Жеңіл өнеркәсіптің ауыр жүгі

936

0

Елімізге әлем елдерінің бірталайынан киім импортталады. Оның ішінде алыстағы Лаос, Гватемаладан бастап, Түркия, Италия, көрші Қытай мен Ресей бар.  Қазақстанға әкелген жеңіл өнеркәсіп өнімі экспорттан 30 есе асып түседі. Негізгі импортшылар арқылы жыл басынан Өзбекстан мен Ресейден 18,1 мың тонна киім келген. Басқа елдерден сомасы 350,8 млн доллар тұратын 44,2 мың тонна киім жеткізілген. Әлемнің басқа елдерінен келген импорттың 85,1%-і Қытайға тиесілі.

Иә, үстіміздегі жейде, шалбар, аяқ киім, бас киім, тіпті шұлығымызға дейін өзге елдің өнімі екені жасырын емес. Отандық киімді тұтынатындар саны санаулы. Себебі, қара базардағы киім-кешектің бәрі қытай, түрік, қырғыз, өзбек елінен келген. Ал, өзіміздің ісмерлердің қолынан шыққан дүниені сатып алуға қалта көтермейді. Өйткені, шикізат бәрібір сырттан келетіндіктен, бағасы тым қымбат. Сондықтан да қарапайым жұрт қытай мен қырғыздың сапасыз әрі арзан киімдерін сатып алады. Неліктен? Жауап іздеп көрейік.

«Тігін машинасын жөндейтін шебер жоқ»

Облыстық жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы Дина Махатованың айтуынша, жасалып жатқан шаруалар бар дегенмен өте мардымсыз.

–       Біздің қауымдастыққа әзірге 20-ға жуық шағын тігін, тоқыма, аяқ киім шығаратын кәсіпкер тіркелген. Пандемияның залалы қауымдастық мүшелеріне де өз әсерін тигізбей қоймады. Мектепке оқушы бармағандықтан, көп тігіншілер тапсырыс ала алмай қалды. Биыл оқу оффлайн түрде болса, форма тігуді қолға алар едік. Бұл бағытта білім басқармасымен келіссөз жасауды ойластырып отырмыз. Мен өзім «Ас-кА» деп аталатын ЖШС  директорымын. Жұмысшыларға арналған  киімдер, қолғап тігеміз. Бір қолғапты тігу үшін қанша еңбек, төзім керек екенін қарапайым адам түсінбейді. Айталық, теріні сырттан алдырамыз. Оның 1 дециметрі 80 теңге тұрады. Тері болғандықтан ол созылады, жыртылады. Ал теріге шыдас беретін тігін машинасы аяқасты істен шықса, оны жөндейтін қала бойынша бір ғана шебер бар. Міне, біздегі мәселе осындай. Өңірдегі кәсіптік-техникалық оқу орнының бірде-бірінде тігін машинасын жөндейтін маман даярланбайды. Өскемен мен Қостанайда мұндай оқу орындары бар. Заманауи үлгідегі тігін машинасымен жұмыс жасау кәсіпкерге өте оңай әрі өнімді. Алдағы уақытта қауымдастық мүшелерін Шымкент қаласына апарып, әріптестеріміздің жасап жатқан жұмыстарымен таныстырып, тәжірибе алмассақ деймін. Себебі, оларда үлкен-үлкен зауыт, фабрикалар жетерлік. Ауызбен айтқаннан, көзбен көрсе біздің кәсіпкерлер де жұмысты алға қоюға болатынына сенер еді,– дейді Дина Ордабекқызы.

Тігіншілер отандық өнімді дамытуға, оны халыққа ұсынуда еңбектеніп жатыр-ақ. Алайда, көлденең кездесетін кедергілер тұсау болып тұр. Жұртшылықты күнделікті киетін киімдермен, аяқ киіммен, балалар киімімен қамтамасыз еткілері де келеді. Сырттан келетін арзанқол дүниелердің молдығы мен қолдаудың аз болуы ойлаған мақсатты жүзеге асырмай отыр.

