Қызыл шылаушын – қып-қызыл ақша, алайда…

481

0

*сурет ашық дереккөзден

«Квант» механикалық зауытының басшысы Жаңабай Бекішев кейінгі кезде қызық кәсіпті қолға алуда. Бұл – білетінге табысты, білмейтінге таңсық іс.               

Бұрын өзге саланы дөңгеленткен кәсіпкер екі жыл шамасында калифорниялық қызыл шылаушын құртты көбейтіп, одан биогумус деп аталатын тыңайтқыш түрін алуда. Әзірге мол табысқа кенелмегенімен, тың саланы зерттеп келетініне 2 жылдай уақыт болыпты.

-Бұл тыңайтқыштың ауыл шаруашылығына тигізер пайдасы орасан зор. Жасыратыны жоқ, топырақтың тозып, эрозияға ұшырауы жаһандық проблемаға айналып бара жатқанын айтып, эколог ғалымдар дабыл қағуда. Жерді күтпесе, топырақтың құнарлылығын сақтамаса, өнім алудан қаламыз. Біздің мақсат – биогумус өндіріп, оны қолданысқа енгізу арқылы табиғи таза әрі қауіпсіз өнім алуға күш салу. Көл-көсір пайдаға кенелуді көздегендер жерді аялап жатқан жоқ. Мол өнім алу үшін түрлі химиялық тыңайтқыштарды мөлшерсіз қосып, табиғатқа да, адам ағзасына да зиян келтіреді. Осы күні құнарсыз, нәрсіз жеміс-жидектер мен көкөністер көбейді. Аты жаман аурулар «жасарып» барады. Соған қарап-ақ жермен қоса, денсаулықты да өз қолымызбен құртып жатқанымызды түйсінер кез келді, – дейді  Ж.Бекішев.

 Бүгінде әлем елдері органикалық тыңайтқыштарға ауысты. Соның бірі – калифорниялық қызыл шылаушын арқылы түзілетін биогумус. Дамыған елдер биогумусқа ерекше мән беруде. Біз болсақ оны енді ғана қолға ала бастадық.

–    Өзіміздің жер учаскеміз бар еді. Сол жерді осы мақсатқа пайдаланып көрейік деген идея келді. Бұл кәсіп түрін ғаламтор мен кітаптардан қарап, оның пайдасының қандай екенін көп іздедім. Көрші облыстарда бұл іс ертерек жолға қойылған. Ал өңірде бұл кәсіпті енді қолға алып жатқандар бар. Бізде әзірге үлкен көлемде шығаруға мүмкіндік болмай жатыр. Өйткені оған мамандар керек. Екі жыл дегенде бұл саланы терең зерттеп, оның қыр-сырын үйренудеміз. Біздің мамандар көрші Түркістан облысының Сарыағаш ауданына барып, лимон өсіріп жатқан ауыл шаруашылығы мамандарының жұмысын көріп, олардан тәжірибе жинап келді. Егер оны үлкен көлемде өндіре алатын болсақ, шетелге шығаруға болады. Араб елдерінде бұл табиғи тыңайтқышқа қызығушылық өте жоғары екен. Бағасы қымбат болғандықтан, олар өзге мемлекеттерден сатып алатынын естідік. Төрт түліктің көңі, жемістердің қалдығы, жапырақтармен қоректенетін қызыл шылаушын құрттың пайдасы көл-көсір. Шамамен 150 машина көң түсіріп, оны өңдеуге екі жылдай уақыт жұмсадым. Осы кезеңде білместігіміз де, туындаған мәселелер де болды. Әзірге тәжірибе жинақтап, маман дайындау үстіндеміз. Бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау болса, болашағы зор кәсіп, – деп толықтырды  Ж.Бекішев.

Расында тың кәсіпті табыс көзіне айналдыруды қалайтындар көп. Бірақ жаңа бір іспен айналысу үшін уақыт пен тәжірибе керек. Облыста шылаушын құрт өсіруді қолға алған алғашқылардың бірі «Қазалы Агро KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жайлы осыдан екі жыл бұрын біздің басылым жариялаған екен. Ал шиелілік Нұржан Құлшаевтың да бұл кәсіпке қызығушылығы артып, одан табыс тауып келетінін аудандық газет жазыпты. Тың кәсіпке тәуекел ете алмай жүргендер де баршылық. Ең әуелі бұл кәсіппен айналысу үшін оған жергілікті жерде сұраныс болу керек дейді бізбен әңгімесінде Төремұрат Ермағамбетұлы. Темірбетон өнімдерін шығаратын кәсіпкер кейінгі кезде калифорниялық шылаушын  құрт өсіруге қызығушылық танытып, Өзбекстан Республикасына барған. Алайда өңірде ауыл шаруашылығымен айналысатындар табиғи тыңайтқыштан гөрі, өнімді тез өсіретін химиялық қоспасы көп тыңайтқышты пайдаланғанды жақсы көреді. Өйткені өнімнің тез әрі мол шыққаны керек.

Калифорниялық қызыл құрттар деп аталуының да өзіндік себебі бар екен. Бұл кәдімгі жауын құрт, яғни шұбалшаңмен будандастырылып, шыққан түрі. Шығу тегі – Калифорния болғандықтан да, калифорниялық қызыл құрт атанған. Бір қызығы – гермофродит тіршілік иесі, яғни аталық не аналық болып бөлінбейді екен. Өз-өзімен көбейе береді. Тез көбеюге бейім.

«Қазақ күріш шаруашылығы» ҒЗИ директоры, ғалым Самалбек Қосановтың айтуынша, кез келген тұрмыстық қалдықтарды  өңдейтін құрылғылар бар да, ал органикалық қалдықтарды өңдейтін нәрсе жоқ. Дәл осы органикалық заттарды өңдеу өте қиын. Оның бірден-бір жолы – қызыл шылаушын. Көп жағдайда түскен жапырақтарды өртеп, тамақтың қалдықтарын тастап жатамыз. Ал мұндай қалдықты табиғи жолмен өңдеуде құрттар таптырмас құрал. Оның екі түрі бар. Бірі КФ, яғни калифорниялық қызыл құрт, екіншісі старатель деп аталады. Кейінгі кезде Қазақстанда коммерциялық бағытта айналысушылар 10 жылдың шамасында көбейді.

Ең бірінші бұл кәсіп Шығыс Қазақстан, одан кейін Шымкентте басталды. Ал біздің облысқа енді-енді ғана енуде. Қызыл құрттардан шыққан биогумусты капралит дейді. Демек, құрттарға берген тамақты өзінің денесі арқылы шығарып, қайтадан пайдалы табиғи тыңайтқышқа айналдырып береді. Ол үшін жейтін тамағында ешқандай иіс болмау керек. Құрттардың өңдеп берген биогумусында макро, микроэлементтердің барлығы болады. Теңдесі жоқ органикалық тыңайтқыш.

Әсіресе, жеке шаруашылықтар үшін қажет. Тіпті қарапайым есік алдына гүл өсіру үшін де таптырмас дүние. Біздегі мәселе мұны өндірістік мақсатта пайдалану қиын болуда. Биогумус қай жерлерде өтімді? Әуелі соны зерттеу керек. Әрине өңірдің сортаң, сор, сілтілігі жоғары топырағына керемет тыңайтқыш. Бірақ әр нәрсенің екі жағы болды. Біздің өңірде оған сұраныс өте төмен. Мысалы, өндірістік көлемде жұмыс істеп тұрған жылыжай жоқ.

– Біз бір нәрсені шатастырмауымыз керек. Тыңайтқыштар органикалық және минералдық болып екіге бөлінеді. Мысалы, органикалық тыңайтқыштар ұзақ уақыт әсер етсе, минералды тыңайтқыштар синтетикалық жолмен алынғандықтан әсер етуі тез болады. Біздегі шаруа қожалықтары мен күріш егетіндердің барлығы минералды тыңайтқыштарға жүгінеді. Тез өнім алу үшін минералды тыңайтқышты таңдайды. Ал органикалық  тыңайтқыш ұзақ әсер еткенімен оның ешқандай зияны жоқ. Биогумус жайлы Ресейдің Ковров қаласына барып оқып, барлық технологиясын сатып алып жасадық. Күзде жиналатын жапырақтар мен малдың көңін пайдаланып көрдік. Бірақ өндірістік мақсатта  қолдануда әлі де қиындықтар бар. Дегенмен бұл іс әлі де жүйеге келмей жатыр. Шартты түрде айтар болсақ, бір тонна көңнен құрттар 500 келі биогумус шығарып береді. Ал ең арзан деген биогумустың бір литрі 60 теңгені құрайды. Сонда есептей беріңіз, тонналап биогумус шығару үшін қаншама шикізат керек екенін.  Егер әркім мұны өзінің есік алдындағы бау-бақшасына пайдаланатын болса, оған да күтім керек. Жай ғана жапырақ қалдығына не көңге құртты жіберіп қарап отырамын десеңіз қателесесіз. Оған да жылылық, жайлылық керек. Сонда ғана олар тез көбейіп, тыңайтқыш береді. Малды қалай бордақылайсыз, дәл солай құрттардан өнім алу үшін де еңбек етуді талап етеді, – дейді ғалым.

Әр нәрсенің өлшемі бар. Ұрандап, қызыл құрт өсіріп, қып-қызыл ақшаға кенелемін деу қате пікір болады.

– Қазақ күріш шаруашылығы институтының директоры ретінде мен биылдан бастап 2 гектарға биогумус тауып беруін сұраған едім, – деп жалғастырды сөзін С.Қосанов. – Бүкіл вермифермерлер жиналып, маған 2 гектарға себілетін биогумус тауып бере алмады. Ал 100 гектарға жеткізу үшін қандай күш керек екенін өзіңіз топшылай беріңіз. Жай сөзбен ұрандау жеткіліксіз. Өзге облыстар ешқандай мемлекеттен қолдау болмаса да, бұл кәсіпті жеке қаржысы есебінен жолға қойған. Оларда сұраныс жоғары. Бізде біріншіден, егіншілік саласы мәдениетінің төмендігі, екіншіден органикалық өнімдерге сұраныстың аздығы бұл кәсіптің адымын аштырмай отыр. Өңірде картоп пен күріштен және маусымдық кезеңде қияр мен қызанақтан басқа ешқандай өнім алынбайды. Барлық көкөніс сырттан келеді. Сондықтан 80 мың гектар күрішті мұндай нәрсемен қамтамасыз ету мүмкін емес.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<