Заң үстемдігі –заман талабы

207

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында «Полицияның халық санасындағы образы – ол мемлекеттің күштік құралы» деген ойдан арылып, шын мәнінде халыққа шынайы қызмет көрсететін, сервистік модельге көше отырып, азаматтардың қауіпсіздігі мен конституциялық құқығын қамтамасыз ететін органға айналуы қажет» деді. Ішкі істер министрлігі басшылығы жыл соңына дейін Әкімшілік полиция комитетінің кейбір құрылымдарын заман талабына сай қайта құру іс-шараларын жүйелендіру жұмысына кірісіп кетті.


«Полиция – бұл халық, халық деге­німіз – полиция». Басшылықтың бұл ұс­танымы тек жалынды сөздер мен ұрандар ғана емес, шын мәнін­де тыныштық сақшыларының жұмы­сын бұқара халыққа жақындату. Тұрғындардың толық қолдауына сүйене отырып, жаңа модельге көшуге деген талпынысын, заң үстемдігі орнаған құқықтық мемлекет болу үшін қоғам болып қолдауға мүдделілік танытуымыз қажет.


Құқық қорғау органдарының жүйесіне түбегейлі реформа жасау – бұл заман талабы. Қазақстан полициясының құқық тәртібін қамтамасыз етудегі, азаматтардың конституциялық құқығын қорғаудағы, қылмыстық әрекеттердің алдын алу мен орын алған қылмыстарды әшкерелей отырып, анықтау, тергеу әрекеттері арқылы дәлелдеп, күдіктілерді сот органдары тиісті заңды шара көру үшін Жолдаудағы жұмыстарын, сондай-ақ, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ерен еңбектерін ешкім жоққа шығара алмайды.

Әсіресе тыныштық күзетінде тапжылмай, өз уақытымен санаспай, бар күш-жігерін, білімін, тәжірибесін, керек болса, денсаулығы мен өмірін сарп ете отырып, қабылдаған қызметтік антына адал қаншама қатардағы полиция қызметкерлерінің арқасында еліміздегі қоғамдық қауіпсіздік өз дәрежесінде сақталып отырғандығы баршамызға аян. Полиция қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегі мен ерлігі өз қызметтік міндеттеріне деген адалдығы бүкіл әлемді COVID-19 инфекциясы жайлап, Төтенше жағдай жарияланған тұста да көрінді. Індетпен күресте жанға араша болған дәрігерлермен қатар, әскерилер, еріктілер және полиция қызметкерлері ең алдыңғы сапта болып, халықтың шынайы ризашылығына бөлене от
ырып, полицияның оң имиджінің қалыптасуына үлкен үлес қосты.

Мемлекет басшысы бұл індеттің әлі де болса қауіпті екендігін және қауіпсіздік шараларын карантиндік режимде жалғастыра беру керектігін баса айта отыр. Құқық қорғау органдарына басқа да құзырлы мемлекеттік орындар мен үкіметтік емес ұйымдар, еріктілермен тығыз байланыс орната отырып, індетті жоюдағы жүйелі іс-шараларды жалғастыруды қатаң тапсырды.


Халқымызда «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген нақыл бар. Полиция қызметі саласында әртүрлі қылмыстық әрекеттерге барып, қоғамға жат қылықтарға жол беру деректері әлі де бар. Бұл ащы да болса шындық. Кейбір қызметкерлер тарапынан бірен-саран орын алған заңсыз әрекеттер қоғам тыныштығы үшін барлық күш-жігерін сарп етіп жүрген полиция қызметкерлерінің оң имиджіне кері әсерін тигізетіні белгілі.

Ішкі істер министрлігінің барлық деңгейдегі басшы қызметкерлері мен өзіндік қауіпсіздік қызметі өз қатарындағы қолы, ары таза емес қылмыс пен тәртіп бұзушылыққа бейім қызметкерлерден арылуға бағытталған жүйелі іс-шараларды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет салаларымен бірлесе отырып жүргізуде. Өз қызметінде қылмыстық әрекеттерге жол берген азаматтар жөнінде ақпараттарды барлық бұқаралық ақпараттық құралдары мен әлеуметтік желілерде ашық түрде жария­лауы министрліктің кадр саясатындағы ашықтығын, халықпен тығыз байланыс­та екендігін білдіреді.


Ел аузында «Ет бұзылса, тұз себеді, тұз бұзылса, не себеді?» деген ұғым бар. Халықтың өз өмірін, тыныштығын, құқығын қорғайтын ең ірі мемлекеттік құрылымның жұмысына сын көзбен қарауы, ол жүйеде орын алған әрбір келеңсіз жағдайдың тұрғындар арасында үлкен резонанс туғызатындығы және теріс пікір қалыптастыратындығы – заңды құбылыс. Сондықтан да бұл жүйеге халықтың көңілінен шығатын, тұрғындар мен қоғамның барлық азаматтық институттарымен тікелей байланыста бола отырып, жайлы да қауіпсіз қоғам қалыптастыруға мүдделі құрылым керектігі – заман талабы.


