Халал мен харам туралы бірер сөз

1534

0

«Сөз сөзден шығады, сөйлемесе қайдан шығады» дейтіні бар емес пе қазағымның. Бір танысым екеуміз жолығып қалып әңгіме өрбіте келе, шариғат тақырыбына ойыстық. Ең болмаса маған бүгінгілердің ештеңені талғамай тұтынып жатқан халал мен харамның айырмасын ажыратып берші ол.                                                                                                                

 Мен оған халал мен харам туралы пәтуа айтатын теолог маман емеспін және сенбеймін деп тұрған адамға сөз ұқтырудың өзі оңай шаруа емес. Әйтсе де тыңдаған уағыздарым, шама-шарқымша тура жолды таңдаудағы өмір тәжірибем мен аз-кем оқыған-тоқығандарым төңірегінде ой қорытуға тырыстым.

   Бала кезіміз болатын. Отбасымызбен түскі шайымызды ішіп отырғанбыз. Атам намазы, оразасы, түгел кісі еді. Сол күнгі мектептегі сабақтың әсерімен мен:

– Ата, сіз адамды Құдай жаратқан деуші едіңіз. Сіздікі қате екен ғой. Мұғалім бізге адамның маймылдан тарағанын айтып берді, тіпті соны зерттеп, дәлелдеп шыққан ғалымның суреті де бар, – деп биология оқулығындағы бет–аузын жүн басқан Ч.Дарвиннің суретін де көрсеттім.

– Шырағым, сендерге солай түсіндіріп тұрған мүғалімдеріңді де Құдай жаратқан. Оларды да кінәлауға болмас. Себебі, жеп жүрген наны үшін, жаны үшін Үкіметтің айт дегенін айтуға мәжбүр. Мүмкін, үйлерінде тәубеге келіп Жаратушыдан кешірім сұрап отырған шығар. Сендер де қарсы келуші болмаңдар, өйткені заман сондай. Жалпы, ең дұрысы, кім өзін маймылдан тарадық десе, оның маймылдан тарағаны, ал біз, он сегіз мың ғаламның әміршісі Алла жаратқан Адам ата мен Хауа анадан тарағанбыз, – деп түйіндеген атам сөзін.

   Сол Адам атадан тараған адамзаттың ақырғы пайғамбары Мұхаммедтің с.ғ.с. мынадай хадисі бар: «Адам денесінде бір кесек ет бар. Егер сол бір жапырақ ет таза, дұрыс болса, адамның жаны да,тәні де дұрыс болады. Егер ол дұрыс болмаса, ештеңе де дұрыс болмайды. Ол  – жүрек». Тіршілікте адам баласы ештеңеге мән бермейді. Өзіне-өзі келіп, оң-солын танығаннан кейін-ақ жалған дүниенің соңына шырақ алып түседі. Дүние соңына көзсіздікпен түсудің ақыры қорлықтың алуан түріне – араққорлық, нашақорлық, зинақорлық, жемқорлық, өсімқорлық сияқты асыл дініміз тыйым салған харам атаулының баршасымен біте қайнастырып жібереді. Осы жаманшылықтың бәріне бейім болу, ол бір жапырақ ет-жүректің таза болмауынан, иманның әлсіздігінен. Мысалы, темірді тат басуы сияқты, өмірге енді келген бейкүнә сәбидің де әппақ жүрегі тәрбие, иман тұрғысынан әдейілеп көңіл бөлінбегесін, өсе келе түрлі әрекеттердің әсерінен қарая бастауы мүмкін. Мейірімнен ада, қатігез, жақсылық жасаудан жұрдай жандарды «қара жүрек» деп бекер айтпаса керек. Харамнан сақтанып, адал өмір кешу үшін әр адам өз жүрегін таза сақтауы тиіс, яғни адал ас жеп, жүректен шығып денеге тарайтын қан тамырларының тазалығын қамтамасыз ету, тілді таза ұстап жан тазалығын сақтау.

   Американың, Европаның теолог ғалымдары «Таурат», «Забур», «Інжілмен» қоса Құран аяттарының да мән-мағынасын зерттеп отыруды назардан тыс қалдырмайды. Ол үшін арнайы ғылыми-зерттеу институттары да бар көрінеді. Осындай орталықтың бірі қасиетті кітап Құранның Бақара сүресіндегі «Өлекселерді, қанды, доңыз етін, «бисмиллаһсыз» бауыздалғанның бәрін Алла харам етті» деген 173-аятының мағынасын ашып, шындығына көз жеткізу мақсатында зерттеу жүргізіпті.

   Ол үшін арнайы лабораториялық он ақ тышқанды қолданған. Олар бес-бестен бөлініп аквариум тектес шыны ыдысқа салынады да, бесеуіне аятта айтылған қанымен тұрған харам немесе тыйым салынған шикі ет беріледі де, келесі бесеуіне бисмиллаһ дұғасы айтылып дайындалған халал немесе рұхсат етілген піскен ет беріледі.

Оларды осылайша тамақтандыру бір аптаға созылады. Бір аптадан соң тамақ беру кілт тоқтатылады. Содан кейінгі жағдай былайша өрбиді. Тыйым салынған харам ет берілген тышқандардың төртеуі ашыға бастаған кезде бесінші әлсізін жеп қояды. Тағы біршама уақыт өткенде аштық қысқан тышқандардың үш мықтысы төртіншісін азық етеді. Біраздан соң аштық шыдатпай екі күштісі үшіншісін қорек қылады. Соңында қалған екі тышқан тамақ керек болып төзімдері таусылған сәтте бірін-бірі жұлмалап күштісі әлсізін біраз уақыт тамақ қылады. Ең соңында қалған жалғыз тышқан азық керек болып нәпсі қысқанда өзін-өзі жұлып жеп, қансырап өледі.

   Ал, рұхсат етілген піскен ет берілген тышқандар қанша аштық қысса да біріне бірі тиіспей, әрқайсысы жатқан жерлерінде жан тапсырады.

    Бұл тәжірибе арқылы біз қасиетті кітап Құран Кәрімде жазылғандай, рұхсат етілген және тыйым салынған азықпен қоректенудің соңғы нәтижесіне көз жеткіземіз. Яғни, харам ет жеген мақұлықтардың сыналар сәтте бір-біріне деген мейірімсіздігі және адал ет берілген тышқандардың қасиетті кітап қағидасы көрсеткендей, жүректерінде титімдей болса да иманның әсері, өзара жанашырлығы. Әрине, «аштық не жегізбейді, ашу не дегізбейді». Ел басына күн туған ашаршылық жылдары адамдардың шарасыздықтан түрлі келеңсіз әрекеттерге барғаны белгілі.

   Қасиетті Құран аятында «Еріктен тыс, лажсыз пайдаланғанға кінә жоқ» деп айтылғандай, сол кезеңдегі жағдайды ақыл-естен адасуға дейін алып барған аштықтан деп түсіну керек сияқты. Себебі, сол уақыттағы үкімет саясаты халықты неше түрлі келеңсіз жағдайларға баруға мәжбүр етті. Ал, қазіргі өтпелі қиыншылық болғанымен еңбек етсе, қолы қимылдаса аузы қимылдайтын, не ішем, не кием демейтін заманда саналы түрде харам тұтынуға еш негіз жоқ. Мұндай әрекетті иман әлсіздігімен немесе бір ғана «имансыздық» атауымен түсіндіруге болады. Сондықтан ниетін бекемдеп шын қалаған адамға халал мен харамның ара жігін ажыратып өмір кешудің еш қиындығы жоқ.

Әлімжан ҚИЯС,

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<