Жаңақорған ауданы Бесарық ауылының тұрғыны Ғалымжан Орынбасаров биыл 500 гектарға мақсары дақылын екті. Өткен жылы 2 гектар жерге егіп, зерттеп көріп еді, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Енді екі білекті түріп, дала жұмыстарына қызу кірісті. Тұқым себілді, 110 күннен кейін өнім береді. Ерекшелігі – мақсары егістік жерге емес, жайылымдық жерге егілді. Себебі, дақыл суды көп қажет етпейді. Жаңбыр суы жеткілікті.
Ғалымжан – «Пазылбек қажы» шаруа қожалығының төрағасы. 2013 жылдан бастап атакәсіппен айналысып келеді. Қожалықтың техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Жабық қойма салып, дән тазалайтын құрылғы алдырған. 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Биыл шаруаларға оңай болмайын деп тұр. Су тапшылығына байланысты диқандар дәстүрлі күріш дақылын азайтып, майлы және мал азығы дақылдарына басымдық беруде. Осы мақсатта біз мақсары егуді бастадық. Жалпы, мақсары – тез жерсінетін дақыл. Қалай күтіп-баптау керектігін меңгеріп алдық. Тыңайтқышын уақытылы беріп қадағаласақ, мол өнім алуға болады. Біздің өңір – осы дақылды егуге қолайлы аймақ, – дейді шаруашылық төрағасы.
Шаруа мақсары тұқымын Арқалық, Орал қаласынан алдырған. Тұқымды наурыз айында егу жоспарланған. Бірақ ауа райының қолайсыздығынан сәуір айының басында себілді. Бір гектар жерге 25-30 келі тұқым шашылған. Бұған көп мөлшерде тұқым кетпейді. Жалпы, орташа есеппен мақсарыдан 8-15 центнерден өнім алынады екен.
– Шаруашылыққа тиесілі 1400 гектар жер бар. Оның 400 гектары жарамсыз. Себебі, тауға жақын болғандықтан тастақ жер. 2019 жылы акрогельді ылғалсақтағыш технологиясын қолданып, бидай ектік. Бұл әдіс тиімді болды. Өнімді молынан алдық. Бірақ мақсары егу кезінде қолдану тиімсіз екен. Өйткені, ылғал тамырын шірітіп жібереді. Сондықтан мақсары жайылым жерге егілді. Тек жаңбыр суымен қоректенеді. Мақсары бір ай гүлдеп тұрады. Осы кезде молынан жаңбыр жауса да болмайды. Шөлге шыдамды дақыл көп күтімді қажет етпейді. Тек зиянкестер түскен кезде арнайы дәрісі шашылады. Тағы бір ерекшелігі, дақыл топырақтан бой көтеріп, өскен сайын бойында тікен пайда болады. Ал, оны түйеден өзгесі жей алмайды. Сол себепті егістікті қоршамадық. Мал түсіп кетеді деп қауіптенбейміз, – дейді Ғалымжан.
Жалпы, мақсары майынан келетін пайда көп. Мұны шаруашылық жетекшісі санамалап берді. Біріншіден, өсімдік майы ретінде пайдаланса, екіншіден құрылыс заттарына қажетті бояу түрлеріне қолданады. Сонымен қатар косметика өнімдерінің құрамында кездеседі. Сондықтан табыс көзі деп айтуға болады. Ғалымжан бұл дақылды бекер таңдамаған. Әбден зерттеді. Ресей ғалымдарының егу, баптау әдістерін қарап шықты. Ғылыми еңбектерін ақтарды. Ауылшаруашылық мамандарының пікіріне құлақ асты. Тиімді жолын қарастырды. Биыл еңбегі еш кетпей, өнім жақсы болса, егіс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Ал, алынған өнімді Түркістан облысындағы май зауытына өткізбек. Бұл – бастапқы жоспар. Жылда өнім мол жиналса, зауыт салу ойында бар.
– Мақсары майын көптеген мақсатқа қолдануға болады. Бұдан бөлек, кәдімгі тұтынып жүрген майларға қарағанда пайдалы әрі дәмді. Дәмі жағынан зәйтүн майына ұқсас. Алайда, бағасы екі есе арзан. Ол асқа дәм беріп қана қоймай, жоғары температурада қыздырған сәтте өз құрамын сақтап қалады. Дәрумендері жойылмайды, холестерині төмен. Нарықта сұранысқа ие. Дегенмен, құрғақшылыққа төзімді өсімдік кез келген жерде өсе бермейді. Әлемде бұл дақылды өсірумен айналысатын елдер көп емес. Елімізде оңтүстік өңір дақылды өсіруге қолайлы. Міне, осылардың бәрін ескере келе, келешекте мақсары майын өндіретін кәсіпорын ашамын деп шештім, – дейді кәсіпкер.
Ғалымжан шаруасын ширату үшін мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді тиімді пайдалануда. Сонымен қатар ол әртараптандыру ауылдың әлеуетін арттыратынын айтты. Шағын шаруашылықтарды ірілендіру бағытында көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Қожалықтардың техникалық базасын жаңалауға септігін тигізуде. Осы мақсатта ол алдағы уақытта егіс көлемін ұлғайтып, өнімді екі еселеуге, жергілікті халықты өз өнімімізбен қамтуға ниеттеніп отыр. Тек жайылымдық жерді пайдалану мақсатты жүзеге асырылса деген ойын білдірді.
Негізгі отаны Жерорта теңізінің жағалауы саналатын мақсарыны елімізде өндіріліп, өнім алына бастағанына көп жыл болған жоқ. Қалдықсыз өнім. Майы алынғаннан кейін де сұранысқа ие. Мәселен, мақсарыдан қалған қалдықтан Иранда халуа дайындалса, Түркияда түрлі су сабындарға қосады. Ал, қытайлықтар түрлі дертке шипа болатын дәрі-дәрмек өндіреді. Қазір елімізде өндірген мақсары майы Ресей, Қытай сынды елдерге экспортталуда. Шикізат қалпында. Келешек осы мәселеге ден қойылып, мақсарыны толық өңдеп, шикізатты өнімге айналдыру өзімізде іске асса, кәсіпкерлер шаш етектен пайдаға кенелер еді. Бір жағынан отандық өнімнің саны мен сапасы артатыны белгілі. Кәсіпкердің айтуынша, жергілікті халық мақсары майының пайдасы туралы әлі біле бермейді. Сондықтан бізде сұраныс аз, шетелдіктерге саудалануда. Осы мәселе шешімін тапса, тауардың өтімді боларына сенімді.
Шаруа алты ай бойы иығынан кетпені түспей, маңдайы терлеп егін егеді. Еңбегі ақталып, өнім мол болады. Ал, оны шикізат күйінде саудалайды. Сатып алған ел оны өңдеп, күнделікті тұтынатын дайын өнімге айналдырып, өзімізге екі есеге үстеме қосып сатады. Сауда сөрелерін өзгенің тауары қаптайды. Бағасы удай өнімді халық алмасқа амалы жоқ. Байқасаңыз, ең алдымен шикізатты өңдейтін өндіріс орындары қажет. Сонда диқанның еңбегі далаға кетпес еді. Біздікі тек ой ғана…
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<