Кедергісіз орта қалыптасып келеді

800

0

Кез келген мемлекеттің даму деңгейін айқындайтын критерийлердің бірі –  мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамдағы орны, оларға деген қоғамның көзқарасы. Ұзақ уақыт бойы біздің елімізде оларға көңіл бөлуге экономикалық жағынан мүмкіндік болған жоқ. Елбасының тапсырмасы бойынша бүгінде мүгедектерге қамқорлық жасауға басымдық берілген.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығы мен тең мүмкіндіктерін, әлеуметтік және көлік инфрақұрылым объектілеріне еркін қолжетімділігін қамтамасыз ету, оларға қоғамның оң көзқарасын қалыптастыру арқылы өмір сүру сапасын жақсарту бағытында барлық құқықтық алғышарттар тиісті заңнама нормаларында белгіленді. 2005 жылы «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заң қабылданды, 2008 жылы еліміз БҰҰ-ның «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына» қосылып, 2015 жылы оны ратификациялады. Қазіргі уақытта аталған конвенцияға 175 мемлекет пен Еуроодақ елдері қосылған. Бұл – Қазақстанның осы реттегі халықаралық нормаларды қатаң сақтау және олардың орындалуын қамтамасыз етуді өз міндетіне алғанының айғағы. Қабылданған шаралардың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың қоғаммен етене араласуына және оларға кедергісіз орта қалыптастыруға жағдай жасау.

Күнделікті өмір-тіршілігімізде, көшеде, қоғамдық көлікте, мерекелік шараларда, театрлар мен стадиондарда, басқа да орындарда мүгедектердің көптеп кездесуі – оларға қаншалықты кедергісіз орта қалыптастыра алғанымыздың көрінісі. Бір сөзбен айтқанда, мүгедек жандардың үйде отырмай, елмен еркін араласуына, еркін қызмет алуына жағдай жасау – баршамыздың қоғам алдындағы міндетіміз.

Олардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділігін қамтамасыз етудің ұлттық стандарттары бар. Әлемдік озық тәжірибе негізінде Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және Жер ресурстарын басқару комитетінің ережелер жинағы мен құрылыс нормалары бекітілген.

Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар мүгедектерге ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, әуежайларда, темiржол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостанцияларда, теңiз және өзен порттарында еркiн бағдар ұстануы мен жүрiп-тұруына ұлттық стандарттарға сәйкес жағдай жасауға мiндеттi. Аталған объектiлердi мүгедектер кiрiп-шығуға бейiмдеу мүмкiн болмаған жағдайда, олардың қажеттiлiктерiн барынша ескеретiн шараларды әзiрлеп, жүзеге асыруға тиiс. Қамтамасыз етпесе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылады.

Әлеуметтiк қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін лауазымды адамдарға 50, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 120, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген.

Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды өңірде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырады. Саладағы мемлекеттік бақылау шараларын жергілікті жерде жүргізу үшін 2016 жылдан бастап департаменттің құрамында бақылау бөлімі ашылып, қызмет атқарып келеді. Аталған бөлім міндетіне негізінен мүгедектерді әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету заңнамасының сақталуына бақылау жүргізу жатады. Былтыр барлығы 42 объектіге қатысты профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 124 заңбұзушылық анықталды. Олар туралы ұйғарымдар беріліп, заңбұзушылықтар толығымен жойылған.

Жоспардан тыс тексеру нәтижесімен 3 айыппұл салынып, бюджетке төленген. Өткен 9 ай қорытындысымен 16 объектіге қатысты профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Тексерулер нәтижесімен мүгедектердің қолжетімділігі бойынша 35 заңбұзушылық анықталып, оларды жою туралы ұйғарымдар берілді. Жоспардан тыс тексеру нәтижесімен 1 айыппұл салынып, төленген.

Мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта құруда қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар өте маңызды роль атқарады. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының аясында биыл облыс бойынша бейімдеуге жататын 258 әлеуметтік инфрақұрылым нысанының қазіргі уақытта 208-і толық бейімделген. Қалған 50 нысан бойынша бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында қоғамдық бақылау жүргізетін «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының белсенді қызметін атап өтуге болады. Партия филиалы жүргізген қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша департамент биыл 13 объектіні жоспардан тыс тексерді.

Тексерулер нәтижесінде мүгедектердің қолжетімділігі бойынша 9 заңбұзушылық анықталып, оларды жою туралы ұйғарымдар берілді. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша 364625 теңгеге 5 айыппұл салынып, бюджетке өндірілді.

Е.ЖАЛҒАСБАЕВ,

еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<