Ән құдіреті

1539

0

Өнер дегеніміз өмірдің өзі. Титтей кезінен музыка үніне құлағын тосып, оның құдіретін жүрегінен өткізе білетін қабілет дарыған қаршадай қыз домбыра шертетіні бар ағасының қасынан қалмай жүріп осы аспапты үйреніп алыпты.

Құлындай даусына қоңырлап шығатын домбыраның үні қосылған соң көңілге кәдімгідей шабыт қонып, өнерге біртабан жақындай түскен сыңайлы. Мектепті бітірген соң музыкалық оқу орнына баруына ата-анасы да қарсы болмапты.

1998 жылы Жаңақорған ауданы, Байкенже ауылындағы №193 орта мектебін тәмамдаған жас Қазанғап атындағы музыкалық колледжге оқуға қабылданды. Оқу орнын 2002 жылы бітіріп, туған ауылындағы мектепке музыка пәні мұғалімі болып орналасады. 2012 жылдан бастап аудан орталығындағы Әлшекей атындағы өнер мектебінде эстрадалық вокал сыныбының мұғалімі болып жұмыс істеп келеді.

Жаңақорған жұртшылығына әнші ретінде танымал Құралай балғын кезінен «Әнші балапан», «Жас қанат» байқауларында бағын сынап, үлкен өнерге талпынған талабымен сүйсіндіргені көңіліміздің бір түкпірінде тұр.

Есейе келе, қазақтың халық әндерін орындауға деген ерекше жан құштарлығын ұштай түскен Құралай өзінің салмақты мінезімен астасқан биік тембрлі даусымен «Алқоңыр», «Гауһартас», «Қызыл бидай» сынды әуендерді әуелеткенде бойына керемет қуат құйылып, жан дүниесінің құлпырып кететінін аңдады. Сөйт­сек, ғасыр өтсін мейлі, жүректен туған саз табиғатына тұнған мөлдір мұң, ақық арман, алапат сезімді арқалап әлемді кезіп өтіп, үкілі үмітімен үндес тапқан әлдекімнің жүрегінен жайлы қоныс табады да, ғұмырын одан әрі жалғай береді екен.

– Қазақтың даласы қандай кең болса, әндері де сондай кең тынысты. Бұл – өзге көп халықта жоқ ерекшелік. Өз әніміздің осындай ғажайып табиғатын келе­шек жүрегіне орнықтыру – асыл міндет, – дейді ол бізбен әңгіме­сінде. Сондықтан ба, өзім ғана емес, шәкірттерімді де осы бағытқа тәрбиелеуге күш салып келемін. Оқушыларым жылына, кем дегенде, 3-4 конкурсқа қатысып, нақ осы қазақтың халық әндерінен бағын сынап келеді. Кеше ғана онлайн форматта АҚШ-та ұйымдастырылған «Жаңа жыл» ән байқауында  шәкіртім Бөрібай Бекарыс «Ақсиса» әнімен жүлделі орынға ие болды. Бұдан бұрын ол Украинада өткен байқауда Бас жүлде алған. Бұл ән Белоруссьте өткен конкурста 3-орынға ие болған еді. Былтыр тағы бір шәкіртім Сұлтанмахмұт Төлешов Түркияда өткен ән байқауына қатысып, «Дайдидау» әнімен жүлде алып қайтқан болатын. Бұл оқушыларымның барлығы «Асыл мұра – ғұмырдария» жобасы аясында әлемдік аренада танылды.

Шәкірттерімнің ішінде  Жанболатқызы Жәния және Абылай Сұлтан өнер жолын жалғап, бірі Қазанғап атындағы колледжде оқып жатса, бірі мамандығы бойынша өнер мектебінде фортепианодан сабақ береді. Тоғжан Нартай деген оқушым Алматыдағы Чайковский атындағы колледжде оқиды. Есқабылов Нұрсұлтан деген керемет оқушым болды, алғаш «Гәкку» әнімен шықты. Қазір ол да арнайы музыкалық білімін жалғап отыр, – дейді ол.

Осы орайда талантты қызымыз Құралайдың өз ұстаздарына тоқталсақ, мектепте жүргенінде талабын ұштаған көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болған Юсупова Ақтұйғын апа­йының орны бөлек. Содан соң ауыл клубының меңгерушісі, туған апасы Әлиева Базаркүлдің тәлім-тәрбиесі – өз алдына бір мектеп.

Бүгінде өзі де шәкірт тәрбиелеген ұстаз Құралай ­Әлиева туралы әріптесі Айгүл Өтегенованың пікіріне ден қоялық: «Құралайдың ауылдағы мектепте ұстаздық етіп жүрген жерінен талантына тәнті болғандығымнан өзім қызмет жасайтын Әлшекей атындағы өнер мектебінің басшысы Қалдыбай Қошқарбайға ұсыныс жасап, ұжымымызға тартқан едік. Құралай үмітті ақтады. Ол осы кезге дейін өзін шын өнер жанашыры ретінде танытып келеді. Табиғи таланты бір басқа, әділдікті сүйетін, турасын айтатын,  шынайы мінез иесінің кәсібіне адалдығы оның белгілі мақсатқа қол арта алуына даңғыл жол ашып беріп отыр. Биік өнер тазалықты сүйеді. Өз-өзіне талап қоя білетін, арманы асқақ Құралайдың шығар биігі әлі алда деп сенемін», – дейді ол.

Өнер өлкесінде Құралай ­Әлиеваның ­өзінің жеткен жетіс­тіктері де көп. Ол жақында ғана өткен Нағызхан Жаманбаев атындағы онлайн байқауда 1-орынды алып, әріптестерін тағы да мойындатты. Қазірде ол өнер мектебіндегі әріптесі Шәрбану Жиенбаевамен бірлесіп балалар хорын жасақтап, түрлі концерттерге шығарып жүр.

Ол – отбасында аяулы ана. Әйел жаны мың бұраулы. Оны қолындағы тоғыз пернелі домбырасының толғауы да жеткізе алмайды. Бір бойында қаншама қасиет тұнған қаракөз бар арман-аңсары, үміт-тілегімен сол өзі жаққан оттың басын көңілінің күйімен күншуаққа айналдыру қамында қажымай-талмай еңбектенуді ғана мұрат тұтқан сыңайлы.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<