«Қошқар туды» деп жазғаннан мемлекетке қандай зиян келді?

883

0

Бұл ертеректе болған, Әскербек Рақымбековтен естіген әңгіменің бірі еді. Бұрынғы Тереңөзек аудандық газетінің тілшісі Сұлтан Қожаниязов бір ай бұрын іссапарға шыққанда жиналған деректерін сұрыптап, қой төлдетіп жатқан шопанның еңбегін мақала етіп суреттеп жариялайды.

Қырсық болғанда мақала газетке жарияланған күні әлгі шопан бірыңғай қошқар бағатын отарға ауысқан екен. Сұлтекеңнің ауданда орын алған кем-кетікті түртіп отыратын әдетін білетін аудан басшылары бұл «қателікті» өз мақсаттарына пайдалана қойғысы келеді. Тіпті ол бірінші хатшының пленум баяндамасына ілігіп, «міне, біздің журналистер қошқар төлдетуге шықты» деп мазақ етеді. Онымен қоймай мәселесі бюрода қаралып, тағдыры қыл үсінде тұрған Сұлтекең өзіне «соңғы сөз» сұрайды.

– Қайсыбір жылы, – дейді Сұлтекең маңдайын сүртіп, – аудандық тұтынушылар одағының қоймасы өртеніп кетті. Мемлекетке пәленбай шығын келді. Төраға сотталмай аман-есен арамызда жүр. Одан кейін пәлен совхоздың пәлен сиыры батпаққа батып, ұйығып өлді. Совхоз директоры дін аман. Сонда журналистің «қошқар туды» деп жазғанынан мемлекетке қандай шығын келді?

Бюрода отырғандар бірінші хатшыдан бастап тым-тырыс үнсіз қалған. Ақыр соңында бірінші хатшы: «Саған дауа жоқ екен, боссың, кете бер!» – депті.

Журналист ағайынның тағдырында осындай-осындай жағдайлар бола береді. Бүгінгі кәсіби мереке күні осы оқиға есіме түсіп, қалың жұртшылыққа жеткізуді жөн көрдім.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<