Жолдау және ел мүддесі

660

0

Қазақстан Президенті кезекті Жолдауын жариялады. Ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарғандықтан, мен үшін жыл сайын қордаланып келе жатқан оның өзекті мәселелері толғандырады. Кезекті Жолдауды тікелей эфирден көріп, барлық мәселені егжей-тегжейлі мұқият зерделеп, ой елегінен өткіздім.

Президенттің әсіресе жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету туралы әкімдерге берген тапсырмасы бүгінгі күннің өзекті тақырыбы болып табылады.

Мемлекет басшысы мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүргенін, осындай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алғанын, жергілікті әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, аталған мәселені шеше алмай отырғанын сынға алды. Президенттің пайымдауынша, үкімет құзырлы органдармен бірлесіп осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға міндетті. Меніңше, аталған мәселенің нақты қозғалысқа енгені қуантады.

Агроөнеркәсіп кешенінде қалып­тасқан жағдай көбіне-көп біздің тұтыну нарығындағы орын алған бағамен тікелей байланысты. Соңғы уақытта бүкіл әлемде инфляция ышқынып, баға қымбаттады. Оны тежеу шаралары бойынша қазір көптеген елде бақылау-тексеру жұмыстары кең қанат жая бастады. Бұл бағытта президент тауар өндірушілердің баға тұрақтылығын сақтау үшін оларға арналған бірыңғай бақылаудың керектігін атап көрсетті. Баға өскенде оларға талдау жасап, тиісті шаралар қабылдау үшін әртүрлі бағытта жұмыс жүргізіледі. Ақырында олар нақты нәтижеге жеткізбейді. Мемлекет басшысы алдымен бағаның өсуін тежеу үшін көтерме үйлестіру желісін құрудың маңыздылығы туралы айтты. Қазір бұл мәселеге бірнеше орган жауапты. Олар бір-біріне сілтейді. Бағаны реттеу үшін үкімет бір айдың ішінде шешім қабылдауға тиіс екенін мәлімдеген президент тұтыну нарығындағы күрделі де өзекті мәселені шешудің нүктесін қойды.

Жалпы, Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы кезеңнің жүгін көтеретін келелі  мәселелерге толы. Әрбір сала сұрыптаудан өтіп, қайткен күнде елдің әл-ауқатын жақсарту көзделген. Бұл – біздің дамуымыз.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер

кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<