Теріден пайда таппаймыз…

Тері өнімдері дейміз. Алайда өңделген терінің өзі сырттан келеді. Мал терісінің сырт мемлекеттерге, негізінен, Қытайға шикізат түрінде арзанға сатылып, кейін дайын өнім түрінде бірнеше есе қымбат бағамен кері қайтатынын Мәжіліс депутаттары мәселе етіп көтерді. Олардың дерегінше, шамамен 2 млрд еуро тұратын мал терісі көлеңкелі жолдармен елімізден тысқары әкетіледі және олар мемлекеттік органдардың есептеріне енбей қалады.

Теріні өңдейтін зауыт не цехты іске қосу үшін қыруар қаржы талап етіледі. Мамандардың айтуынша, зауыттың құжатын жасаудың өзіне 30-40 млн теңге керек екен. Әйтпесе өңделген теріден жасалатын бұйымдар көп-ақ. Мәселен, сөмке, аяқ киім, белбеу, қолғап басқа да заттарды сырттан сатып алғаннан өзімізде өндірген екі есе арзанға шығады. Сонымен бірге теріні өңдейтін судың сапасы, оған қосатын  түрлі қоспалар да арнайы талапты қажет етеді. Бұл туралы да біраз мәселенің шетін шығарған қауымдастық басшысы Дина Махатова: «Тері өңдейтін зауыт ашқымыз келген. Оған бөлінген жеріміз де бар. Алайда әжептәуір қаржы керек. Бұл саланы арнайы зерттедім. Себебі, мал терісінің қоқыста шіріп жатқаны жаныма батады. Дер кезінде кәдеге жаратпаса, уақыт өте ол жарамсыз болғанымен қоймай, экологияға да кері әсерін тигізеді. Біз сияқты кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан қолдау болса, шетелден келетін қымбат аяқ киімдерді ығыстырып, орнын отандық өніммен толтырар едік. Оның пайдасы да жап-жақсы» дейді.

Тынбай еңбектену керек

Отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан жас дизайнер Аида Темірдің жеке ательесін ашқанына екі жылдай уақыт болды. Қазақы үлгідегі киім, орамалдан бөлек қалыңдықтың көйлегін, бас киімін тігумен айналысады. Жергілікті қыз-келіншектердің сұра­нысын қанағаттандырып жүрген дизай­нер­дің айтуынша, елімізде бұл саланы алға дамытамын деген адамға тосқауыл жоқ. Тек тынбай еңбектенсе болғаны.

– Дәл қазіргі кезде тапсырыс бұрынғыдай емес. Десе де аптасында 5-10 көйлек тігеміз. Екі тігінші және екі қолөнершім көмектеседі. Матаны, қажетті жіп, түйме сияқты майда-шүйде заттарды Шымкенттен аламын. Себебі, ол жақта жақсы таңдау бар. Тапсырыс аз түскен кезде жалға алған ғимараттың ақшасын төлеуге қиналып қаламын. Кәсібін енді бастап келе жатқандарға ғимарат жағынан қолдау болса… Өзімнің тұрақты тапсырыс берушілерім бар. Олар шетелден әкелген киімнен гөрі, өзінің талғамына сай тапсырыс бергенді ұнатады. Бағасы да базар бағасымен бірдей. Түрік, Италия елдерінен келген киімді екінің бірі ала бермейді. Олар 30-40 мың теңге шамасында болса, бізде бір көйлек 20 мың теңгеге шығады. Сонымен бірге қалыңдық көйлегін қолжетімді бағада тігіп, ешкімге ұқсамайтын әр береміз, – дейді Аида.

Отандық өнімді сатқым келеді

Расында «мынау Қазақстанда жасалған» деп ауыз толтырып айту үшін ол киімнің матасынан бастап түймесіне дейін өз елімізден шығуы керек. Ал біздің тігінші-дизайнерлер бір киімді тігу үшін қажетті шикізаттың көп бөлігі шетелден келетінін жасырмады.

