«Ай-Мар» арнайы киімдер тігеді

604

0

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау көп адамды сүйікті ісінен айырды. Түрлі кәсіпорын, жеңіл өнеркәсіп цехтары түгелдей жабылды. Бұл мамандығым деп соған машықтанғандардың мазасы кеткен өтпелі шақ еді. Жалғыз Шиелі ауданы емес, облыс орталығынан бастап, барлық аудандағы түрлі жұмыс көзі болып отырған өндіріс ошақтары жекеге өтті, сатылды, кейбірін бұзып алды.

Қазір елдегі жағдай бұрынғыдан өзгерек. Түрлі жұмыс көзі ашылып, кәсіпкерлік бойынша бірнеше өндірістік ғимараттар бой көтерді. Әрине, жеке инвестор есебінен болса да оған жергілікті тұрғындар мамандығымен жұмысқа тұрып, болмаса қайта даярлаудан өтіп, қызмет етіп жүр. Солай отбасын асырап, көштен қалар емес.

Жақында ғана Шиелі ауданының орталығынан «Ай-Мар» тігін фабрикасы ашылды. Заманауи машиналармен жабдықталған фабриканың негізгі қызметі – өндірістік саладағы жұмысшыларға арнап арнайы киім тігу. Бұған қосымша орманшылар, өрт сөндірушілер және өзге де күштік құрылым қызметкерлерінің қызметтік киімін тапсырыспен тіге береді.

– Фабрикада әзірге 30-дан астам қызметкер бар. Негізі елу тігінші жұмыс істеуі қажет, – дейді бізбен кездескен атқарушы директор Жарас Телманов. –  Тігіншілерді жұмысқа алу әлі де жалғасып жатыр. Бұйырса, осы Шиелі кентіндегі кәсіптік колледжде «тігінші» мамандығымен оқып жатқан студенттерді де жұмыспен қамту жоспарда тұр. Өйткені, кеңес заманында жұмыс істеген тәжірибелі тігіншілеріміздің көбісі зейнеткер. Ал киім бойынша 500 данадан жоғарыға дейін тапсырысты қабылдай береміз. Тұтынушының талғамымен келісе отырып тігіледі.

Фабрикада тігіншілер 8 сағаттық жұмыс кестесімен жүреді. Сондай-ақ мұнда түскі ас тегін беріледі. Ал жалақы жағына келсек, айына 90 мың мен 150 мың теңге аралығында екен. Тәжірибелі тігіншілерге, сонымен қатар, сапалы жұмыс, өнімді еңбек еткендерге қосымша ақы да жазылады.

Айтпақшы, осында жұмыс істейтін Амангүл Бердиева «тігінші» мамандығы бойынша Алматыда оқыпты. 1982 жылы арнайы училищені бітіріп, үлкен қаладағы «1 мамыр» атындағы тігін фабрикасында еңбек жолын бастаған. Бойжеткен күнінен ісмерлікке жақын апай қолы қалт етсе, ескі серігі – ине мен жіпті жанынан тастаған емес.

– Кейін елге оралып, тұрмысқа шықтық. Осындағы тұрмыстық өтеу комбинатына қарасты тігін цехында жұмысымды жалғастырдым. Ы.Жақаев ауылындағы цехтың меңгерушісі де болдым. Ал одан кейінгі жағдай белгілі. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары барлық мекемелер жабылып, жұмыссыз қалдық. Сол аралықта жеке тігін цехында еңбек еткеніміз бар. Одан соң аспаздық курс бітіріп, көп жыл мектепте жұмыс істедім. Енді қайтеміз, бала-шаға асырау – басты мәселе. Бірақ жүрек түпкірінде мамандығыма, тігін өнеріне деген құштарлық басылмапты. Ақыр соңы зейнетке аз уақыт қалғанда осы «Ай-мар» фабрикасына жұмысқа тұрдым. Менің қуанышым – елде жеңіл өнеркәсіп саласында сәл болса да алға ілгерілеушілік бар, – дейді Амангүл апай. 

Қуаныштысы осы еді. Ол зейнет жасына екі жыл қалғанда сүйікті ісіне қайта оралды. Фабрикаға жұмысқа тұрды. Су жаңа тігін машинасын тез игеріп ала қойған. Бірқалыпты үнмен сыртылдай дыбыс шығаратын машина дауысы оған қуаныш сыйлайтындай…

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<