Мүгедектігі бар балаларға мемлекеттен қандай қолдау бар?

631

0

2021 жылдың 6 айында мүгедек баласы бар отбасыларға 27,2 млрд теңге жәрдемақы аударылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мелекеттік бюджеттен мүгедектігі бар балаларды қосымша қолдау іс-шаралары қарастырылған. Кәмелеттік жасқа толғанға дейін күтім жасау үшін жәрдемақы төлеу көзделген. Жәрдемақы мөлшері бүгінгі таңда 48 023 теңгені құрап отыр. Осы жылдың 6 айының ішінде 92 259 отбасыға 27,2 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді. Осындай қосымша көмектің бірі мүгедек бала кәмелеттік жасқа толғаннан кейін де төленеді. Яғни сәби кезінен 1-топтағы мүгедек балаға 18 жастан асқаннан кейін де аталған жәрдемақы жалғасады. Оның көлемі де 48 023 теңге құрайды. Бұл жәрдемақыны қазіргі уақытта 15 038 отбасы алды. Осы жылдың 6 айында төленген жәрдемақының жалпы сомасы 4,4 млрд теңге болды», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Сонымен қатар департамент басшысы жұмыс істейтін әйелдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы жұмыс беруші аударған қаражат есебінен төленетін төлемнің бар екендігін айтты.

Ол – жүктілікке және бала босануына байланысты табысынан айырылуына орай 1 жыл берілетін әлеуметтік төлем.

«Жүктілікке байланысты төленетін жәрдемақының қазіргі уақыттағы орташа көлемі 540 мың теңгені құрап отыр. 2020 осы мақсатқа 96,4 млрд теңге көлемінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қаражат төленді. Бала туғаннан кейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер бала 1 жасқа толғанға дейін жүргізіледі. Өткен жылдың қорытындысында мұндай төлемді 106,4 млрд теңге көлемінде 501 мыңнан астам азаматша алды. Қазіргі уақытта бұл жәрдемақының орташа көлемі 31 мың теңгені құрап отыр. Биыл жоғарыда аталған екі әлеуметтік төлем үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 253,8 млр теңге қарастырылып отыр», – деді Асқар Ниязов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<