Көненің көзіндей түкті кілем

538

0

Кілем үй ішіне сұлулық та, жылулық та сыйлайды. Жайсаң төсек, ілсең суреттей сыр ақтарып тұратын сиқыры бар. Қазір кілемнің түрі көп. Иран, Түрік елдерінен келген кілемдер көздің жауын алады.

Бірақ көненің көзіндей болған өзіміздің түкті кілемді бүгінде пайдаланбайтын болдық. Ал қолөнер еңбегі мен нағыз түкті кілемнің қандай болатынын білетін шетелдіктер оны арнайы тапсырыспен кемі 600 мыңнан бастап 1 миллион теңгеден астам қаржыға сатып алады екен. Біз мұны Айдарлы ауылындағы кілемші Роза Әлбатырова ападан естідік. Айтуынша, алты жасынан бері кілем тоқуды анасы мен әжесінен үйренген. 

– Менің заманымда бұл ауылда барлық қыз-келіншек осы өнерді меңгерген еді. Ал қазір бірте-бірте қалып барады. Әйелдердің басын қосып, ауыл әкімшілігінен көмек сұрап ұлттық дәстүрді жаңғыртып келемін. Өзім Қазақстан Шеберлер одағының мүшесімін. Түкті кілемнің қадірін қазір бағаламай отырмыз. Басқа елдерде оның бағасы өте қымбат. Жыл сайын Астанадағы ұлттық өнімдер жәрмеңкесіне қатысатынмын. Көрмеге келген итальяндық келіншекпен таныстым. Сол жерде менің тоқыған кілеміме тапсырыс беріп, біреуін сатып алды. Қазір 2х3 көлемді түкті кілем 600 мың теңге тұрады. Оның ішіне жіптің бағасы мен әйелдердің еңбегін қосыңыз. Екі айға жуық уақыт жұмсаймыз. Егер маған дәл қазір тапсырыс түсетін болса, ауылдағы келіншектерді жинап бірлесіп тоқып шығамыз. Көрші-көлемнің бәрі тоқиды. Өзімнің шәкірттерім бар. Олардың барлығы тақыр, түкті кілем тоқуды біледі. Бірақ тек түкті кілем тоқимыз, өйткені, қолдары соған қалыптасқан.

Қазір жіп иіретіндер жоқ. Арнайы жіп иіріп беретін апаларымыз өмірден өтіп кетті. Менің қолымнан жіп иіру келмейді. Сондықтан дайынын Алматыдан сатып аламыз. Меринос қойдың жүнінен иірілген жіп жарамайды. Ол өте жұмсақ. Жіп иіретін арнайы құрылғыны Ресейден ғаламтор арқылы іздестіріп жатырмын. Егер сол құрылғыға қол жеткізсек, онда жіп мәселесі де шешімін табар еді. Себебі, жүн көп. Бірақ оның да қадірін білмейміз. Біздің кезімізде қойды үш рет тоғытып, содан кейін барып жүнін қырқатын. Қазір ұстап алады да айдалада топырақтың үстінде қырқа салады. Оны тазалау да мүмкін емес, жарамсыз, табиғи суға жуылмағасын иісі де кетпейді. Бұрын жүннің қиқымы да қалмайтын, – дейді кілемші.

Қай кезде де табиғи, таза, қолдан жасалған бұйымға сұраныс жоғары. Шебер жіп мәселесі шешілсе, тапсырыс та көп болатынын айтады. Жетпіс жастағы Батыр ана Роза Әлбатырованың шәкірттері көп. Соның бірі немересі Ақмарал Бегалықызы М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжін бітіріп, ауылда үйірме ашыпты. Ал 3 жасынан кілем тоқуды үйреніп келе жатқан Қырмызы Серікқызы атты немересі әжесінің жанынан бір елі қалмайды. Өзінің қызығушылығы да жоғары. Кілемнің үстінде аунап өскен Қырмызы қазір түкті кілемді қиналмай тоқиды.

Тоқу ісінде қолданылатын станок қарапайым екен. Ол кілемнің көлеміне қарай жасалады. Тікелей ілінген жіп – арқау, жоғары-төмен түсіріп отыратын белдеу ағаш – адарғы аталады. Арқау жіптің астынан алынған өрмекті шатыс деп айтады, бұл арада бойлардың ерсісі мен қарсысы ауысып тоқылып отырады, яғни тоқыма жіпті күршекпен іліп алып, ортасынан өткізгенде өзінен-өзі байланып шығады. Жіпті кесіп алып, өрмектің үстіне тоқпақпен ұрып, арқау жіпке қысады. Кілемге салынатын ою-өрнекті қағазға салып алады да, ілмекті санап отырып, кілемге бейнені салып шығады. Осындай күрделі жұмыс процесімен бастан-аяқ танысқандықтан, тоқыма өнерінің ұқыптылыққа үйретіп, шыдамдылыққа баулитынына тағы бір рет көз жеткіздік.

Ұлттық құндылықты насихаттап жүрген жандарға қолдау болса, қазақтың түкті кілемі экспортқа көптеп шығар еді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<