Жақында ғана нағашы ініміздің ержетіп қалған баласы ойламаған жерден өмірден өтті. Пенденің қолынан не келеді, ет жақын, құда-жекжат, барша жанашыр қауым қаумалап келіп, жылы сөзімізді аямай көңіл айтып жатырмыз. Жасыратыны жоқ, қазақпыз ғой дейміз де, қанша жерден карантин, шектеу шаралары дегенмен, қазағымыздың қанына сіңіп қалған қамқор көңілі ме, әлде көп жағдайдағы ұзын арқау, кең тұсауға салып жүре беретін ұлтымызға тән ұқыпсыздық па, «неғылар дейсің?» деген немқұрайлығымыз ба, екі сөзге келмей қонақ жайлаудың қамына кірісіп кетеміз және ұйымшылдықпен.
Алланың сынағы, коронавирус пандемиясы қамсыз жүрген халықтың қандай күй кешетінін алақанға салғандай айқындап бергенінен бәріміз де хабардармыз. Әлемдегі жағдайды былай қойғанда, жаз айларындағы жақын-жуық, көрші, дос-жарандарымыздан аты құрығыр індеттің кесірінен айырылғанымыз көрген түстей ұмытылды. Сабақ алу, сақтық шаралары жайына қалды.
«Құдай өзі сақтайды», «бір Құдайға тәуекел» деп қазақшылықты қару қылып жүре береміз. Құдайдың сақтайтыны рас, бірақ сақтансаң ғана сақтайды. Таурат кітабы түскен Мұса ғ.с. пайғамбар бір ауылдың тұсынан өтіп бара жатып түйесінен қарғып түсіп: «Аллаға аманат» деп түйесін қамшымен бір тартып, әлгі ауылға қарай жүре береді. Сол кезде көктен Жаратушының күндей күркіреген зор дауысы естіліп: «Ей, Мұса, алдымен түйеңді тұса, Жаратушы Алла сенің түйеңді бағатын қарауылың емес» депті. Түсінген адамға әрекет түбі ғана берекет, сақтансаң ғана сақтайды деген емес пе? «Алты құлаш наркескеннің алты-ақ қарыс қыны бар, адам сенбес өтіріктің әлдеқандай шыны бар». Аңыз десек те ақылға қонады.
Біздің қазақтың қанына сіңіп қалған қағиданы өзгерту еттен теріні ажыратумен ғана салыстыруға келетін сияқты.
Сонымен, қонақ жайлаудың қамына кірісеміз, шілдеханасына жарамды қой, қонағына ірі қара деген сияқты. Қап-қап ұн, көл-көсір шемішке май, дастарханның үсті тәтті-дәмдіден көз сүрінеді. Үздіксіз келген қонақ, шай, тамақ, шай, тамақ.
Шілдеханасы, қонағы, жетісі, жұмалықтары, қырқы, жүзі, жылдық асы, басын қарайтқанға бір мал шалу, ораза, құрбан айтта мал шалып дастархан жаю, бұлардың арасында алыс-жақыннан көңіл айтып келгендерге дастархан жаю, қысқасы, өзіміздің түсінігімізше Алланың разылығы үшін, өлі аруақты разы ету мақсатында бардың малын шашатын, жоқтың артын ашатын осынша есепсіз шығынға барамыз.
Алыстан келетін қонақты жайлау түсінікті. Ал, ағайын-туыс, жақын-жуық, құда-жегжат, көрші-көлем, дос-жаран, ұжымдастар тағысын тағы жоғарыда аталған өзіміз заңдастырып алған атаулы рәсімдердің баршасында қайғысына ортақтаса отырып ас ішіп, аяқ босатып, азалы отырысқа он қайнаса сорпасы қосылмайтын арқа-жарқа әңгіменің тиегін ағытып тарқасамыз. Бұл жерде мәселе мүлдем рәсімін жасамау туралы емес, шариғатта жоқ әдет-ғұрыптың ауызша заңдастырылып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанында.
Мұсылман атаулыға бағыт-бағдар беретін шариғаттың қайнар көзі Құранда, оған түсіндірме беретін атақты мұсылман ғалымдарының тафсир жазбаларында, Алла елшісі Мұхаммед с.ғ.с.-ның өмірінен, жасаған іс-әрекеттерінен, айтқандарынан құралған суннада, хадистерінде біздің өлі аруаққа жасап жүрген барша рәсімдеріміз – шілдеханасы, жетісі, жұмалықтары, қырқы, жүзі, жылдық асы, тағы басқа толып жатқан барымыздың малын шашқан, жоқтарымыздың артын ашып, «сол рәсімдерді жасамасам өлі аруақ разы болмайды» деп қарызға батырып, титықтатқан әдет-ғұрыптар бар екендігі туралы кім сенімді түрде айта алады?
Діннен аз да болса хабары бар адамдар бұлардың бірде біреуі шариғатта жоқ, керісінше ысырап екенін сенімді түрде айтып бере алады. Егер, мысал ретінде айтатын болсақ, «туған-туысқанға, пақыр-міскінге, ғаріп-жолаушыларға садақа ақысын беріңдер, басқаға босқа шашылмаңдар» дейді Құранның Исіра сүресі 26-аяты. «Олар қаражат жұмсағанда ысырап етпейді, сараңдық та жасамайды, ретімен жұмсайды». (Фурқан сүресі 67-аят). Немесе, «Жаратушы Алла ысырап жасаушылардың жағында емес» делінеді хадисте. Осы тектес ондаған, тіпті жүздеген хадис, аяттардан мысалдар келтіруге болады.
Ширек ғасырдай бұрын Қазалы қаласында бірге жұмыс істеген ұлты орыс жігіттің әйелі қайтыс болды. Ұжым болып оншақты адам көңіл айта бардық. Бөлменің ортасындағы табытты айнала қоршаған жеті-сегіз жақын-жуығы еске алып, көз жастарын сүртіп қойып, ақырын ғана әңгімелесіп отыр.
Бәрінің жүзінде ауыр мұң, қаралы шаңыраққа келгенің бірден байқалады. Аулада да біздегідей қалың нөпір көрінбейді, сол ұлттың жеті-сегіз ер-азаматы, әңгімелері де бәсең, марқұмды аттандырудың төңірегінде ғана. Соншалық алыс емес қала шетіндегі орыс қорымға табытты кезектесіп көтеріп апарды. Жаратушының разылығы үшін біз де жәрдем бердік.
Көп кідірмей дайындап қойған жер қойнына табыстап қайтып оралсақ, шағын ғана жұтаң дастархан жасап қойыпты. Дастархан басындағы ара-тұра марқұмды еске алып отырғаннан басқа өлі тыныштық бәрімізді де үй иелерін тек ет-жақындарымен оңаша қалуға мәжбүрлегендей.
Әрине, менталитетіміз бөлек екені рас, бірақ біздегі мәйітті жер қойнына тапсырудағы қарбаластың тым артықтау екенін мойындауымыз керек. Әсіресе, біздің өңірде. Әсіресе деуіме бір мысал келтіре кетейін. Пандемия басталмай тұрып, өткен жылдың қыркүйегінде Жезқазғанның Сәтбаев елді мекенінде өмір кешіп жатқан немере ағамыз қайтыс болып, уақытында мүмкіндік болмай қырық күндік асына көңіл айта бардым.
Оқыған-тоқығаны мол, біліміне сәйкес қызмет тетігін ұстаған, өнегелі отбасы иесі ағамыздың әр аймақтан келген жолдас-жора, құда-жегжаттары жетерлік болғасын мешіт асханасына жетпіс-сексен адамға қонақасы дастарханы жайылды. Біздегі садақа дастарханынан, біздегі қонақ жайлау үрдісі мен келген қонақтардың садақа дастарханында өздерін ұстау айырмашылығы мені біраз таңырқатты.
Әрқайсына он адам кететін шағын дөңгелек столдың үстінде ішіне қант, өрік-мейіз,талқан, конфет және бауырсақ салынған қол жетімді поднос-тегеш, бір шәугім шай, қасықтар тұрды. Жинақы тұрғасын столдың басқа жері бос. Сәлден соң шағын екі тарелка жілік етімен күріш келді.
Молданың қысқа уағызымен, аят оқуымен және бір ғана азаматтың садақа асына байланысты қысқаша нұсқаулық беріп тұруымен басталған рәсім асхана ішіндегі тыныштық, садақа асында отырғаныңды сезіндіріп, бір жарым-екі сағатта тарқап болды. Басқа өңірлерді қайдам, бірақ орыс ұлты басымдау ол жердегі қандастарымыздың азалы жиынды атқаруы бізге қарағанда әлдеқайда көңілге қонымды да жинақылау көрінді.
Құдай жамандықтың бетін аулақ етіп, әр шаңыраққа тек аманшылығын беріп, жақсылықтарын жақын қылсын дейміз ғой, әйтсе де, өмір бар жерде торқалы той, топырақты қаза бар, жақсылық пен жамандық алмасып отырады. Күн жаманы кетер, алайда, сондай жағдайларда ұлтымызға тән ұнамсыз әдеттерді, тіпті ата-бабаларымыздан ауысып келе жатқан құндылықтарымызды құлдыратуға қаратқан дәстүрдің тозығы саналатын жағымсыз әдет-ғұрыптарымызды «қазақпыз ғой» деп жуып-шая салып жалғастыра бермей, керісінше «қазақпыз ғой» деген сөзді ұлтымызды ұшпаққа шығаратын ұлттық тәрбие,салт-дәстүрдің озығы, өзгелер бізден өнеге алатындай жақсы жақтарымыз арқылы мақтанышпен ғана айтып жүрсек жарасар еді.
Әлімжан ҚИЯС,
Әйтеке би кенті,
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<