Қоғам игілігіне бағытталған құндылықтар дәріптелді

6

0

Қызылордада «Денсаулық сақтау жүйесіндегі жас мамандар: медициналық колледждердің халықаралық диалогы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Медициналық білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған іс-шараға Латвия, Беларусь, Түркия, Өз­бекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тә­жікстан елдерінен медициналық оқу орындары мен ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Өнер орталығында» өткен конфе­ренцияның ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен бірге ҚР ДСМ ғылым және адам ресурстарын дамыту депар­таментінің басқарма басшысы Гүлмира Алмағамбетова, AMANAT партиясы Қызылорда облыстық фи­лиа­лының төр­ағасы Жандос Базартай, Y-PEER өңірлік үйлестірушісі, UNFPA Kazakhstan өкілі Надежда Хе, Білім беру қоры­ның президенті, Global Sapa ха­лық­аралық академиясының құрыл­тайшысы Тілектес Шинчужинова сөз сөйледі.

Медицина саласындағы заманауи технологиялар мен емдеу-диагнос­тикалық әдістердің қарқынды дамуы кәсіби диалогты нығайтуды, білім беру үдерісін жаңғыртуды және халық­аралық тәжірибе алмасуды талап етеді. Осы орайда конференция болашақ медицина мамандарының кәсіби және ғылыми әлеуетін біріктіру арқылы халықаралық ынтымақтастықты ны­ғайту, медициналық білім берудегі инновациялық идеялар мен цифрлық технологияларды ілгерілету, қоғам игілігі үшін мейірімділік пен жауап­кершілік құндылықтарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған.

Жиында сондай-ақ AMANAT партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай филиалдың бастамасымен медициналық бағыт­тағы студенттер мен жас мамандарды тарту арқылы елімізде медициналық еріктілердің бірыңғай ұлттық желісін қалыптастыруды көздейтін AMANAT HEALTH жоба­сын іске асыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

– Жобаның басты ерекшелігі – «Қос деңгейлі тәлімгерлік» моделінің енгізілуі. Бұл ретте партияның «Жас­тар рухы» жастар қанаты ұйым­дас­тырушылық және инфра­құры­лымдық қолдау көрсетсе, медициналық оқу орындары еріктілерді кәсіби даярлау мен әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асырады. Нәтижесінде біз еріктілер қатарын көбейтіп ғана қоймай, тәжіри­белі, жауапкершілігі жоғары жас маман­дардың жаңа буынын қалып­тастыруға мүмкіндік аламыз. Кон­ференция аясында партия­ның жастар қанаты мен  Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі арасында екіжақты мемо­ран­думға қол қою жоспарланып отыр, – деді ол.

Салтанатты шара концерттік бағдар­ламаға, Қызылорда меди­цина­лық жоғары колледжі базасымен танысуға және  «Сыр жұл­дыздары» шығармашылық академиясындағы секция­­­лық семинар-тренингке ұласты.

Семинар-тренингте студенттер «Көшбасшылық», «Еріктілер», «Бола­шақта сапалы медициналық көмектің негізі ретінде студенттік ғылым мен практикалық даярлық», «Қазақстанның цифрлық медици­насы»: Ақпараттық жүйелер мен АИ-шешімдердің инте­грациясы» бағыты бойынша тәжірибе алмасты.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»