Қызылорда түрмесінде жазасын өтеуші үйленді

1356

0

Қызылордадағы 169/1 тергеу изоляторында 3,5 жылға сотталған азамат қалыңдығымен ресми түрде некелесті.

– Екеуміз танысқанда ол бостандықта еді. Ата-анамнан айырылып, бауырларымның жалғыз асыраушысы ретінде күні-түні жұмыс істеп, қаражаттан қысылып жүргенде маған бұл жігіт көп көмектесті. Екеуміздің таныстығымыз да кездейсоқ болды. Ол мені тиісті жерге ақысыз апарып тастаған болатын. Жол-пұлымды міндетті түрде әкеп беремін деп, телефон нөмірімді қалдырып кеткенмін. Міне, сол күні кешке қоңырау шалып, екеуміз танысып-білісіп кеттік. Содан бір жылдай уақыт өткенде ол аңдамай заң бұзып, жауапқа тартылды. Бұл қапаста жатқанына 6 ай болды. Әлі үш жылы бар. Мен көп ойланып, өзімнің тағдырымды осы жанмен байланыстыруға бел будым. Оны қиын сәттерде тастап кетпей, қолдағым келеді, – дейді қалыңдық.

Жазасын өтеуші бұл ең бақытты күн екенін жеткізді.

– Өзім ұнатқан қызбен некеге тұрдым. Бұл үшін мекеме қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, – деді ол.

Жазалау орындарында некеге тұру сирек кездеседі.

– Мұндайда әйелдер күйеулеріне жақсы әсер етеді, олардың тез арада бостандыққа шығуына себепші болады. Сотталғандар қоғамдық өмірге белсенді қатыса бастайды, олардың мінез-құлқы жақсарады, – дейді, мекеме бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары, әділет майоры Қ.Олжабаев.


Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<