Мемлекет басшысының Жолдауында «Бүкіл прогрессивті әлемде полиция институты сервистік модель негізінде дамуда. Біз, сондай-ақ, осындай модельге көшу туралы мәлімдедік, бірақ әзірге жұмыс тек фрагменттік нәтижелерге әкелді. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңды түрде арттырып, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін барлық мүмкіндіктерді ұсыну қажет. Ол азаматтар үшін танымал, қолжетімді, беделді болуға, олардың құқықтарын белсенді қорғауға тиіс. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін адамдармен ашық диалог жүргізуге үйрету маңызды. Бұл бағыт кадрларды даярлау және іріктеу жүйесінде басым бағыт болуға тиіс» – деп көрсете отырып, тиісті тапсырмалар жүктеді.


Премьер-министр А.Маминге Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғанбаевтың жолдаған қызметтік хатында Әкімшілік полиция комитетінің саласын түбегейлі қайта құруға ешқандай қосымша бюджеттік қаржының қажеті жоқ екендігін көрсеткен. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған іс-шаралардың мәтіні әлеуметтік желілерде жарияланды. Бұл дегеніміз Ішкі істер министрлігінің түбегейлі реформалық өзгерістерге және қоғам тыныштығын қамтамасыз етуде халық үнін тыңдауға мүдделі екендігін көрсетіп отыр.


Осы орайда, Ішкі істер орган­дарын­дағы 30 жылдан аса қызметтік тәжірибеме сүйеніп, төмендегідей ұсы­ныс­тарымды білдіруді жөн деп санадым:


– Ішкі істер министрлігінің жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету са­ла­сындағы профилактикалық іс-ша­раларды ұйымдастыру, үйлестіру және бақылауға тиісті дербес департамент немесе басқарма құру жөніндегі бас­тамасы өте құптарлық. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында меншік иесіне қарамастан, барлық транспорт құралдарының техникалық жағдайы жіті бақылануы керек.

Әсіресе жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустар, inDriver жүйесі, такси қызметі, балалар мен оқушылар тасымалымен айналысатын, вахталық және шетелдік еңбек мигранттарының тасымалымен айналысатын көліктердің техникалық жағдайын бақылау маңызды.

Жол жүру қозғалысын ұйымдастыруда қалалар мен елді мекендерде заманауи цифрлық озық технологиялар мен автоматты қондырғыларды енгізуді жоспарлау, ұйымдастыру, магистральді автомобиль жолдары мен қала көшелерінің сапасы мен жол белгілері, жолақ сызықтарының басқа да жол қозғалысының қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге бағытталған техникалық қондырғылар мен өлшеуіш құралдарын енгізуге байланысты нормативті құжаттарды дайындай отырып, тиісті жол-коммуналдық шаруашылықтармен, құзырлы органдармен бірлесе отырып, үйлестіретін құрылым болуы тиіс.

Сондай-ақ, жол жүру ережесін жас ұрпаққа балабақша, мектеп қабырғасында тереңдетіп оқып-үйретіп, жасөспірімдерді қара­пайым ереже сақтау арқылы өз өмірі мен денсаулығын сақтай отырып, құқықтық мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Сондықтан да жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекеттік бақылау жасаудың ролі өте жоғары;


– Қазір экология мен қоршаған ортаны қорғау – өте өзекті мәселе. Коронавирус індетінің өршуі, құс тұмауы, басқа да жұқпалы індеттердің таралу қаупі, халықтың қарапайым сақтық шараларын сақтамауы, карантиндік режим талаптарын қамтамасыз ететін экология, жойылып бара жатқан жануарлар дүниесі мен табиғатты қорғау, елді мекендер мен қалаларда санитарлық жағдайларға бақылау жасайтын Әкімшілік полиция комитеті құрамында дербес құрылым болуы шарт деп есептейміз;


– Ішкі істер министрлігі еліміздегі саяси-қоғамдық ахуалға үнемі мониторинг жасай отырып, қоғамның тыныс-тіршілігін, азаматтардың сұраныс-талаптарын, наразылықтың туындау себептерін анықтайды. Тиісті құзырлы органдарды алдын ала ақпараттандыру, азаматтық-қоғамдық институттар мен қоғам белсенділерін қатыстыра отырып, шиеленіс ошақтарын залалсыздандыру, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде үнемі мониторинг жасай отырып, мемлекеттік құрылымға және қоғамға жат арандатушылық, жалған ақпараттар тарататын тұлғаларды анықтап, тиісті құзырлы органдармен бірлесе отырып, шара көретін дербес құрылым болуы тиіс.

Жергілікті полиция департаменттерінде баспасөз қызметінің жұмысын жандандыру мақсатында осы бөлімдердегі қызметкерлерді қайта аттестатциялаудан өткізіп, офицерлік лауазымдарға тағайындау арқылы халыққа қылмыстық ахуал мен оқиғалар жөнінде тәулік бойы шұғыл ресми ақпараттандыру, тұрғындар арасында жалған ақпараттардың таралуына жол бермеу және полиция қызметкерлерінің шұғыл әрекеттері жөнінде қылмыс орын алған аумақтан және оқыс оқиға орындарынан тікелей репортаждар жүргізу тәртіп сақшыларының оң имиджін қалыптастыруда шешуші роль атқарады.


Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бастамасы бұл – шын мәнінде, әділетті мемлекет құру тұжырымдамасы. Ішкі істер органдарының қызмет салаларындағы реформалық өзгерістерінің талаптарына сай келеді. Заң үстемдігі орныққан жағдайда ғана азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік беріле отырып, Тәуелсіз мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа сатысына шығатыны сөзсіз.

Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ,


Қызылорда қаласы әкімінің кеңесшісі, ҚР Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері,


запастағы полиция полковнигі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз