Қолөнердің құдіреті

285

0

Өмірде адам баласына түрлі сынақ беріледі. Бірі еңсеріп жатса, енді бірінің сағы сынады. Қайсарлығымен қарсы тұрғандар жеңіске жетеді. Қанша талпынғанымен нәтижесіне жете алмайтындар бар. Сондай сынақты шыдамдылықпен жеңген жандардың бірі, Қызылорда қаласының тұрғыны –Жайна Мұратбекқызы. Оның ерік-жігері бізді таңғалдырды. Кейіпкер әңгіме барысында тоқыма өнерімен айналысып аурудың бетін қайтарғанын, оны қалай бизнеске айналдырғанын айтып берді.

– 2023 жылы үлкен ұлымның аяғы ауырып шұғыл тексерістен өткіздік. Сол аяқтың өсуі тоқтағанын, тіпті сезбейтінін білдім. Бұл жағдай маған, отбасыма қатты соққы болды. Түрлі тексерістен өтіп, сынамалар тапсырдық. Диагноз нақты қойылып, күннің жылы-суығына қарамай білікті мамандардан ем алуды бастадық. Емнің 5-курсында балам аяғын ақырындап сезе бастады. Кеудемде үміт оты жанып, қуандым. Бірақ сынақ мұнымен тоқтамады. Келесі емді қабылдап бастағанда баламның мұрны тоқтамай қанап Алматы, Астана қаласының дәрігерлеріне апардым. Олар «жаман ауру» деген диагноз қойды. Өзімді қоярға жер таппадым. Уайымнан көзім ілінбей, талай таңды жылаумен атырдым. Бірақ әрбір сынақтың артында жақсылық боларына іштей сендім. Осы қиындықтан мені тоқыма өнері  алып шықты, – дейді ол. 

Қазір баланың жағдайы жақсы. Көз алдында ержетіп келе жатқан ұлын аяғына тік тұрғызамын деген ниеті оны алға жетеледі. Бірақ өзінің денсаулығы сыр бере бастады.

– Баламның диагнозын алғаш естігенде жан дүнием астаң-кестең болды. Ойымда тек бір ғана сұрақ тұрды. «Неге менің балам?» Әрине, қабылдау қиын еді. Қайта-қайта дәрігерге бардым. Алматыға апардым. Бәрі де растады. Баламның әрбір қиналған сәтін көріп, қайтсем де ауруды жеңеміз дедім. Емдетіп, барлық мүмкіндікті тиімді пайдалануға тырыстым. Үздіксіз емнің арқасында баламның беті бері қарады. Алайда 2022 жылы беті-қолым, аяғым өзінен-өзі істі. Аяқ-қолдың ұйып, тартылып қалуы жиіледі. Білікті дәрігерлерге көріндім. Алғашында себебін таппай, нақты диагноз қоя алмады. Кейін инсульт алғанымды айтты.

Ол кезде мектепте жұмыс істеймін. Өз еркіммен жұмыстан шығып, балама, денсаулығыма қарадым. Күндіз-түні ұйқы болмағандықтан, жүйкеге салмақ түсті. Дәрігерден бөлек, психолог маманның көмегіне жүгіндім. Бірақ маған адамдар емес, тек өзім ғана көмектесе алатынымды түсіндім. Бала деп жүріп денсаулығымның нашарлағанын, күннен-күнге өзімді жоғалтып жатқанымды сездім.

Бірде желіден Алматы қаласында қолөнермен айналысатын мықты шеберді тауып, парақшасын қарап шықтым. Жұмыстары ұнады. Қолынан шыққан бұйымы көз тартады. Өзімен байланысқа шығып, курстарын сатып алдым. Негізі анам қолөнермен айналысатын. Көргенім болмаса, тоқымадым. Курстан бәрін үйреніп, керекті құрал-жабдығын сатып алдым. Сенесіз бе, алғаш тоқып бастағаннан өзімді жақсы сезіндім. Қызығушылық басым болды. Араға уақыт сала беті-қолымның, аяғымның ісігі қайта бастады. Тоқыманы қолға алғанымда ойымдағының бәрін ұмытқандай боламын. Шүкір, денсаулығым жақсарып, ауырлықтан арылғандаймын, –дейді ол.

Жайна сынаққа берілмеді, қайта жігерленді. Алға ұмтылды. Өзін дамытуды қолға алды. Бастысы тоқымамен айналысып дертіне шипа тапты. Алғашында тоқыған дүниесін жақындарына сыйлық ретінде таратып беретін.

– Мен тоқыма тоқуды табыс табу үшін бастамадым. Ішкі жан дүниеммен үйлесетін іс керек болды. Ілгекті қолыма алған сәттен-ақ ерекше әсер алдым. Бос уақытымда түрлі идеялар келеді. Ең бірінші аяқкиім тоқыдым. Ашық түсті жіптерді таңдадым. Спорттық, үйге, күнделікті киюге арналған, жаздық және қыстық үлгідегі аяқкиім тоқыдым. Көпшілік қызығып сатып ала бастады. Осылайша саудаға шығардым. Мысалы, алғашында аяқкиім тоқып, бір күнде 10 мың теңге, бір айда 300000 теңге таптым. Кейде тапсырыс одан да көп болады.  Бұл әжептеуір табыс көзі екен. Әрі керекті қаражатты үйден шықпай, балама күтім жасап-ақ таба бастадым. Бастысы сапалы өнім. Әрі денсаулыққа пайдалы. Суықтан сақтайды. Үлкендерге де, балаларға да тоқып беремін, – дейді ол.

Оның қолыннан шыққан дүниелері өте сапалы. Қалаған түс пен сән үлгісіне қарай тоқиды. Әрі әлеуметтік желіге жүктеп, жарнамалайды. Өзі секілді жастарға үйретеді. Оны өмір жігерлендірді. Екінші тынысы ашылып, тағы бір істі қолға алды. Жаны қалаған соң, оны да меңгерді. Енді бас киім тоқуды қолға алмақ.

– Қиналғанда жан дүниеңді түсінетін орта іздейсің. Көбіне қыз-келіншектер коуч мамандардың миллион тұратын сабақтарын сатып алып жатады. Құр сөзбен ақыл айтып шығарып салады. Ақша да жоқ, өзгерген дүние де жоқ, сол қалпында қалады. Меніңше, қаржыны пайдасыз дүниеге жұмсағанша, әрекет ететін, көзге көрінетін  бизнес ашуға ұмтылу керек. Уақытылы емнің арқасында баламның жағдайы түзеліп келеді. Өзім де ауруды еңсеріп, сүйікті ісімді қолға алдым. Білгенімді өзгеге де үйретіп жүрмін, –дейді ол.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<