Әжелер салған ән қандай?!

1316

0

Бүгінде қала, аудандардағы мәдениет үйлерінде әжелер ансамбльдері бар. Олар ұлттық музыканы дәріптеушілер, есті әндерді келер ұрпаққа жет­кізетін насихатшылар іспетті. Мәні мен мағынасы терең, ескі әндер ұмытылып қалмай, сахнада шырқалуына септігін тигізіп келеді.

Тасбөгет кентінде орна­ласқан С.Майқанова атын­­дағы мәдениет үйі жа­нын­дағы «Бастаңғы» ана­лар ан­самблі 1989 жылы құ­рыл­ған. Ансамбльдің ат­қар­­ған істері ауқымды. Бірнеше шығармашылық концерт бе­ріп, көпшіліктің көзайымына айналған. Ән мен күйді құ­діретіндей құрмет­тейтін ха­лықтан оң бағасын алып, ықыласына бөленіп келеді.   Талантымен таңдай қақ­­тырған, үнінің сыңғыры бұзылмаған әжелер халық әндерін жатқа біледі, тарихына қанық.

Өнердің берекесін арттырып жүрген батыр аналардан құ­ралған ансамбль мүшелерінің ең жасы  алпыстың ауылына ат басын бұрса, үлкені сексеннің сеңгіріне шыққан. Ұжым өт­кен жылы 30 жылдық мерей­тойына орай шығармашылық концертін берді.

Репертуарында халық ән­дерінің ескі нұсқалары да жинақталған. Халық әні­нен өзге Ш.Қалдаяқов, ­Е.Бел­ғозиев, Ә.Еспанов, Базар жырау термелері, өзбек, орыс, татар, қырғыз әндері бар. Аналар ансамбліне мәдениет үйінен арнайы бөлме беріліп, техникалық құрал-жаб­дық­тармен қам­та­ма­сыз етілген. Өнер ұжым­дары ара­сында өзіндік орнын қалып­­тас­тырған ансамбль түр­лі байқауларға қатысып, жүл­­­дегер болды. Қалалық «Дәс­­түрімнің бал қаймағы – әже­лер» атты байқауға, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпқа байланысты ұйым­дас­тырылған  сайыстарға, фес­тивальдарға қа­тысып, марапат төрінен көрінуде.  Өнер ұжы­мының әр мүшесі – жан-жақты, талантты. «Мәдени мұра» бағ­­дар­ламасы аясында өткен бай­қауда ансамбль мүшесі Ш.Көрпешова бас жүлдені олжалады. Алматы қаласында өткен республикалық өнер байқауына қатысып, түрлі номинацияны иеленді.

– Ұжымдағы әжелердің бәрі де өнерлі. Қазір ан­сам­бль­дің құрамында 11 әже өнер көрсетеді. Ұлттық салт-дәстүрімізді кейінгі буынға насихаттауға бағытталған ша­раларда білген-түйгендерін үй­ретіп келеді. Қоғамдық шараларда да белсенді. Нау­рыз мерекесінде «Наурыз көженің» дайындалу әдісін, мерекеде жасалатын жөн-жоралғылар, ырымдарды көр­сетеді. Әр дәстүрдің маңызын түсіндіреді. Батырлар жыры мен аңыз әңгімелер сайысына қатысып, орын алды. Мұнан өзге қайырымдылық шараларына атсалысады. Біздің бас­ты мақсат – ұмытылып бара жатқан халық әндерін қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде көрсету, ұлттық өнерді ұлықтау, – дейді ансамбльдің  жетекшісі Захира Сүндетова.

Әжелер әрбір әннің иірім­дері мен нақыштарына терең бойлап, орындайды. «Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей олар әнді тыңдарманға талмай жеткізуге, әсем әсерге бөлеуге тырысады. Дені – көпбалалы, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ардақты аналар, немере сүйіп отырған сүйікті әжелер. Әнші әжелер қала маңындағы ауылдар мен аудан орталықтарын түгел аралап, концерт беріп, табысты оралып жүр.

С.ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<