Конституция

Жыр үзігін жалғаған

6

0

Сыр өлкесінде сүлейлер мұрасының орны бөлек. Ең әуелі баба Қорқыттан бастау алатын ұлттық сарын шайырлар шығармашылығына ұласып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. ХІХ ғасырдың басында Қармақшы топырағында өмірге келген Сәрсенбай жыраудың мол мұрасын, ізін немересі Майра жалғап келеді.

Иә, бір ғана ауылында жүз жырау өмірге келген қасиетті Қармақшы топырағында туып-өсіп, оның үстіне, ата тегінен жалғасқан жыршылық өнер бойына қонған бүлдіршін қыз ауыл мектебінде жүріп-ақ, талантымен танылды. Сәрсенбай атасының мақамына салып, әуелете шырқағанда үлкен-кіші тәнті болатын. Ашық әрі қуатты, көмейден құйыла шығатын күмістей таза үні күмбірлеген домбырамен қосылғанда тіпті ерекше естіледі.

Қармақшы ауданында Көшеней Рүстембекұлы атындағы Жыраулар үйі және Әуез мектебі жанында Сәрсенбай жырау атындағы жыр сыныбы бар. Өнер ошағынан бүгінге дейін жүздеген талант түлеп ұшып, өмірден өз жолын тапты. Жас талант Майраның шығармашылығын шыңдап, бекзат өнерге баулыған әйгілі жыраулар Алмас Алматов, Жұмабек Аққұлов сынды ұстаздары оның келешегінен көп үміт күтетін. Шынында, талабы таудай қағылез қыздың бойынан ата-баба тәлімімен жеткен адалдық, қарапайымдылықпен қатар, қайсарлық пен табандылық та танылып тұратын.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын белгілі фототілші Болат Омарәлиев ағамыз әлеуметтік желі бетінде қолына домбыра ұстаған нәзік қыздың суретін  жариялады. (Ол кезде Болат ағамыз өмірде бар.)

 Іле-шала бұл суретке танымал қаламгер Бауыржан Омарұлы былайша суреттеме жазды: «Ақ бантик таққан сегіз-тоғыз жастағы жыршы қыз айналасындағының бәрін ұмытқан. Өзі сахнада отырғанымен, көзі өзге әлемде. Киелі өнердің әсерлі әуеніне берілген. Бала болса да, бірталай жерге терең бойлап кеткен сыңайлы. Қабағы сәл түйіліп, қасы керіліп, жұқалтаң танауы желп-желп етеді. Сүйріктей саусақтары тоғыз пернені қуалап, дамылсыз жорғалайды. Түр-әлпеті баланыкі болғанмен, қимылы мен қозғалысы, машығы мен мәнері кәнігі жыраудың кейпін танытады. Тұрымтайдай ғана текті перзент өзін еркін ұстайды, Қармақшының мың құбылған мақамына салып, ортекедей ойнайды. Текті перзент дейтініміз, ол – Сыр елінің жұрты төбесіне көтере дәріптеген әйгілі Сәрсенбай жыраудың көген алмай, өлең алған, болмысы бөлек немересі»

Иә, айтса айтқандай, халықтық өнерді қадір тұтып, жастайынан сүлейлер шығармашылығымен сусындап өскен Майра дәстүрлі ән-жырға көбірек көңіл бөліп, осы бағытта кәсіби білім алуға ден қойды. Кәсіби дегеніміз, қайбір салада қызмет ету үшін арнайы құжаттың болуы, әйтпесе, әнші Майраның талантына ешкімнің таласы жоқ. Осылайша ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Халық әні» кафедрасында оқып, жоғары білім алды.

Бүгінде оның жыр қорында Сыр сүлейлерінің терме-толғауларымен бірге «Абылайхан» тарихи дастаны,  «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры, Сәрсенбай жыраудың «Жүсіп-Ахмет», «Мұңсыз хан» дастандары, «Алпамыс батыр», «Айман-Шолпан» жыр-дастаны, өз шығармашылығынан туған «Отырардың күйреуі» дастаны бар.

Жылдар өте талантын біліммен ұштастырып, тәжірибесі толысқан Майра Алшынбекқызы қазір аталған университетте аға оқытушы, сонымен бірге, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығында «Дәстүрлі өнер» бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Көп жылдан бері салада еңбек ете жүріп, жыршы-термешілік өнерге шәкірт тәрбиелеп келеді.

Дәстүрлі өнер иесі Майра Сәрсенбаеваның бұл салада жүргеніне отыз жылға жуықтады. Содан бері қаншама облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі жыршы-жыраулар байқауына, фестивальдарға қатысып, жүлдегер атанды. Айталық, 1999-2001 жылдары Қорқыт мұрасын насихаттауға арналған халықаралық жыршы-термешілер байқауында І орын, халықаралық «Ғасырлар үні» жыраулар конкурсында ІІ орын, Тәуелсіздік және Достық жылына арналған «Ғасыр-Дастан» атты облыстық жыраулар конкурсында бас жүлде иеленді.

Бұдан бөлек, Венгрияда өткен Қазақстанның мәдениет және өнер күндерінде, қырғыз елінің Бішкек қаласында өткен І халықаралық эпос жырлаушылардың фестивалінде өнер көрсетті. Сыр сүлейлерінің жалғасы, белгілі жырау Көшеней Рүстембековтің 60 жылдығына орай ұйымдастырылған  республикалық жыраулар сайысында І орынды жеңіп алды.

2006-2014 жылдары Қызылорда қаласында өткен түркітілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты өнер фестивалінде,   2007 жылы Ұлыбританиядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің арнайы шақыртуымен Лондонда өткен Қазақстанның мәдениет және өнер күндеріне қатысып, өнер көрсетті. Ал EXPO-2017 Халықаралық көрмесі аясында Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған республикалық жыршы-термешілер конкурсында Қазыбек би атындағы бас жүлде иегері атанған. Сондай-ақ Сыр сүлейлерінің көрнекті өкілдері Сәрсенбай Бөртебайұлы, Тұрмағанбет Ізтілеуұлы, Шораяқтың Омары,  халық ақыны Манап Көкенов, қармақшылық майдангер ақын Әлімбай Әлиасқаровтың  атында ұйымдастырылған жыр байқауларында жеңімпаз атанды.

Дәстүрлі өнерді дамытуға арналған «Жыр-керуен», «Сыр сүлейін сұрасаң», «Текті сөздің төресі – терме» тақырыптары аясында ұйымдастырылған байқауларға белсене қатысып, халықтық өнердің кең қанат жайып, үздіксіз насихатталуына зор үлес қосып келеді.

Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жыршы, ұстаз Майра Сәрсенбаева өзіне артылған қастерлі аманат – сүлейлер сарынын бүгінге жалғай отырып, келер ұрпақ шығармашылығына ұластыра білген ұстаз.

Жақында өткен Мәдениет қызметкерлерінің мерекесінде облыс әкімінің дәстүрлі «Тұран» сыйлығын иеленді. Бұл да өнер өкілінің еңбегіне берілген өте лайықты баға деп білеміз.

Ғазиза ӘБІЛДА, 

«Сыр бойы»