Шетел  демекші, кейінгі уақытта әлеуметтік желіде «Қытаймен делдалсыз сауданы үйрен» деген жарнамалар қаптап кетті. Онсыз да елімізге келетін импорттың жартысынан көбін қытай иеленіп отырғаны шымбайға батса да, бүгінгі нарықтың талабы «өз күніңді өзің  көр» дегенге саяды. Мәселен, қала тұрғыны Ақмарал Сейітқазы үш жылдан бері тікелей Қытайдан киім-кешек, балалар киімін, сөмке, косметикалық өнімдер, ойыншық алдырып, оны сатумен айналысады. Негізгі мамандығы – медбике. Бүгінде бала күтіміне байланысты демалыста.

– Бала кезімнен сауда-саттыққа жақын болдым. Бүгінгінің тілімен айтсақ, менеджерлік қасиет 10 жасымда-ақ байқалды десем өтірік емес. Оған отбасымдағы тұрмыстық жағдай себеп болды. Әкем денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз еді. Ал анам үш баланы жетілдіру үшін күні-түні жұмыс жасайтын. Буыным қатпаса да еңбекке ерте араластым. Құрылыста жұмыс істеп, үй әктеп, сырладым. Сол еңбекқорлығым қазіргі кезде де септігін тигізуде. Төрт айлық баламды арқама салып алып, тапсырыстар орындаймын.

– Сонда тікелей Қытайдан келетін тауар бізден неше есе арзан тұрады?

– Жолға кететін шығынды қоса есептегенде бірнеше есе арзан. Әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабылдаймын. Осыдан 3 жыл бұрын 1 млн теңге несие алып, тәуекел етіп сауданы бастап кеттім. Аяққа тұрамын дегенше біраз қиындықтарды өткердім. Отбасым қолдамады. Алайда, намысқа тырысып, алға қарай қадам басуымды тоқтатпадым. Белгілі бизнес тренері Аманжол Рысмендиевтің сабақтарына қатысып, саудада қандай қателіктер жібергенімді білдім. Ол кісінің «От бол немесе жоқ бол» деген ұраны маған күш бергендей. Сату өнерін игеру үшін де білім керек. Әр тапсырыс иесіне сөзің сенімді, ісің тиянақты болып көріну үшін еңбектенуге тура келеді. Саудадағы басты ұстаным – сенім.

– Құпия болмаса айына қанша табасыз?

– Ешқандай құпия емес. Жалпы кіріс айына 500 мың теңге. Мен саудадан бөлек өзімнің негізгі мамандығым арқылы табыс табамын. Балаларға массаж жасап, ине егіп, ем-домды үйден ақылы жасаймын. Пандемия бізге үйде отырып та кәсіп ашуды, табыс табуды үйретті. Есесіне балаларымның жанындамын, отағасы жұмыстан келгенде шайы дайын. Өзімді өзгеге емес, алдымен өзіме, айналамдағы жақындарыма дәлелдедім. Нәтижесінде ешкімге алақан жаймаймын.

–  Отандық өнімді неге сатпасқа? Оның өтімі аз ба әлде сұраныс жоқ па?

– Әрине, елге келетін табыстың сырт асып, шетелге кетіп жатқанына ішім ашиды. Біздің тігінші-дизайнерлер қолжетімді бағада арзан әрі сапалы етіп балалар киімін, шұлық, көйлектер тіксе жақсы болар еді. Оны өткізуге атсалысамын. Жарнамасын жүргізіп, сатылымын жақсартуға үлес қосар едім.

Шағын сұқбаттан біраз нәрсені аңғарған боларсыз. Еліміздегі сауда нүктелерін қаптаған қытай мен түрік, қырғыз бен өзбектің киім-кешегін ығыстыру оңай емес. Ол үшін әрбіріміздің жүрегімізде «Отандық өнімді қолдаймын!»  деген жанашырлық сезім болуы керек. Алдымен өз еліміздің өнімін тұтынсақ, оны мақтан етіп, жарнамасын жүргізуге қолдан келгенше көмек жасасақ, өзгенің сапасыз киімдері келмес еді. Сауда саласында жүрген Ақмарал секілді жастар да отандық өнімнің өтімділігін қолдайды. Ал кәсібін енді ашқан Аида  тәрізді тігіншілердің аяққа тұруына жалға алған ғимаратының қаржысын кемі бір жыл мемлекет төлеуге көмектессе, үстімізге қырғыздың емес қазақтың қамзолын киер едік…

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<