«Абайдың ән әлемі»

428

0

Облыстық филармонияның ұйымдастыруымен «Абайдың ән әлемі» атты өнер керуені өңірдің ауыл аймақтарында түрлі шаралар өткізді. Соның бірі – Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатында болған лекция концерт көптің көңілін серпілтті. Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, қазақ халқының ұлы ақыны  Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және Қазақстан халықтары Ассамблеясының 25 жылдығы аясында өнер көрсетуге шыққан филармония ұжымы ауыл халқын әуелеген ән-жырға бөледі. Онда «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Ү.Медеуова, «Тұран» триосы мен «Томирис» би ансамблі өнер көрсетті. Ал Ә.Қуаңбаев, Б.Төлебаев жырдан шашу шашты.
Өнер керуені мұнан кейін Сырдария ауданының Айдарлы , Баймұрат батыр  ауылдарында  болып, жергілікті жердің тұрғындарын өлең-жырмен сусындатты. Ү.Медеуова бастаған филармония өнерпаздары көпшіліктің алғысын алды.
Әншілер қауымы Абай ауылына да ат басын тіреді. Онда «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі және жеке орындаушылар концерттік бағдарлама берді. Ақын Абайдың «Көзімнің қарасы, «Айттым сәлем Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» әндері сахна төрінде шырқалғанда көрермен де бірге ән салды. Жырау Әділхан Қуаңбаев «Абайға арнау» толғауын алғаш рет көрермен назарына ұсынды.
 Концертте №138 Абай атындағы орта мектептің көркемсөз оқу шеберлері үш тілде Абай өлеңдерін жатқа айтты. Балғындардың талабына сүйсінген үлкендер батасын беріп, қошеметін аямады.
Жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламалары алдағы уақытта аймақтың өзге ауылдарында жалғасын табады.

Жанболат ӨМІРЗАҚ,

 ҚМУ 1-курс студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<