральды құбылыс екендігін түсіндіретін генетикалық тіл ғылымы идеяларының артықшылығын бүгінгі білім беру жүйесі мен ғылыми зерттеу­лерде қолдану – қазіргі заманауи тіл ғылымның аса маңызды жаңалығы болмақ.

Шанжархан БЕКМАҒАМБЕТОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

(Соңы. Басы өткен санда)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<