Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақовтың кітабы таныстырылды

372

0

Бүгін Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақовтың «Сөз менеджменті» кітабының таныстырылымы өтті.«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қолдауымен өткен шараға облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, мәдениет, өнер саласының өкілдері, ардагерлер мен жастар қатысты.

Ақынның 20000 данамен жарыққа шыққан төл туындысы «Сөйлеуге дейін, сөйлеу барысы, сөйлеп болғаннан кейінгі аудиториямен жұмыс» атты 3 бөлімнен тұрады. Автордың айтуынша, аталмыш әдістемелік құрал ел алдында іркілмей сөйлеу, ой орамдарын ашық айта алу және сөзіңді түсінікті жеткізуге үйретеді.

– Аудиторияға қажет дүниені біреудің көңіліне тимейтіндей, түсініспеушілік тумайтындай және елдің алдында еңсе түспейтіндей айтып жеткізу де өнер. Өзі адам баласына ойлану тән болса, оны сүбелі көркем тілмен жеткізу өнердің шыңы. Шыны керек, қазір заманның дамуына қарай адамның ойлауы, сөз саптауы, түсінігі өзгерді. Біз бұл туындыны осы уақытқа ыңғайлап шығардық. Мұның ішінде халықпен тығыз байланыс жасайтын тұлғалар үшін барлық сөйлесу және өзін дұрыс ұстау туралы дүниелер толық қамтылған. Сондықтан бұл қоғамға қажет уақытта дүниеге келген туынды деп ойлаймын, – деді Жандарбек Бұлғақов.

Шара соңында оқырмандар автордың кітабына қол таңбасын қойдырып, естелік суретке түсті.Айта кетейік, алдағы уақытта «Nur Otan» партияcы тарапынан шешендік қабілетті шыңдауға бағытталған туындының негізінде жергілікті мәслихат депутаттары мен жастарды оқыту жоспарланып отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз