«Шаруамыз бір ізге түсті»

249

0

Бүгінде отандық тауарлармен ішкі нарықты қамту, өңдеуші өнеркәсіптің жұмысын жандандырып, озық жобаларды іске асыру нарықтың басты талабына айналып отыр. Осы жағдайды уақытында аңғарып, іргелі іске ынта қойғанның бірі – Исатай Нұржанов.

Ол «Әділханова» ЖК деп аталатын құрылысқа қажетті металл өнімдері өндірісін 2020 жылы іске қосқан. Мұнда күніне 2000 шаршы метр құрылысқа қажетті өнім өндіріледі. Шығарылған тауарлар ішкі нарықты толық қамтамсыз етуде.

– Бұл кәсіпті ашпай тұрып нарықты әбден зерттедік. Сөйтсек, облыстағы құрылысқа қажетті тауарлар көбіне Шымкенттен тасымалданады екен. Содан осы өндіріске бет бұрдық. Бастапқыда өнімдерімізге қатысты сын айтылған,  кейін Қытайдан және Қазақстанның өзге облыстарынан автоматтандырылған станоктар алдырдық. Содан соң шаруамыз бір ізге түсті. Тұтынушылар саны артты. Үш жыл бойы жеке тапсырыстар бойынша жұмыс істеудеміз. Жылдан жылға шығаратын өнім түрлері көбейіп келеді, 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Алдағы уақытта автоматтандыру жүйесіне толықтай көшу жоспарда тұр. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізеді, – деді Исатай Нұржанов.

Кәсіп иесінің айтуынша, өнімнің басым бөлігі қаладағы базарға және 11 ірі құрылыс дүкеніне жіберіледі. Бұған қоса, Қармақшы, Жалағаш және Жаңақорған аудандарынан тапсырыс алады. Қиындығы сол, өндіріске қажетті заттар сырттан келеді. Мәселен, бір тонналық бума сымның өзін Алматыдан алдыртады. Сосын оны әбден өңдеп, түзетіп, дәнекерлеп, құрылысқа қажетті тор сеткалар шығарады. Қазірдің өзінде айына 18-20 миллион теңгенің өнімін өндіруде. Ал көлемі 30-35 тоннаны құрап отыр.

– Біз биылдан бастап, шығаратын өнімдерімізге өзгерістер енгіздік.  Қазір жаңадан қалауға арналған тор (кладочная сетка), бетон едендерін тартпалау кезінде қолданылатын тор (армированная сетка для стяжки) шығарудамыз. Ал оны онға жуық құрылыс компаниясына келісім-шарт арқылы сатамыз, – деді кәсіп иесі.

Кәсіпкердің ендігі мақсаты – өз жобасын кеңейту. Сол үшін ол жақында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 50 млн теңге несие алды. Бұл қаражатқа Қытайдан сэндвич-панельдер шығаратын жабдық алдыртты. Жоба толығымен іске қосылғанда, 18-20 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<