Жетім баланы бөтен отбасының тәрбиесіне заңсыз берген шенеунікке 12 млн теңге айыппұл салынды

517

0

Талдықорған қалалық сотының үкімімен жергілікті білім беру бөліміндегі балалардың құқықтарын қорғау секторының меңгерушісі 400 мың теңге параны 12 млн теңге қылып қайтаратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Данияр Бегайдаров Antikor ақпарат алаңында осындай мәлімет келтірді.

«Алматы облысының Талдықорған қалалық сотының үкімімен «Талдықорған қаласының білім бөлімі» ММ балалардың құқықтарын қорғау секторының меңгерушісі А.Тұяқбаевқа 12 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, сот үкімімен К.Полномочнова 4 млн теңге мөлшерінде айыппұл арқалайтын болды. А.Тұяқбаев К.Полномочнованың делдалдығымен жетім баланы бөтен отбасына тәрбиелеуге бергені үшін 400 мың теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінген болатын», – дейді агенттіктің аса маңызды істер бойынша тергеушісі.

Сондай-ақ, Данияр Бегайдаров Қызылорда облысы экология департаментінің басшысы 11 жылға сотталғанын мәлім етті.

Оған серіктестіктің экологиялық заңнама талаптарын сақтауы тұрғысынан жүргізілген кешенді тексеру бойынша оң шешім шығарғаны үшін жеке компания директорынан 30 млн теңге сомасында пара алды деген айып тағылған болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<